«Қайрат» тарихи жетістікке қол жеткізуге бір табан жақын тұр. Алматылықтар люксембургтік клубтан айласын асырса, Конференция лигасының топтық кезеңіне топ ете қалады. Осы орайда Meta-ratings.kz тілішісі бір ғасырдан астам тарихы бар «Фола» командасы жайлы азды-кем ақпарат жинады.
Аталған ұжым 1906 жылы ағылшын пәнінің мұғалімі Жан Роедердің мұрындық болуымен ашылған және Люксембургтегі алғашқы футбол клубы болып саналады. 1918-24 жылдар аралығында ел ішінде атағынан ат үркитін азулы команда болды. Төрт мәрте ішкі чемпионатта топ жарып, кубоктік бәсекеде де екі рет шашасына шаң жуытпады. Дегенмен 1930 жылдан кейін «Фола» үшін чемпиондыққа қол жеткізу мұңға айналды. Тіпті үшінші дивизионға дейін түсіп кетті. 2000 жылдардың бас тұсында ғана етек-жеңін жинап, бәсекеге қабілетті команда құра бастады.
2007 жылы трансферлік бомба жасап, марокколық белгілі жартылай қорғаушы, 1998 жылғы африкалық үздік футболшы Мұстафа Хаджыны қатарға қосты. Ал 2008 жылы жоғарғы лигаға қайта оралды. Сөйтіп 2014 жылы араға 83 жыл салып, Люксембургтің чемпионы атағына қол жеткізіп, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Алайда алғашқы іріктеу кезеңінде загребтік «Динамомен» күш сынасып, қос матч қорытындысы бойынша 0:6 есебімен есе жіберді. 2013 жылдан бері еурокубоктік додаларға үздіксіз қатысып келе жатса да, ірі жетістікке жете қоймады. Жалпы «Фола» сегіз дүркін Люксембург чемпионы және үш мәрте Люксембург Кубогінде жеңімпаз атанған.
Шағын ғана елдің командасы биыл күтпеген жерден жеңіліп, ойламаған жерден жеңіп, топтық кезеңге тұңғыш рет осынша жақын тұр. «Қайратты» тізе бүктірсе, 36 мың ғана тұрғыны бар Эш-сюр-Альзетте дүркіреген той болары хақ.
Конференция лигасының екінші іріктеу раундында сенсация жасап, солигорсктік «Шахтерды» жарыс жолынан шығарғанын ескерсек, «Фола» оңай шағылар жаңғақ болмасы анық. Сондықтан «Қайрат» бар қайратын көрсетіп, топтық кезеңнің жолдамасын жұлып алуы қажет. «Фоланың» маусымды «Қайрат» секілді Чемпиондар лигасында бастап, бірақ алғашқы айналымда гибралтарлық «Линкольн Ред Импс» командасына жол бергенін де айта кеткен жөн. Ал алматылықтар ЧЛ-дің екінші айналымынан сүрініп, кейін Еуропа лигасының үшінші раундынан аса алмады. Осылайша Конференция лигасының плей-офф кезеңіне түсті.
Клубтың ең қымбат ойыншысы – Диего Пиментель. Люксембургтік һәм португалиялық азаматтығы бар ойыншыны Transfermarkt порталы 200 мың еуроға бағалып отыр. Ал команданың жалпы құны 2.22 миллион еуроны құрайды. «Қайраттың» ең бағалы ойыншысы Яцек Гуральскийдің құны «Фоланың» толық құрамынан қымбат, яғни 2.3 миллион еуро. Алматылық ұжымның жалпы құны – 21.4 миллион еуро.
Жалпы қай жағынан алып қарасақ та, «Қайрат» «Фоладан» бір емес екі бас жоғары. Құрамы, тәжірибесі және деңгейі жағынан люксембургтік клуб оңтүстік астаналықтардан әлдеқайда төмен. Сонымен қатар Люксембург чемпионатының енді ғана басталғанын да айта кеткен жөн. «Фола» екі турдан кейін үш ұпаймен сегізінші сатыда келеді. Бұл фактор да бізге көмектесуі мүмкін. Дегенмен қарсыласты бағаламаудан аулақпыз. Футболда команданың бюджеті, құрамының шарықтаған құны түк шешпейтініне талай мәрте көзіміз жеткен. Сондай-ақ 2019/20 маусымында, Еуропа лигасының бірінші раундында, қостанайлық «Тобыл» сенсациялы түрде люксембургтік «Женесс» командасына қос матч қорытындысы бойынша жеңіліп, опық жегені де есімізде. Сондықтан «Қайрат» қасық қаны қалғанша соңына дейін күресіп, лайықты түрде жолдаманы жеңіп алу тиіс.
«Фоланы» алғашқы жылында-ақ команданы ел чемпионы атағына жеткізген 51 жасар бельгиялық Себастьян Гранжан баптайды. Гранжан мырза бапкерлік мансабының басым бөлігін Люксембургте өткізді. Осыған дейін «Женесс» һәм «Дюделанж» сынды клубтардың тізгінін ұстаған.
«Фола» УЕФА клубтар рейтингісінде 229-шы сатыға жайғасқан, ал «Қайрат» 189-шы орында келеді.
Люксембургтік команданың орташа жасы – 25.6. Бұл көрсеткіш «Қайратта» – 26.1. Демек «Тобыл» мен «Жилина» секілді ақсақалдар мен қылшылдаған жастар емес, жастары шамалас жігіттер бір-біріне қарсы тұрады.
«Фоланың» қазіргі құрамында үш ұлттық құраманың ойыншысы бар екен. Екеуі Люксембург намысын қорғаса, біреуі Мадагаскар құрамасының аяқдопшысы. Ал «Қайратта» бұл тізім 15 футболшыны құрайды және географиялық ауқымы да кеңірек.
«Фола» да қазақстандық клубтар секілді легионерлерді құп көреді екен. Команданың 50%-ы шеттен келген ойыншылардын құралған. Құрамына бір көз жүгіртсе, франциялық һәм португалиялық футболшыларға сұраныс жоғары екенін байқауға болады. Алайда көптеген аяқдопшылары люксембургтік төлқұжатқа да ие. Яғни қос азаматтықпен өнер көрсетіп жүр.
«Фола» жайлы қандай дерек келтірсек те, қағаз жүзінде алматылықтардың фаворит екені анық, дегенмен сол басымдықты іс жүзінде де дәлелдеп, сенімді жеңіске жетсе екен деп тілейміз.
Қос ұжым арасындағы алғашқы ойын 19 тамыз күні Люксембургте өтеді. Ал қарымта кездесу 26 тамыз күні Алматыда жалауын желбіретеді.
Фото: «Фола» ФК