Кеше «Валенсия» мен «Хетафе» Ла Лиганың шымылдығын ашып берді. Қос команда арасындағы текетірес 1:0 есебімен «Валенсияның» пайдасына аяқталды. Алғашқы ойында екі футболшының қызыл қағаз алғанын да айта кетейік. Бүгін біз жаңа маусымда орын алуы мүмкін жағдайдар мен интригаларға тоқталатын боламыз.
«Атлетико» чемпиондық титулын соңғы рет 70 жыл бұрын қорғаған
Футболшылар титулды қорғаудан гөрі оны жеңіп алу оңай деп айтады. «Атлетико» соңғы рет чемпиондық титулын 1950/51 жылдары қорғады, келесі 70 жыл ішінде алты рет алтыннан алқа таққанымен, оны қорғаудың сәті түспеді. Алайда, былтырғы титул бұл жылы жалғыз қалмайды деп күтілуде.
Диего Симеоне «Атлетико» тарихында өз ізін қалдырған бапкер және ол мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Эль Чоло Чемпиондар лигасын жеңуді армандайды, финалда «Реалдан» екі рет ұтылды, одан бөлек, ол биыл командасының Испания чемпионатында кездейсоқ топ жармағанын дәлелдегісі келеді.
Бұл маусымда чемпиондық титулды қорғау - «Атлетиконың» басты міндеті, биыл олардың діттеген мақсатына жету мүмкіндігі жоғары. Себебі мадридтік клуб барлық көшбасшыларын сақтап қалды, тіпті Оңтүстік Американың жаңа чемпионы Родриго Де Паульді қатарға қосты.
Карло Анчелотти «Реалға» оралып, бар назарын Ла Лигаға аударады
Флорентино Перес Зиданды ренжітті, осылайша, «Реал Мадрид» керемет бапкерінен айырылды. Соңғы жылдары «Эвертонда» еңбек еткен италиялық маман Карло Анчелотти Зинединнің орнын жоқтатпауға тырысады.
Папа Карло «Реалға» алғаш рет келгенде Испания кубогі мен көптен күткен «қалқанқұлақ» кубокті жеңіп алды, енді ол бірқатар маңызды мәселелерді шешуге тырысады: қорғанысты Рамос пен Варансыз қайта құру (дегенмен командаға Алаба қосылды); кейбір футболшылардың мансабын жандандыру, соның ішінде Бэйл де бар; жастарды негізгі командаға тарту; супержұлдыздарды өзінің жаңа тактикалық шешімдермен қызықтыру.
Бірақ Анчелоттиді көрсеткен нәтижесі үшін жауапкершіліктен босатпайды. Себебі ол «Реал Мадридте» жұмыс істейді. Сірә, осы маусымда ол Ла Лиганы жеңуге тырысатыр шығар, бұл оның қолынан келетін болса, оның есімі футбол тарихына алтын әріптермен жазылатын болады. Не үшін дейсіз бе? Карло бес ірі чемпионаттың әрқайсысында жеңіске жеткен алғашқы жаттықтырушы болуы мүмкін. Ол Италияда «Миланмен», Англияда «Челсимен», Францияда ПСЖ-мен және Германияда «Бавариямен» чемпион атанған. Керемет мүмкіндік туып тұр. Себебі ол ортаңқол командаға емес, топ-клубқа келді.
«Барселона» Мессисіз жаңа дәуір бастайды
Месси командада кетуге мәжбүр болды. Енді «Барселонаның» бұрынғы капитаны ПСЖ-да «Реалдың» бұрынғы капитаны Рамоспен бірге ойнайды, ал «жетім» қалған каталондық клуб жаңа көшбасшыларды табуы тиіс. Рональд Куман командаға Агуэро, Депай және Эрик Гарсияны алдыртты, шаршамайтын Педри мен жарақатынан айыққан Ансу Фати де «Барселонаның» жыртығын жамауға көмектеседі. Алдымен Еуропа чемпионатында, содан кейін Токио Олимпиадасында ойнап, тәжірибе жинап келген Педри осы жылы Куман пайдаланатын негізгі ойыншы болмақ. Испаниялық футболшының осы бір қасиеті Агуэро мен Дембеледе болмағаны өкінішті-ақ. Мессидің досы командаға келе сала жарақат алып, он аптаға қатардан шығып қалды.
«Барселона» Ла Лиганың жаңа маусымында біз бақылайтын ең қызықты командалардың бірі болмақ. Менің ойымша, Рональд Куман шәкірттері жарқын және іш ыстырмайтын ойын көрсетеді, бірақ олардың тұрақты нәтиже көрсетуге күштері жете ме - бар мәселе осыда.
Төртінші орын үшін күрес одан сайын қыза түседі
Жоғарыда атап өткен үш командамыздың үздік үштіктен түсіп қалуы екіталай. Ал «Севилья» екі жыл қатарынан төртінші орынға ие болды, бесінші орында тұрған командадан ұпай саны бойынша едәуір озып кетті, бірақ жаңа маусымда Чемпиондар Лигасына берілетін жолдама үшін таластың одан әрі қыза түсетініне сенімдіміз.
Қағаз жүзінде андалусиялықтар әлі де фаворит болып саналады, бірақ биыл «Реал Сосьедад» пен Еуропа Лигасын жеңіп Чемпиондар Лигасына жолдама алған «Вильярреал» лайықты қарсылық көрсетеді. Бұл үш команданың алғашқы үштікке таласатын мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз.
Ла Лига үшін осы маусымдағы ең үлкен шығын - Лионель Месси мен Серхио Рамостың кетуі
Бір жағынан, «Барселона» мен «Реалдың» капитандары кетті екен деп, Ла Лиганың дәрежесін түсіруге болмайды, себебі ПСЖ-ға «асарын асаған, жасарын жасаған» футболшылар кетті. Серхио мен Лео екеуінің жасын қоссақ, 70 жылға таяп қалады. Иә, бұл трансферлер бұқаралық ақпарат құралдары мен маркетингке зиян келтірген шығар, бірақ таза футбол тұрғысынан бұл соншалықты үлкен шығын болып көрінбейді.
Ла Лиганың осы жаздағы ең шулы трансфері әлі алда. Бірақ қазірдің өзінде қызықты жаңадан келген ойыншылар жетіп-артылады.
Давид Алаба, Серхио Агуэро, Мемфис Депай, Родриго Де Пауль, Эрик Гарсия, Эрик Ламела - осы жазда Испанияға қоныс аударған үздік футболшылар. Және, әрине, футболшы тамыз айында Испанияға келіп, Ла Лиганың басты жұлдызы атануы мүмкін деген үміт бар. Біз ПСЖ-дан кетуді ойластырып жүрген Килиан Мбаппе туралы айтып отырмыз. Әлем чемпионы және жаңа буынның жұлдызды ойыншысы кішкентай кезінен «Реал Мадрид» жанкүйері болып табылады. Жазғы трансферлік терезенің жабылуына әлі екі апта бар. Сондықтан ештеңені жоққа шығаруға болмайды.