Қазақ футбол жанашырлары мен футболға түк қатысы жоқтардың да көкейінен кетпейтін сұрақ: Қазақ футболы неге дамымайды? Елімізде футбол бір ғасыр бұрын пайда болса да ауыз толтырып айтатын жетістікке жетер емеспіз. Жеңістің не екенін ұмытқандаймыз... Оған не себеп? Бүгін Meta-ratings.kz тілшісі Жақып Марғұлан санамызда сан жылдар бойы сайрап келе жатқан сұраққа жауап іздеп көрді.
Сонау 1913 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Ахметсәлім Кәрімов бастаған «Ярыш» клубы қазақ футболының бастауы болып саналады. Одан бері табаны күректей 108 жыл уақыт өтсе де ел футболы батпаққа батқан көліктей бір орында тұр. Әлемдік рейтингте бір орын жоғарыласақ, екі саты төмендейміз. 100 мықтының қатарына қосыла алмай жүргенде үздік ондыққа кіру жайлы айтудың өзі ұят.
Ұлттық құрамамыздың жеңіліске еті үйренгендей. «Бәрібір жеңілеміз ғой, әйтеуір алаңға шығып, 90 минут ойнап берсек болды» деп шығатындай. Күні кеше, яғни 4 маусым күні Солтүстік Македония құрамасынан жауапсыз төрт гол жіберіп, оңбай ұтылдық. Осылайша соңғы тоғыз ойын бойы жеңістің не екенін білмей келеміз. Үш кездесуде тең түссек, алтауында жеңілістің ащы дәмін таттық. Бас бапкер ауысып, құрамаға бірнеше жаңа футболшылар шақырылғанымен де, ойында ешқандай өзгеріс байқалмайды. Шабуылда өткірлік жоқ, бес қорғаушы қарсыластың отыздың ордасын бұзып, қырықтың қамалына келген ақсақалдарын тұсап ұстай алмауда. Қақпамызға пенальти белгіленіп, бір адамға кем ойнадық және қарсылас Еуропа чемпионатына қатысатын азулы ұжым дегенмен де, баяғы жартас – сол жартас.
Сондай-ақ 21 жасқа дейінгі жастарамыз да қарсыласқа есе жіберді. 2023 жылы жалауын желбірететін жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Бельгия жастарына қарсы ойында, өз алаңымызда 1:3 есебімен тізе бүктік. Бірақ жастарымыз қорықпай, қорғанысты есептемегенде жақсы ойын өрнегін көрсетті. Шабуылға да қарсыластың атына қарамай, сесекенбей шығып отырды. Бірақ қорғаныстың бірнеше мәрте «ұйқтап» қалуы құраманың «Қобыланды батыр атындағы стадиондағы» сәтсіздігіне бірден-бір себепкер болды.
Ендігі кезекте футболымыздағы қиындықтардың бір парасына тоқталып өтсек. Ел футболының аяғынан шалып тұрған үлкен мәселенің бірі – бюджеттен бөлінген қыруар қаржының ортаңқол легионерлерге шашылуы. Сол ақшаны үнемдеп, футболға ауадай қажет болып тұрған заманауи базалар, еуропалық деңгейдегі стадиондар салса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Екіншіден, ауыл футболына көңілдің бөлінбеуі. Алыптың бәрі ауылда дегендей, ауылға алаңдар салып, ауылдық, аудандық, облыстық сынды турнирлерден талантты жастарды іріктесе, олардың бір жерді тесіп шығары даусыз. Бірақ ауыл халқының футболға деген көзқарасы бөлек. «Футбол саған нан болмайды» деп баласының жұмсақ креслода отырғанын қалайды. Керісінше Мессидей болғысы келіп жүрген қарадомалақтардың аяқтарына доп салып, еркін көсілту қажет. Осы тұста немістерден үйренеріміз көп. 2006 жылғы өз жерінде өткен Әлем чемпионатында жеңіске жете алмаған немістер, жаңа даму стратегиясын жүзеге асырды, әр ауылға, әр ауданға су жаңа базалы стадиондар салып мықты бапкерлермен қамтамасыз етті. Нәтижесінде «неміс мәшинесі» қазіргі таңда Киммих, Сане, Гнабри һәм басқа да таланттармен толығып жатыр.
Үшіншіден, бас бапкерлердің эксперименттен қорқуы, ізденісінің жоқтығы. Ол дегеніміз сол баяғы бір құрамды қартайып, тістері сарғайғанша ойната береді. Бәрібір жеңіліп жатырмыз ғой. Сол үшін эксперименттер жасап, жаңа жас таланттарға жол ашып, тек қазақтарды алаңға шығарып, құраманы жаңартып дегендей өзгешеліктер енгізсе пайдасы болмаса, зияны тимейді. Талғат Байсуфинов мырза осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірнеше қарамдомалақ жас ойыншыларды құрамаға шақыруда, дегенмен әзірге нәтиже жоқ. Жастардың тәжірибесі аздау екені көзге ұрып тұрады. Біраз уақыт беру керкек шығар. Бірақ нәтиже күтіп жүргеніміз бірінші жыл емес...
Төртіншіден, қазақ ойыншыларының қомақты жалақы мен комфорттан бас тартып, шетел асып кете алмауы. Олар еліміздегі кейбір «менмін» деген Еуропа елдерінде жоқ жалақыдан бастарта алмайды. Өзін басқа чемпионаттарда сынап, тәжірибе жинап, үлкен футболға үлкен қадам жасаудың орнына әмиянын қампайтып, жылы орында жүруді жөн санайды. Алайда бұл мәселе де ақырындап шешілуге жақындағандай. Кәрі құрлықтың топ клубтарында атой салмаса да, біршама ойыншыларымыз алыс-жақын шетелдерде тер төгуде. Ресей, Испания, Германия, Беларусь, Сауд Арабиясы, Польша және Қырғызстан сынды бірқатар мемлекеттердің жоғары-төмен лигаларында Қазақстан төлқұжаты бар футболшылар доп теуіп жүр.
Бесіншіден, жалақсы көп, сапасы жоқ ортаңқол легионерлердің көптігі. Құмырсқадай құжынаған легионерлер қазақ жастары мен ұлттық құрамының өсуіне бөгет болады. Олар қомақты айлықпен қоса, көп ойын уақытын да иемденеді. Сөйтіп өзіміздің қара көздер ойын тәжірибесінсіз қалады. Алаңға арасында бір шығып жүрген ойыншы ұлттық құрамаға барып, мандытып өнер көрсетпесі бесенеден белгілі. Мысалы, мәскеулік ЦСКА баскетбол клубы Евролигада сәтті өнер көрсетеді. Ал Ресей құрамасы жарытып бірдеңе тындырып жүргені шамалы. Неге? Өйткені ЦСКА-ны легионерлер сүйреп жүр. Басты назар да сол шетелдіктерде. Сондықтан легионер деген осы екен деп жөні жоқ шақыра бермей, қазақ жастарына мүмкіндік беру қажет. Бұл жерде тіптен легионерлерден бас тартайық деген қаулыдан аулақпын. Бірақ Қытай «футболды дамытамыз» деген ұранмен өз чемпионаттарына кәрі құрлықтың мықты деңгейде өнер көрсетіп жүрген жұлдыздарын (Халк, Витсель, Оскар т.б.) жинағанда Қытай суперлигасына қызығушылығы артып кеткен жанкүйерді көрсетіңізші маған. Әлде ұлттық құрамалары Әлем чемпионатында атой салып жүр ме? Керісінше, Қытай футбол қауымдастығының президенті Чэнь Сююань: «Қытай Суперлигасы клубтарының шығыны Оңтүстік Кореяның K-лигасынан он есе, Жапонияның J-лигасынан үш есе көп, бірақ ұлттық құрамамыз олардан әлдеқайда төмен деңгейде», – деп қынжылады. Қынжылатындай жөні бар, қынжылғаны да дұрыс. Күйінгеннен ұлттық футболды дамытудың өзге стратегиясын таңдады. Біздің жақта қынжылатын да пенде табылмай тұр.
Алтыншыдан, алтыншы дегенде ең үлкен себеп: жемқорлықтың тым шектен шығып бара жатқаны. Шектен шыққаны сонша – бір клубымыз («Ертіс») жабылып тынды. Ақшаны жеп-жеп, тіпті айлық төлеуге шамасы жетпей қалды. Түріктер бәленше миллионға көздің жауын алатын зәулім стадион салса, біздікілер сол ақшаға бір стадионға түкке тұрмайтын қалпына келтіру жасайды. Бұл бізде мықты футбол менеджерлерінің болмауы, яғни қарапайым тұрғыдан қаржыны дұрыс игере алмау, жоспардың қаншалықты бюджетке сай екенін ескермеу, осының салдарынан бүтін бір клуб зардап шегеді.
Бәріңіз білетіндей, 2010 жылы «Оле, оле деген бразилиялықтар бізге футбол үйретеді» деп, өздерінің айтуы бойынша, жас таланттарды Бразилияға жіберіпті-мыс. Шын мәнісінде, нағыз таланттар жоғарыдағылардың қалтасын майлай алмай елде қалып қойды. Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін дегендей, бай-манаптардың баласы құдай берген таланты болсын-болмасын іріктеуден сүрінбей өте барды. Ашықтан-ашық пара талап еткендері жайында БАҚ беттерінде де талай жазылды. Бірақ «көкемдер» оған бұрылып та қарамады. Осыдан кейін қазақ футболы қайдан дамысын?!
Амангелді Сейтханов ағамыз айтқандай, «Біздің футболшылар шетелдіктерді әлдеқашан қуып жеткен: дәл солардай бесжұлдызды қонақ үйде жатады, қымбат клубтар мен мейрамханаларға барады, бірнеше мың долларлап табыс табады... Енді тек доп тебу жағынан қуып жету ғана қалды». Ақша жағынан біздікілерде қиындық жоқ. Енді сол ақшаны ақтайтындай доп теуіп үйренсе, Әлем чемпионатында атой салуымыз бек мүмкін.
Фото: ҚФФ, МФФ