Қарағандылық «Шахтер» мен «Тобыл» Конфернция лигасының қарымта матчтарында алынбастай көрінген азулы қарсыластарын тізе бүктіріп, үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Осыған орай Meta-ratings.kz тілшісі қос ғаламат ойын туралы тілге тиек етеді.
«Шахтер» түлкі мінез румындардың сазайын берді
Алғаш болып «Шахтер» жасыл алаңға шықты, өкінішке орай, Қарағандының емес Ереванның алаңында ойнауға мәжбүр болды. Румыниялықтар пандемияны сылтауратып, Қазақстанға бармаудың амалын істеп, қитұрқылыққа салды. Дегенмен Армения жері қазақтарды кері теппей, керісінше құтты мекенге айналды.
«Кеншілер» алғашқы минуттардан шабуылға иек артып, 11 минутта Михаил Габышев есеп ашып кетті. Содан кейін бұл есеп 76 минутқа дейін сақталды. ФКСБ сапынан Флоринел Коман қорғаушылардың кеш қимылдағанын пайдаланып, есепті теңестіріп, бухаресттіктерді үшінші іріктеу кезеңіне алып шығып тұрды. Өйткені алғашқы матчта олар 1:0 есебімен жеңген еді. Бірақ бұл жағдайға Айдос Тәттібаев келіспей, 91 минутта қарағандылықтарды алға шығарды. Осылайша екі матч бойынша есеп теңесіп, ойын овертаймға ұласты.
Қос қосымша тайм голсыз аяқталып, мәселе матч соңындағы пенальти сериясына дейін жетті. Он бір метрлік лотореяда Игорь Щацкий бір допқа тосқауыл бола білсе, Тәттібаев жеңісті голды соғып, Румынияның 26 дүркін чемпиондарын еурокубоксіз қалдырды.
Бухаресттегі ойын алдында «Шахтердың» доптарын шамадан тыс үрлеп, ал Еревандағы тегіннен тегін жасалатын телекөрсетілімге теңдей бөліп ақша шығарайық деп арам оймен алға басқысы келген сығандар сан соғып қалды.
Міне, осылайша араға жеті жыл салып, Еуропа сахнасына қайта оралған қарағандылық клубтың жорығы сәтті басталды. «Шахтердың» алғаш болып топтық кезең дәмін сезгенін де ұмыта қойған жоқпыз. Ағымдағы маусымда да дәл сол жетістікті қайталаса, нұр үстіне нұр болары даусыз.
«Кеншілер» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде украиналық «Колос» командасымен кім мықтыны анықтайды. Алғашқы матч 5 тамыз күні, қарымта кездесу 12 тамыз күні өтеді.
Қос клубтың осыған дейін жолдары түйіспеген. 2012 жылы ғана құрылған клубтың еурокубоктік ойындарда тәжірибесі аз. Бар-жоғы екінші рет іріктеу кезеңіне қатысып жатыр. Ковалевка ауылының командасы алынбайтын қамал емес, тек бүгінгі жеңіске масаттанбай, қарсыласпен санасып ойнау керек.
Мокин тағы да пенальти қайтарып, «Тобыл» «Хайдукке» тосын сый жасады
Ал Қостанайдағы «Тобыл» – «Хайдук» арасындағы матч драмаға толы болды. Алғашқы ойында қостанайлықтар 2:0 жеңілгеннен кейін және бүгінгі кездесудің бірінші таймынан кейін қазақстандық клубтың тәжірибелі қарсыласты айналып өтуге қауқары жететініне ешкім сенбеді. Бірақ «Тобыл» айды аспанға шығарып, Хорватияның алты дүркін чемпиондарын тізе бүктірді.
Бірінші таймда бар-жоғы екі қиыс соққы жасаған «Тобыл» екінші таймда түрленіп сала берді. 11 минутта үш бірдей гол соғып, «Хайдуктың» екі аяғын бір етікке тықты. «Ақтөбеден» келген өзбекстандық Игорь Сергеев «Тобылдағы» дебюттік голын ғана емес тұсаукесер дублін де жасап, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар Душан Йованчич те қостанайлық клубтағы алғашқы голын соқты.
Осы бір үш голдан кейін «Тобылдың» қуанышы су сепкендей басылып, Александр Мокин қорғаған қақпаға пенальти белгіленді. Алайда Мокин мырза қырықтың қамалын алса да, отыздың ордасын да бұзбаған қылшылдаған жас ойыншының соққысын және содан кейін қайтара бағытталған допты да қайтарып, он бір метрлікке тосқауыл болудан хас шебер екенін тағы бір дәлелді. Мокин сол бір пенальтидің бетін қақпаса, ойын мүлде басқа арнаға бұрылуы бек мүмкін еді. Сондықтан «Тобылдың» қақпа күзетшісіне оң баға бергеннен басқа айтарымыз жоқ.
Осымен бәрі бітті, «Тобыл» келесі кезеңде деп отырғанда, 94 минутта Эмир Сахити гол соғып, жалпы есепті теңестіріп, тағы да овертаймға өттік. Қосымша уақытта қостанайлықтар сенімдірек көрініп, 118 минутта Асхат Тағыберген айып алаңының сыртынан шірене тартып, жеңісті голды соқты.
Осылайша «Тобыл» мінез көрсетіп, ел мақтаған «Хайдукты» жарыс жолынан шығарды. Ендігі қарсылас словакиялық «Жилина» клубы болмақ. Олар кипрлік «Аполлонды» қос матч қорытындысы бойынша 5:3 есебімен жеңіп, «Тобылға» қарсылас атанды.
Қос клуб ресми ойындарда кездеспеген, бірақ 2020 жылы жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді.
«Жилина» – бір ғасырдан астам тарихы бар мықты ұжым. Словакия чемпионатында жеті рет топ жарған. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен. Бірақ «Хайдуктың» деңгейіндей бола қоймас, не дегенмен қарсыласты бағаламаудан аулақпыз. Уақыттың алдына шаппай, әліптің артын бағайық. Арық айтып, семіз шыққанға не жетсін, шіркін!
Қос тарап арасындағы алғашқы кездесу 5 тамыз күні, қарымта матч 12 тамыз күні өтеді.
Осылайша жеребе тартылып, қарсыластары анықталғаннан кейін дүйім жұрт құрдымға жіберген қос клуб алғашқы матчтарында жеңіліске ұшыраса да, қарымта ойында нағыз ер мінезділік пен табандылықты көрсетіп, қазақстандық клубтар да еуропалық азулы командалармен терезесі тең өнер көрсете алатынын көрсетті. Осындай тамаша эмоция сыйлаған клубтарға алғыс айтып, келесі кездесулеріне сәттілік тіледік!