Босния және Герцеговина – Қазақстан ойынынан (2:2) кейін 95 минутта гол соққан Бахтиер Зайнутдинов Meta-ratings.kz сайтына сұқбат берді.
– Бахтиер, Боснияға қарсы өткен матч жайлы пікіріңді айтып өтсең?
– Өте ауыр матч болды. Біз өзіміздің жақсы команда екенімізді дәлелдегіміз келді. Біз де осындай деңгейде футбол ойнай алатынымызды көрсеттік.
– Айып добын теппес бұрын ақылдастыңыздар ма?
– Иә, ақылдастық. Негізі командада айып добтарын Асхат Тағыберген орындайды. Алайда, мен одан «мен тебейінші» деп сұрадым. Ол келісті. Себебі, доптың орналасуы, қақпа, қақпашы, ойыншылардан қойылған тосқауыл барлығы менің сол аяғыма дәл келіп тұрғандай болды. Сондықтан да, айып добын маған бергені үшін Асхатқа алғыс айтамын.
– Матч алдындағы баспасөз мәслихатына қатыстың. Сол кезде босниялық тілші Қазақстанды аутсайдер команда деді. Сіз осыған байланысты қандай пікір айтасыз?
– Талғат Маруаұлымен бірге баспасөз мәслихатына барған кезімде осындай сауалды естігенім рас. Бұл кішкене де болса менің көңіліме тиіп кетті. Сосын, сіз гол сала аласыз ба деген сияқты сұрақ қойды. Мен «иә» деп жауап беріп едім, мені менсінбегендей кейіп танытты. Сондықтан да, мен ең алдымен өзіме, сосын оларға дәлелдегім келді. Ең бастысы гол салдым, командамыз да мінез көрсетті. Босниялықтардың бізге деген көзқарасы өзгерген шығар деп ойлаймын. Ойыннан кейін барлығы басқаша болып тұр. Біз тегеурінді командамыз. Әлі де айтарымыз бар.
– Енді қазан айында бізді тағы да 2 ойын күтіп тұр. Босниямен сосын, Финляндиямен кездесеміз. Оларды өз алаңымызда ұта аламыз ба?
– Құдай қаласа, ұтамыз! Себебі бізді үйдегі матчта жанкүйерлер қолдайды. Демек, біздің мақсатымыз айқын. 2 ойында 2 жеңіс тіркеу.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан: Ермұхамед Мәулен