ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Еуропа чемпиондары мен әлемнің ең әлсіз құрамасы. Еуро-2024 іріктеуіндегі қарсыластарымыз

2024 жылы Германияда жалауын желбірететін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Қазақстан Дания, Финляндия, Словения, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино құрамаларымен бірге Н тобында өнер көрсетеді. Бесінші мүмкіндіктен топтан шыға аламыз ба әлде Еуро арман болып қалмақ па?

Қазақстан

2002 жылы УЕФА құрамына енгелі бері ұлттық құрамамыз төрт рет іріктеу кезеңінде өнер көрсетті. Өкінішке орай, барлығында сүрінді. 2008 жылғы Еуро-ға жолдамалар сарапқа салынған алғашқы квалификацияда Польша, Португалия, Сербия, Финляндия, Бельгия, Армения және Әзербайжан құрамаларымен А тобында бақ сынап, он ұпаймен жоғарыда аталған құрамалардың соңғы екеуін артқа тастап, жетінші орынға жайғастық. Одан кейін 2012 жылғы кәрі құрлықтың басты додасына өтуге талпынып, тағы да А тобына түстік. Бұл жолы Германия, Түркия, Бельгия, Австрия һәм Әзербайжан қарсылас атанып, төрт ұпаймен соңғы орынға орналастық. Еуро-2016 іріктеуінде тағы да А тобында өнер көрсету бағы бұйырып, Чехия, Исландия, Түркия, Нидерланд және Латвиямен күш сынастық. Бұл жолы бес ұпаймен бесінші сатыны місе тұттық. Ал соңғы, Еуро-2021 жолдамасына таласта І тобын Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Мариномен бөлісіп, іріктеуді он ұпаймен бесінші орында аяқтадық.

Міне, өзіміз қатысқан төрт іріктеу кезеңінің ешқайсысында бесінші орыннан жоғары көтеріліп көрмегенбіз. Жалпы Еуро квалификациясында бас-аяғы 44 ойын өткізіп, 29 ұпай жинадық. Сондай-ақ 37 гол соғып, 80 рет қақпамыздан доп алып шықтық.

Құрамамыздың Ұлттар лигасындағы жетістігінен кейін бізде Еуропа чемпионатына жолдама алатын басқа да мүмкіндік бар. Ол туралы толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар.

Ал қазір оған дейін өтетін дәстүрлі іріктеуде аяғымызды шалуға тырысатын құрамалармен таныс болайық:

Дания

Бас бапкері – Каспер Юльманн

Капитаны – Симон Кьяер («Милан»)

Францияның екі аяғын бір етікке тығып жүрген даниялықтар, сөзсіз, тобымыздың фавориттері. Жалпы жеті рет іріктеуден сүрінбей өтіп, 1992 жылы ешкім күтпеген жерден Еуропа чемпионы атанған. Сонымен қатар 1984 және 2022 жылдары қолаға қол созды.

Қазақстан мен Дания осыған дейін төрт мәрте кездескен. Төртеуі де Әлем чемпионатының іріктеу кезеңдері аясында өткен ойындар. Іштеріңіз сезіп тұрғандай, төртеуінде де жеңіліс таптық:

0:3, 1:2 – ӘЧ-2016 іріктеу кезеңінде

1:4, 1:3 – ӘЧ-2018 іріктеу кезеңінде.

Данияның қазіргі құрамында жұлдызды ойыншылар жетерлік. Олардың ішінен Кристиан Эриксен («Манчестер Юнайтед»), Каспер Шмейхель («Ницца», Андреас Кристенсен («Барселона»), Каспер Дольберг («Севилья») және Пьер Хейбьергті («Тоттенхэм») атап өтуге болады.

Футболшыларының жалпы құны 339,3 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншысы – Пьер Хейбьерг (42 млн еуро). FIFA-ның соңғы рейтингісі бойынша оныншы орынға жайғасқан.

Финляндия

Бас бапкері – Марку Канерва

Капитаны – Йосип Иличич

Екінші орынға басты үміткерлердің бірі. Өйткені бұл жігіттер соңғы кездері өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Еуро-2020 негізі кезеңінде ойнаған. Бұл олардың тарихындағы алғашқы Еуропа чемпионаты болды. Осыған дейін Қазақстанмен бес кездеу өткізіп, төртеуінде жеңіске (0:2, 1:2, 0:1, 0:2) жетсе, 2006 жылғы Кипрдің Халықаралық турнирінде отандастарымызға пенальти сериясы бойынша есе жіберіпті.

Құрамында Глен Камара («Рейнджерс»), Лукас Градецки («Байер») және Тьему Пукки («Норвич») сынды тәжірибелі ойыншылары бар «үкілерден» үкілі үміттеріміз кемі үш ұпай алады деп сенеміз.

Футболшыларының жалпы құны – 36,15 млн. еуро. Ең қымбат ойыншысы – Глен Камара (7,5 млн еуро). FIFA-ның соңғы рейтингісі бойынша 56-шы орында.

Словения

Бас бапкері – Матьяж Кек

Капитаны – Ян Облак («Атлетико»)

Екінші орын үшін, тіпті топта көш бастау үшін барын салатын құрама. 1991 жылы Югославия қатарынан шыққаннан кейін 1992 жылы УЕФА-ның мүшесі атанды. Содан бері жеті рет Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысып, тек бір мәрте финалдық раундқа жолдама алды. Бұл Словения үшін тарихи нәтиже 2000 жылғы Еуро-да тіркелді. Квалификациядағы тобында екінші орын алып, өтпелі кезеңде Украинаны қос матч (3:2) қорытындысы бойынша тізе бүктіріп, Бельгия мен Нидерландта болған додаға өтті. Алайда топтық кезеңде соңғы орын алып, плей-оффқа қадам баса алмады. Сонымен қатар 2002 және 2010 жылдардағы Әлем чемпионатының топтық кезеңінде де өнер көрсетті.

Словения біз үшін ерекше қарсылас болмақ. Өйткені осыған дейін олармен мүлде кездеспегенбіз. Алғашқы ойында жеңілсек те, жеңсек те тарихи матч болмақ. Қақпасын Ян Облак қорғайтын, одан бөлек Беньямин Шешко («Зальцбург»), Петар Стоянович («Эмполи») сынды ойыншылары бар құраманы екі рет тізе бүктірсек, кемі екінші орынға жайғасып қаламыз.

Ойыншыларының жалпы құны – 103,15 миллион еуро. Ең қымбат аяқдопшысы – Ян Облак (40 млн еуро). FIFA-ның соңғы рейтингісі бойынша 63-ші орында.

Ирландия

Бас бапкері – Ян Бараклаф

Капитаны – Стивен Дэвис («Рейнджерс»)

Бізге таңсық тағы бір құрама. Словения секілді Солтүстік Ирландиямен де бұрын-соңды жолымыз түйіспеген.

1950 жылға дейін Ирландия Республикасының құрамасы мен Солтүстік Ирландия ойыншылары екі командаға да ойнай берген. Кейін FIFA орталарына түсіп, 1953 жылы «Екеуі бірдей атаумен өнер көрсете алмайды» деп қазіргі атаулары тағайындалды.

Солтүстің Ирландия 2016 жылғы Еуропа чемпионатына қатысты, тіпті 1/8 финалға шықты. Германия, Польша және Украинамен бір топқа түсіп, ағашқы екеуінен кейінгі үшінші орынға жайғасып, үшінші сатыға орныққан құрамалардың арасынан төртінші болып плей-оффқа жолдама алды. Онда Уэльс құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен есе жіберді.

Ойыншыларының жалпы құны 28,45 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат футболшысы – Патрик Макнейр (6 млн еуро). FIFA-ның соңғы рейтингісі бойынша 59-шы орында.

Сан-Марино

Бас бапкері – Фабрицио Константин

Капитаны – Давиде Симончини

Әлемнің ең нашар құрамасы. FIFA-ның соңғы рейтингісі бойынша 211-ші орында келеді. 1988 жылы ФИФА мен УЕФА қатарына қабылданып, содан бері екі турнирдің іріктеу кезеңдерінде қатысуда. Бірақ біз секілді әлі бір рет те финалдық раундқа жолдама алып көрмеді. Жолдама түгілі жеңіске жетулерінің өзі мұң. Тарихында бір мәрте ғана қарсыластан басым түскен. Бұл тарихи ойын 2004 жылы болып, Сан-Марино өз алаңында Лихтенштейнді 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Жалпы Еуропа чемпионаттарына іріктеу кезеңідерінде 76 ойын өткізіп, сегіз гол соғып, 336 рет қақпасынан доп алып шыққан.

2022 жылы өткен Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Сан-Марино мен Қазақстан бір топта болған еді. 2019 жылы қос құрама өзара екі рет кездесіп, екеуінде де (1:3, 0:4) отандастарымыздың мерейі үстем болды.

Ойыншыларының жалпы құны – 1,01 миллион еуро. Ең қымбат футболшысы – Никола Нанни (150 мың еуро).

Квалификациядағы жорығымызды наурыз айында өз алаңымызда бастаймыз:

23.03.2023 | 20:00

Қазақстан – Словения

26.03.2023 | 19:00

Қазақстан – Дания

16/17.06.2023 | 00:45

Сан-Марино – Қазақстан

19/20.06.2023 | 00:45

Солтүстік Ирландия – Қазақстан

07.09.2023 | 20:00

Қазақстан – Финляндия

10.09.2023 | 19:00

Қазақстан – Солтүстік Ирландия

14/15.10.2023 | 00:45

Дания – Қазақстан

17/18.10.2023 | 00:45

Финляндия – Қазақстан

17.11.2023 | 20:00

Қазақстан – Сан-Марино

20/21.11.2023 | 00:45

Словения – Қазақстан

Еуро-2024

A тобы: Испания, Шотландия, Норвегия, Грузия, Кипр

В тобы: Нидерланд, Франция, Ирландия, Греция, Гибралтар

С тобы: Италия, Англия, Украина, Северная Македония, Мальта

D тобы: Хорватия, Уэльс, Армения, Түркия, Латвия

Е тобы: Польша, Чехия, Албания, Фарерские острова, Молдова

F тобы: Бельгия, Австрия, Швеция, Әзербайжан, Эстония

G тобы: Венгрия, Сербия, Черногория, Болгария, Литва

H тобы: Дания, Финляндия, Словения, Қазақстан, Солтүстік Ирландия, Сан-Марино

I тобы: Швейцария, Израиль, Румыния, Косово, Беларусь, Андорра

J тобы: Португалия, Босния және Герцеговина, Исландия, Люксембург, Словакия, Лихтенштейн

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте