Кеше Англия Премьер-лигасының тоғызыншы турында «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Ливерпульден» оңбай ұтылды. Осы ретте Meta-ratings.kz тілшісі аталмыш кездесу жайлы өз ойымен бөліспек.
Уле-Гуннар Сульшер «Ливерпульге» қарсы матч алдында негізгі құрамды таңдауы туралы: «Мен «Аталантаға» қарсы матчтағы құрамды шығардым, себебі ол кезде ойыншылар жақсы ойнады», - деп пікір білдірді. Джан Пьеро Гасперини командасымен өткен бірінші тайм Сульшердің есінен шығып кеткен сияқты. Иә, «Манчестер Юнайтед» 0:2 есебінен ұтылып жатып, матч тағдырын өзгертті, бірақ оған ойыншылардың алмасуы мен «Аталантаның» кездесу соңында өз-өздерін жоғалтып алуы әсер етті. «Ливерпульмен» болған матч - Сульшердің өткен матчтағы мәселелерді шеше алмағанының айқын көрінісі.
Ал Юрген Клопп «Атлетикоға» қарсы матчпен салыстырғанда негізгі құрамға екі өзгеріс енгізді - Жота Манені алмастырды, ал Конате Матиптің орнына ван Дейкпен жұп құрды.
«Ливерпуль» қазір бабында тұр - бұлай айтуымыз тек Салахқа байланысты емес. Біріншіден, Клопп қайтадан оңтайлы балансқа ие болды, себебі оның командасы өткен маусымда көптеген жарақаттарға байланысты нашар ойнаған еді. Екіншіден, әр түрлі себептермен өткен жылы мүлдем ойын көрсете алмаған Кейта мен Фирмино қатарға қосылды.
Мұндай «Ливерпульге» қарсы қорғаныста үлкен мәселелері бар команданың ашық футбол ойнауы - нағыз ақымақтық. «Манчестер Юнайтед» «автобусты» тастап, матчты жоғары прессингпен бастады. Тіпті 3-ші минутта Бруну Фернандеш Аллисон қақпасына бір соққы жасап үлгерді.
Қызықтың көкесі осыдан кейін басталды. «Ливерпуль» «Манчестер Юнайтедтің» кемшіл тұстарын пайдалана бастады. Тіпті кездейсоқ соққылардың өзі голға айналды.
«Манчестер Юнайтедтің» қазіргі капитаны Гарри Магуайрды әлемнің ең қымбат қорғаушыларының бірі деп айтуға ауыз бармайды. «Лестермен» болған қорқынышты матчтан кейін (2:4) Магуайр «Аталантаға» қарсы кездесуде де керемет ойнаған жоқ (иә, ол гол соқты, бірақ қорғанысы мәз емес) және бұл өнерін «Ливерпульмен» болған ойында да жалғастырды.
Барлығына «Манчестер Юнайтедтің» орталық қорғаушысын кінәлау дұрыс емес. Өткізілген голдардың барлығы - команданың ойын жүйесіндегі қателіктің салдары, бірақ басты назарға Магуайр мен оның қорғаныстағы серіктестері ілініп қалды. Алғашқы гол соғылған сәтте Магуайр позициясын жоғалтып, Шоуды ғана артта қалдырды. Екінші гол сәтінде - ол жағдайды түсінбестен допты қарсыласына беріп қойды.
Бірінші таймда «Ливерпуль» «Манчестер Юнайтедті» аямай, голдық мүмкіндіктерді жүз пайыз пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетті.
Матчтың қалай өткенін айқын сипаттайтын эпизод - Криштиану Роналдудың Кертис Джонсты құлатып барып, допты соның бағытына қарай тебуі болды. Энтони Тейлор мұндай әрекетті сары қағазбен бағалады.
0:4-тен кейін адамдар «Олд Траффордтан» кетуге асықты. Көрермендер екінші тайм бойы «Манчестер Юнайтедтің» дәрменсіз күйін көріп, үйлеріне қайта бастады.
Юрген Клопп үшін бұл мерейтойлы матч болды. Неміс маманы «Ливерпульмен» бірге 200-ші жеңісіне қол жеткізді. Клоппқа бұл үшін 331 матч қажет болды. Юрген бұл көрсеткіш бойынша Кенни Далглиш (333 матч) пен Боб Пэйслиді (345 матч) басып озып, рекорд орнатты.
Салах - Премьер-лигадағы ең үздік футболшы
50-минутта Салах хет-трик жасап, 2003 жылдан бері «Олд Траффордта» «Манчестер Юнайтедке» қақпасына үш гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Мұны соңғы рет бразилиялық Роналдо жасаған болатын.
Салах Премьер-лиганың 9 ойынында 10 гол соқты (5 нәтижелі пасы тағы бар). Ол «Ливерпуль» тарихында қатарынан 10 ойында (барлық турнирлерді қоса есептегенде) гол соққан алғашқы футболшы атанды.
Тіпті Алекс Фергюсоннің өзі Салахтың үшінші голынан кейін қатты таң қалды. Мұны операторлар байқап қалған екен.
Сульшердің командасы жұбаныш голын соққан да еді. Роналду алыс бұрышұа дәл соққы жасап, есеп айырмасын қысқартты, бірақ төрешілер офсайдтың болғанын анықтап бұл голды да көп көрді. Үзіліс кезінде қосалқы құрамнан шыққан Поль Погба 15 минуттан кейін Кейтаны ауруханаға жіберіп, ойын тәртібін бұзғаны үшін қызыл қағаз алды. Тағы бір эпизодта Кавани бірнеше метр жерден қақпа маңдайшасын дәл көздеді.
«Ливерпуль» жанкүйерлері үшін жалғыз ғана жағымсыз жаңалық бар. Ол Кейтаның жарақат алуы. Бүгін ол қарсыласқа төндірген қауіп бойынша үздік ойыншылардың бірі болды және қорғаныста да сенімді ойнады. Погбаның әрекетінен соң жартылай қорғаушы алаңнан зембілмен кетуге мәжбүр болды.
«Манчестер Юнайтед» кеше Премьер-лигадағы ең ірі жеңілістерінің біріне ұшырады. «Қызыл сойқандар» бұған дейін «Ньюкаслдан» (5:0), «Челсиден» (5:0), «Манчестер Сити» (1:6) және «Тоттенхэмнен» (1:6) ғана оңбай ұтылған.
Man Utd's heaviest Premier League defeats:
— Squawka (@Squawka) October 24, 2021
◎ 20th October 1996
◉ Newcastle 5-0 MUFC
◎ 3rd October 1999
◉ Chelsea 5-0 MUFC
◎ 23rd October 2011
◉ MUFC 1-6 Man City
◎ 4th October 2020
◉ MUFC 1-6 Spurs
◎ 24th October 2021
◉ MUFC 0-5 Liverpool
A scary month. 👻 pic.twitter.com/X1yQ9zBDC8
Өткен жылы «Тоттенхэммен» (1:6) болған ойынды жанкүйерлер жай ғана кездейсоқтық ретінде қабылдаса, бұл жолы заңды нәтиже тіркелді деп айтуға болады. Роналдудың пайда болуымен қорғаныс жүйесі бұзылды - сол Бруну Фернандеш прессингте көбірек жұмыс істеуге және күш-қуатын мүмкіндіктер жасауға емес, допты тартып алу үшін жұмсауға мәжбүр болды. Кешегі ойында бабында тұрған де Хеа да командасын құтқара алмады. Испаниялық қақпашының қолынан ештеңе келмеді.
Бұл ойыннан кейін Уле-Гуннар Сульшердің болашағына қатысты түрлі ақпараттар айтылуда. Сенімді дереккөздердің хабарлауынша, клуб басшылығы бапкерге тағы бір мүмкіндік беріп көрмек.