Неге қазақстандық теннисшілер Токио Олимпиадасынан бас тартып жатыр?

Токио Олимпиадасында теннистен жекелей сында бақ сынаған бес қазақстандық теннисшінің үшеуі өз еркімен жарыстан шығып қалды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі Бек Төлеуов спортшылармыз не себепті күрессіз беріліп жатқанын түсіндіріп көрмек.

Елена Рыбакина

Токиоға 8 теннисшіміз келген. Бұл жаңа рекорд. Өйткені осыған дейінгі Олимпиадаларда қатысушылардың саны төртеуден аспаған. Жекелей сында бақ сынауға Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Ярослова Шведова, Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Зарина Диас мүмкіндік алған. Қазір осылардан келесі кезеңге тек екеуі өтті.

Алдымен Қазақстанның нөмірі бірінші теннисшісі Елена Рыбакина аустралиялық Саманта Стосурмен кездесті. 2011 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы отандасымызға төтеп бере алмады. Екі сеттің қорытындысы бойынша Рыбакина жеңіске жетті (6:4, 6:2).

«Күн райы спортшылар үшін қиынға соқты. Тым ыстық. Осыған қарамастан, Олимпиаданы сәтті бастағаныма қуаныштымын. Әзірге бастама жаман емес. Енді бір күні демалып, сейсенбі күні швециялық Ребекка Петерсенмен кездесемін. Оны жеңіп, әрі қарай жалғастыруға тырысамын», – деді Рыбакина Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Бірақ одан кейін шыққан үш қыздың үшеуі де жарыстан өз еркімен бас тартты. Мысалы, Зарина Диас әлемнің 11-ракеткасы чехиялық Барбора Крейчиковамен кездескен еді. Бірінші сетте чех қызы 5:2 есебімен жеңіп тұрған. Жетінші геймнен кейін қазақстандық теннисші әрі қарай жалғастыра алмады.Мұның себебін Зарина жарақатымен байланыстырды.

Зарина Дияс

«Өкінішке қарай, кездесуді тоқтатуға тура келді. Алдыңғы аптада Лозаннадағы турнирде аяғымды ауыртып алған едім. Біраз емдеген соң, жазылғандай көрінген. Алайда бүгін ойын кезінде аяғым қайтадан қатты ауыра бастады. Сол себепті, турнирді жалғастыра алмадым. Олимпиаданың мен үшін дәл осылай аяқталғанына қатты өкіндім»,– деді Диас.

Одан кейін Юлия Путинцева да жарыстан шығып қалды. Бірінші айналымда Путинцева аргентиналық Надия Подороскамен кездескен болатын. Алғашқы сет тай-брейкке дейін жетті. Мұнда 7:6 есебімен аргентиналық жеңіске жетті. Ал екінші сетте Путинцева 3:1 есебімен алда келе жатып, жарысты жалғастырудан бас тартты. Спортшы мұның себебін күннің ыстығымен байланыстырды.

«Күн жанып тұр. Тыныс алуым қиындады. Екінші сет кезінде басым ауырды. Дәрігер шақырдым. Ыстықтан қан қысымым көтеріліп кеткен екен. Сондықтан матчты жалғастырудан бас тарттым», – деді Путинцева.

Үшінші болып Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова жарыстан шықты. Жерлесіміз аустралиялық Айле Томляновичпен кездескен болатын. WTA рейтингісінде Шведова 454-орында тұрса, қарсыласы 51-орынға жайғасқан.

Бірінші сет 5:7 есебімен Томляновичтің пайдасына шешілген. Ал екінші партияда 2:3 есебі кезінде Шведова жарысты әріқарай жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп, келесі кезеңге қарсыласы өтті.

Ярослава Шведова

«Өз өзіме енді келіп жатырмын. Өкінішке қарай, жарысты тоқтатуға мәжбүр болдым. Жақсы ойын көрсетуге тырысқан едім. Барлығы жақсы басталған. Алайда, бірінші сеттің аяғына қарай ыстыққа шыдау мүмкін болмады. Күннің ыстығы қатты әсер етті.Сонда да тоқтамай, бірнеше гейм ойнауға тырыстым. Бірақ жағдайым нашарлап, аяғымды сезбей қалдым. Ойынды тоқтатқым келмеген. Соңына дейін шыдау үшін барымды салмады. Болмады», – деді Шведова.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Александр Бублик Олимпиада ойындарының бірінші айналымында ресейлік Даниил Медведевпен кездесіп, 6:4, 7:6 есебімен жеңіліп қалды. Ойын 1 сағат 41 минутқа жалғасты. Жеребе тартылғаннан кейін-ақ осылай болатынын көпшілік күткен.

Есесіне, ерлер арасындағы жұптық бәсекеде алысқа барамыз деп ойлаған едік. Андрей Голубев пен Александр Бублик бұған дейін Франциядағы «Ролан Гаррос» турнирінің финалына дейін жеткен. Кемі осы жетістіктерін қайталай ма деп едік. Алайда олар да бірінші айналымнан аспады. Екеуі – франциялық Жереми Шарди және Гаэль Монфис жұбына есе жіберді.

Әйтеуір, ерлерден Михаил Кукушкин алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады. Әлемдік рейтингте 123-орында тұрған Кукушкин аргентиналық Федерико Кориямен кездескен болатын. Екі сетке созылған матчта қазақстандық теннисші 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті.Кездесу 2 сағат 10 минутқа созылды. Енді Кукушкин беларусь теннисшісі Илья Ивашкамен жолығады.

Михаил Кукушкин

Отандасымыз «Келесі кездесу бүгінгіден де қиын болады, өйткені, қарсыласым әлдеқайда қарымды. Бірақ ешнәрсеге қарамастан, тек жеңіске жетуге тырысамын. Жарысты одан әрі жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін», – деп отыр.

Үш бірдей теннисшінің жарыстан өз еркімен шығып қалуы қазақстандықтардың ашуын туғызды. Ауа-райының ыстық екенін түсінеміз. Бірақ Олимпиада деген төрт жылда бір өтетін, елдің намысы сынға түсетін дода емес пе? Ендеше отандық теннис федерациясының басшылары бұл жағын ойлануы керек деп ойлаймыз.

Айтпақшы, Олимпиадаға Серена Уильямс (АҚШ), Симона Халеп (Румыния), Рафаэль Надаль (Испания), Роджер Федерер (Швейцария), Доминик Тим (Австрия), Виктория Азаренко (Беларусь) секілді әлемнің мықтылары келмей қалған болатын. Енді бүгін жарыс жолынан әйелдер арасынан әлемнің бірінші ракеткасы, аустралиялық Эшли Барти жарыс жолынан шығып қалды. Ол екі сеттің қорытындысы бойынша испаниялық Сары Соррибес-Тормоға есе жіберді.

Эшли Барти

Кукушкин мен Рыбакина енді қашан шығады?

Елена Рыабкина 26 шілдеде 1/16 финалда швециялық Ребекки Петерсонмен жолығады. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 08:00-де басталады.

Михаил Кукушкин жоғарыда айтқанымыздай беларусь теннисшісі Илья Ивашкамен кездеседі. Бұл ойын 27 шілде күні Нұр-Сұлтан уақытымен 08:00-ге жоспарланған.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте