Бір жыл кешіккен Токио Олимпиадасы биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді деп күтілуде. Төрт жылдықтың басты додасына қатысатындар арасында жеңіл атлет Ольга Рыпакова да бар. Meta-ratings.kz тілшісі Бек Төлеуов 36 жастағы спортшының мүмкіндігін бағамдап көрген болатын.
Токио Олимпиадасына Қазақстан спортшылары әзірге 70 жолдама жеңіп алды. Жеңіл атлеттерден тоғызы нормативті орындап үлгерді. Атап айтсақ, Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Георгий Шейко (20 шақырым спорттық жүріс), Айман Ратова (20 шақырым спорттық жүріс), Жанна Мамажанова (марафон), Кристинка Овчинникова (биіктікке секіру), Марина Овчинникова (үш қарғып секіру), Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру), Ирина Эктова (үш қарғып секіру) және Иван Иванов (ядро серпу) бар.
Осы күні жеңіл атлетикадан Олимпиадаға қатысудың өзі қиындап кетті. Мысалы, Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 25 спортшы барған. Ал Токиода одан екі есе аз болатыны түсінікті. Себебі, Халықаралық Олимпиада комитеті жеңіл атлеттердің санын бұл жолы 1900-дан асырғысы келмеген. Ал 2000-2016 жылдар аралығында бұл спорт түрінен 2000-нан астам спортшы 4 жылдықтың басты додасында бақ сынаған.
Енді жүлде жағына тоқталсақ, 2000 жылдардан бері Қазақстан Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан тұрақты түрде медальға ие болып жүр. Сиднейде (2000 жылы) Ольга Шишигина 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден чемпион атанды. Одан кейін 2004 жылы Афиныда қазіргі ұлттық құраманың бас бапкері Дмитрий Карпов он сайыстан қола жүлде еншіледі. Ал соңғы үш Олимпиададан Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден жүлдесіз қайтқан емес. Ол 2008 жылы Бейжіңде күміс, 2012 жылы Лондонда алтын, 2016 жылы Риода қола медальға қол жеткізді.
Енді Токиода жеңіл атлетикадан жүлде әкеледі-ау деген үміткерлер болмай тұр. 40 жасқа жақындап жақындап қалған Ольга Рыпакованың да көрсеткіштері бұрынғыдан төмен. Өскемендік жеңіл атлет соңғы рет жоғары нәтижені 2017 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында көрсетті. «Тұманды Альбионда» жерлесіміз 14,77 метрге секіріп үшінші орынға тұрақтаған. Сол жылы Цюрихте өткен «Гауһар лиганың» финалында 14, 55 метрді бағындырып, топ жарғаны тағы бар.
Ал 2018 жылдан бастап, Рыпакованың көрсеткіштері әлсіреді. Оған жарақаты, жасының біразға келіп қалғаны да әсер етсе керек. Индонезиядағы жазғы Азия ойындарында 14, 26 метрмен жеңімпаз болған. 2019 жылы отандасымыз Алматыда өткен Қазақстан кубогында Олимпиада ойындарының нормативін орындады. Ол үш қарғып секіру сайысында 14.37 метрді бағындырды. Бұл көрсеткіш Олимпиада нормативін орындауға жеткілікті болды (14.20 метр).
Ал биыл мамыр айында Катар астанасы Дохада өткен «Гауһар лиганың» кезеңінде алғашқы ондықтан көрінді. Ольга бұл жолы 13, 58 метрмен шектелді. Алғашқы үштіктен Юлимар Рохас (15.15), Кимберли Уильямс (14.69), Шанека Риккетс (14.98) көрінді.
Басты қарсыластары кім?
Рыпакованың Олимпиада ойындарындағы қарсыластары осал емес. Токиоға соңғы жылдары жарқырап көрініп жүрген бірнеше жас спортшы барады. Үш қарғып секіруден әйелдер арасында Олимпиада чемпионы атанудан басты үміткер Венесуэла үміті Юлимар Рохас екені түсінікті. Бұл спортшының соңғы 5 жыл көлеміндегі көрсеткіштері керемет. Ол 2016 жылы 20 жасында Рио Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Венесуэланың тарихында жеңіл атлетикадан әйелдерден бұрын-сонды ешкім жүлде алып көрмеген екен. Юлимар алғашқы. Ал 2017 жылдан бері оны тоқтату тіптен қиындады. Екі бірдей әлем чемпионатын ұтты. Жақында Мадридтегі турнирде 15, 43 метрге секіріп, ресейлік Татьяна Лебедованың жабық кешендегі рекордын жаңартты. Лебедова 2004 жылы 15, 36 метрді бағындырған. Ал әлемдік рекорд украиналық Инессо Кравецке тиесілі (1995 жылы 15, 50 метрге секірген).
Сондықтан Токиоға Юлимар Рохас басты фаворит ретінде барады. Рыпаковамен құрдас, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Катрин Ибаргуэнді де тізімнен шығаруға әлі ерте. Колумбиялық спортшы 2017 жылы күміс, 2019 жылғы әлем чемпионатында қола медаль еншіледі.
Ямайкалық Шанека Рикеттс те кейінгі жылдары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Дохада Ибаргуэнді артқа қалдырып, екінші орынға ие болған. 2011 жылғы әлем чемпионы, Лондондағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Саладуха да әлі күнге дейін жүр. Саясат пен спортқа катар көңіл бөліп жүрген Саладуха 2019 жылы Дохадағы әлем чемпионатында 14, 79 метрге секіріп, бесінші орынға тұрақтаған.
Сондай-ақ Мери Мякеля (Финляндия), Ана Брион (Испания), Патрисия Мамон (Португалия), Кимберли Уильямсты (Ямайка) жүлдеден үміттілер қатарына қосуға болады.
Қазақстаннан үш қарғып секіруден Рыпаковадан бөлек, Ирина Эктова мен Марина Овчинникова да Олимпиадаға қатыспақ. Эктова бұған дейін 3 рет Олимпиада ойындарында бақ сынаған. 34 жастағы спортшы нормативті Бішкекте өткен Олимпида чемпионы Татьяна Колпакованың жүлдесіне
арналған халықаралық турнирде орындады (14,34 метр). Мария Овчинникова Алматыдағы Қазақстан чемпионатында 14,34 метрге секірді.
Үш рет Олимпиада, үш рет әлем чемпионатында жүлде алған, 4 мәрте Азия ойындарында топ жарған, «Гауһар лигада» жеңіске жеткен Ольга Рыпакова реті келсе Токионың тұғырына да көтерілуге ниетті. Оған қарсыластары мүмкіндіктері бере ме? Бұл жағын 1,5 айдан кейін білетін боламыз.
Бек Төлеуов