ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Кімнің кім екені белгілі болар еді». Магомед Адиев - Өзбекстан футболы мен алдағы жоспарлары жайлы

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Sports.uz сайтына берген сұхбатында Ұлттар лигасын қорытындылап, болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ Өзбекстанмен болуы ықтимал жолдастық матч туралы өз пікірін айтты.

Магомед Адиев

– Магомед Мұсаұлы, соңғы нәтижелерді ескерсек, БАҚ беттерінен түспей жүрген шығарсыз?

– Әрине, ұлттық құраманың бас бапкері ретінде маған көп көңіл бөлініп жатқаны айтпаса да түсінікті. Мен бұған үйреніп қалдым. Мүмкіндігінше БАҚ қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беруге тырысамын. Яғни, олардың бетін қайтарғым келмейді. Иә, УЕФА Ұлттар лигасының бірінші кезеңін сәтті аяқтағанымызға қуаныштымын. Дегенмен, бұл нәтижеге мақтанудың қажеті жоқ.

– Қазақстан құрамасымен Ұлттар лигасында мұндай нәтиже тіркейді деп ешкім күткен жоқ. Біз мұны сенсация ретінде қабылдаймыз...

– Әрине, ұлттық құрама ұзақ уақыт бойы жоғары нәтиже көрсетпесе, бәрі мұны сенсация ретінде қабылдайды. Мен және менің көмекшілерім бұл нәтижені үлкен сенсация ретінде есептемейді. Өзімізді керемет жетістікке жеткен адамдар деп санамаймыз. Иә, біз өз жұмысымызды жақсы атқардық. Бірақ мұны өз міндетіміз деп қабылдаймыз. Біздің мақсатымыз – бәсекеге қабілетті команда құру. Біз осындай команда құрып жатқанымызды сеземіз. Ұлттар лигасында бірінші орынды жеңіп алуымыз мұны дәлелдеп отыр. Мен бұған қуаныштымын. Алдағы уақытта да осылай ойнағымыз келеді.

Магомед Адиев

– Осы уақытқа дейін Қазақстан құрамасында көптеген бапкерлер жұмыс істеді. Бірақ олар жақсы нәтижеге қол жеткізе алмады.

– Қазірге дейін ұлттық құраманы басқарған әріптестерім туралы пікір айту маған қиын. Расында да Қазақстан құрамасында мықты бапкерлер жұмыс істеді. Бірақ футболда бапкер қанша тырысса да қалаған нәтижені көрсете алмауы мүмкін. Біздің жаттықтырушылар штабы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Тағы бір айтарым, өзіме дейін ұлттық құраманы жаттықтырған әріптестерімнің жұмысын көрмедім. Өзіміз туралы айтатын болсақ, біз басшылық сеніп тапсырған жұмысты барынша жақсы орындауға тырысамыз. Бәлкім, бүкіл елдің қолдауын сезініп, осындай оң нәтижелерге қол жеткізген шығармыз.

– Қазақстан УЕФА-ға кіргеннен кейін аутсайдер болды. УЕФА-ның қазақ футболына тигізген пайдасы мен зияны қандай?

— Қазақстанның УЕФА-ға қосылғанына көп болды. Қазақ футболы бұдан не ұтты? Маған сіздің сұрағыңызға жауап беру оңай емес. Ұлттық құрамамен бірге қысқа мерзім ішінде оң нәтижелерге қол жеткізгенімізді ғана айта аламын. Біз Ұлттар лигасының матчтарында аутсайдер ретінде ойнамауға тырыстық.

– Магомед Мұсаұлы, Өзбекстан футболы Сізді қаншалықты қызықтырады?

– Өзбек футболы туралы айтар болсам, шебер ойыншылар мен мықты жаттықтырушылардың бар екенін білемін. Қазірдің өзінде ел біріншілігінде көзге түскен өзбекстандық футболшылар басқа шетелдік лигаларда ойнап жүр. Мен футболшы ретінде Өзбекстанның ойыншыларына қарсы бірнеше рет ойнадым. Мысалы, Мирджалал Касимовқа қарсы. Ол өте талантты ойыншы болды. Жалпы, сіздердің елдеріңізден осындай дарынды адамдар көптеп шықты және бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Қай аймақта ойналса да, мен үшін футбол өте қызық. Өкінішке орай, сіздің елге барудың сәті түскен жоқ. Алдағы уақытта міндетті түрде Өзбекстанға барамын деген ойдамын және бұл елдің тарихи қалаларын көргім келеді.

Магомед Адиев

– Өзбекстан құрамасындағы ойыншылардан кімдерді атап өте аласыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, Өзбекстан футболында талантты ойыншылар жеткілікті. Өзбекстан құрамасы Азиядағы турнирлерге тұрақты түрде қатысып жүргендіктен, оның ойындарын үнемі бақылау мүмкін емес. Мен бұл елдің футболын жақсы білемін деп айта алмаймын. Бірақ Өзбекстаннан дарынды футболшылардың шығуы көпті таң қалдырады. Қазіргі таңда Эльдор Шомуродовты білмейтін жанкүйер кемде-кем. Ол «Ростовта» өзін тамаша көрсеткендіктен, Италияға аттанды. Топ-5 чемпионаттың бірі саналатын А сериясында Шомуродов жоғалып кеткен жоқ. Айта кету керек, ол туралы маған «Анжиде» жұмыс істеп жүргенімде айтқан болатын. Сол кезде бұл ойыншыны клубқа шақыру мәселесі де көтерілген еді. Эльдор клубтың трансферлік тізіміне енді. «Ростов» басшылығымен келісіп, футболшыны жарты жылға жалға алғымыз келді. Бірақ қос клуб ортақ мәмілеге келе алмады. Ал қазір Шомуродов Италия сияқты елдің мықты лигасында өнер көрсетіп жүр.

Эльдор Шомуродов

Өзбек футболшылары дегенде есіме Одил Ахмедов келеді. Ол «Анжиде» керемет ойнады. Мен онымен таныс емеспін. Бірақ Ахмедов «Анжиде» жұлдызды ойыншылар болған кезде де жақсы өнер көрсетті. Бұл ойыншының қаншалықты шебер екенін көрсетеді. Естеріңізде болса, ол кезде «Анжиге» жұлдызды фктболшылар жиналған еді. Ахмедов Буссуфа, Роберто Карлос, Виллиан иық тірестіре ойнады. Ол өте мықты ойыншы болды.

Одил Ахмедов

— Өзбекстан мен Қазақстан құрамаларының жолдастық кездесуіне қалай қарайсыз? Менің ойымша, көптеген адамдар Орталық Азияда кімнің мықты екенін білгісі келеді.

– Иә, Өзбекстан мен Қазақстан құрамаларының қатысуымен жолдастық кездесу өткізу мәселесі федерацияда бірнеше рет көтерілді. Осындай кездесу ұйымдастырылса, өте қызық болар еді деп ойлаймын. Егер турнир ұйымдастырылса, Орталық Азияда нағыз дерби пайда болып, кімнің кім екені белгілі болар еді. Әрине, Өзбекстан құрамасының өте мықты екенін білемін. Қалай болғанда да, мұндай командаға қарсы ойнау Қазақстан құрамасы үшін өте қызық болады. Бір сөзбен айтқанда, Өзбекстанды лайықты қарсыластар қатарына қосамын.

— Өзбекстан УЕФА құрамына кірсе, «адасып» кетпей ме?

– Жоғалып кете ме, жоқ па, білмеймін. Өзбекстан УЕФА-ға кірсе, Еуропа футболына бейімделу үшін біраз уақыт керек. Тағы да қайталаймын: бұл елде талантты, сапалы ойыншылар көп. Бәлкім, Өзбекстан бірден мықты командалармен бәсекеге түсе қоймас, бірақ бұл командаға қарсы ойнау барлығына қызық болары анық. Бұл мәселені мен емес, Өзбекстан федерациясындағы адамдар талқыласа жақсы болар еді.

Өзбекстан құрамасы

– Алдағы жоспарыңыз бен мақсатыңыз қандай?

— Алдағы жоспарларға келетін болсақ, біз Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімін күтіп отырмыз. Қарсыластарды білген соң, олардың ойындарын тамашалау арқылы талдауға кірісеміз. Одан кейін 19 қазанда БАӘ-мен матч бар. Сондай-ақ 16-сы күні жолдастық кездесу жоспарланған. Биылғы күнтізбелік жылды осы ойындармен аяқтаймыз. Осы матчтарды сәтті өткізгіміз келеді. Одан кейін Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен келісім-шартты ұзарту мәселесін талқылаймын. Жаңа жылға дейін осы істі аяқтасақ, келесі жылдың алғашқы күнінен бастап жұмысқа жаңа күшпен кірісеміз.

– Қазақстан құрамасында жұмыс істеп, бапкер ретінде көпшілікке таныла бастадыңыз.

– Мені Ресейде жақсы біледі деп ойлаймын. Өйткені мен Премьер-лигада бас бапкер, жаттықтырушының көмекшісі болып жұмыс істедім. Әрине, Қазақстан құрамасындағы жұмысым арқылы көпшілікке танылғаным рас. Қазір мені басқа елдер де біледі. Егер біз өз жұмысымызды жақсы атқарып, оң нәтижеге қол жеткізе алсақ, бізді көбірек танитын болады. Бұл жаттықтырушының еңбегі: жақсы нәтиже болса, мойындайды, нашар нәтиже болса, керісінше, сынға ұшырайды. Сыннан жаншылып, күйзелмеймін, мақтаудан көкке ұшпаймын.

Магомед Адиев

– Өзбекстаннан ұсыныс түсті ме?

– Жоқ, бүгінге дейін Өзбекстан клубтарынан ұсыныс түскен жоқ.

– Бұған дейін тек клубтарда жұмыс істегеніңізді білеміз. Бірақ клубтардан гөрі ұлттық құрамада жолым болды деп айта аласыз ба?

– Мен ондай нәрселерге көп көңіл бөлмей, өз жұмысымды жақсы орындауға тырысамын. Клубтағы жұмысым арқылы да белгілі бір нәтижелерді тіркегенім рас. Бірақ ұлттық құрамада 4 жеңіс, 1 тең ойын арқылы жақсы танылғанымды жоққа шығара алмаймын. Өйткені, Еуропада мұндай нәтижелер назардан тыс қалмайды және жақсы бағаланады. Мен «Анжиде» жұмыс істеген кезімде қаржылық қиындықтар болды. Сол кездің өзінде команда намысын ойдағыдай қорғап, айтулы нәтижелер көрсете білдік. Бірақ «Анжи» төменгі дивизионға түсіп қалды.

– Өзбекстан мен Қазақстан футболының қандай айырмашылықтарын байқайсыз?

– Сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Өйткені өзбек футболшылары туралы ақпаратты білсем де, ішкі біріншіліктің деңгейінен мүлдем бейхабармын. Өзбекстан чемпионатындағы матчтарды ешқашан көрмегенмін.

– Айтыңызшы, Қазақстан құрамасына әлем чемпионатына шығу үшін қанша уақыт қажет?

— Білмеймін. Кем дегенде 2026 жылға дейін уақыт керек шығар. Бұл менің болжамым (күлді).

– Мен мұны бекер сұраған жоқпын. Себебі Өзбекстан құрамасы да мундиальда ойнағысы келеді. Маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Білесіз бе, мен кейде өзіме-өзім кеңес беремін. Егер адам бір нәрсеге қол жеткізгісі келсе, ол ешқашан қобалжып, депрессияға түспеуі керек. Өзіне деген сенімділік арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Мұндай мақсатқа жету үшін табандылық қажет. Осы сәтті пайдалана отырып, ұлттық құрамаңызға өз күшіне деген сенімін жоғалтпауын тілеймін. Өйткені, Өзбекстанда сапалы және талантты ойыншылар көп. Олар ұлттық құрамасын әлем чемпионатына алып шығуы тиіс.

– Магомед Мұсаұлы, ұсынысыма жоқ демей, уақытыңызды бөліп келгеніңізге рахмет. Еңбек жолыңызда табыс тілеймін.

— Рахмет, сізбен сөйлескеннен кейін өзімді әлдеқайда жеңіл сезініп қалдым. Мені қолдағаныңыз үшін рахмет.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте