Қазақстандық азаматтар биыл букмекерлік кеңселерге 78 миллиард теңге ұтылыпты. Бұл ресми статистика. Осы орайда қазақстандық бәс тігушілердің 5 қатесіне тоқталып өтейік. Қай жерде қате жіберіп жатырмыз?
Ең алдымен бәс тігушілер қомақты қаржы тігіп сомаларын үлкейтіп алғысы келеді. Мұндай аудитория Қазақстанда көп емес, дегенімен Алматы мен Астана және Шымкент қалаларында көп тіркелген. Қалталы азаматтар кейде 1,13 коэфицентке бәс тігіп миллиондарынан айырылып жатады. Футболда 1,13 коэфицент ойнап кету ықтималдылығы өте көп болып саналғанымен, шықпай қалу қаупі де бар екенін ұмытпау қажет. Миллион теңге тігіп, 120 мың теңге ұтып аламын деу өз-өзін ақтамайтын жоба екенін оңай байқауға болады. Яғни, сіз миллион теңгені 120 мың теңге үшін тәуекелге салып отырсыз. Бұл дұрыс па? «Барселона» өз алаңында «Малагаға» гол салады деп тіккен бір досым каталониялық клубты қарғыстың астына алғаны әлі есімде. Құрамында Мессиі бар «Барса» өз алаңында 0:2 жеңіледі деп кім ойлаған?
Екінші мәселе экспрессте. Сенбі-жексенбі күндері болатын матчтарды араластырмай сенбі күнгі матчты бір бөлек, ол жеңіліп болған соң ертесіне тағы бір экспресс тігетіндер көп. Адамдар сенбі күнгі матчтармен жексенбі күнгі матчтарды аралстырғысы келмейді. Ол шыдамсыздықтың белгісі. Бүгін тігіп, бүгін ұтқысы келеді. Тағатсыздықтың салдарынан сенбі күнгі 2-3 жақсы матчтың ішіне іріткі салатын болмашы ойындар кіріп кетеді. Сосын «біреуі қадады» деп басыңыз төмен салбырап отырасыз да қаласыз. Егер сенбі күні 3 фаворит команданың жеңісіне сенімді болсаңыз, бірақ олардың коэфиценті аз болса онда неге жексенбі күнгі матчтардың да ішінен іріктеп 2-3 матчты қосып алмасқа?! Бәс тігушілерге жетпейтін ең басты қасиет шыдамдылық. Аң аулаған аңшыдан асықпай, ыждаһатпен ақырын күту қажет.
Үшінші ірі мәселенің бірі экспресстердің тоғысуы. Қазақстандағы бәс тігушілердің жиі жіберетін қателігі — бір оқиғаны екінші экспресстің ішіне қосуы. Менің бір сыныптасым үш экспресс алған. Ойланып, толғанып сенімді деген бәстерді жинапты. Тіккен қаржысы да оңай емес. Бірақ, байқап қараса сол тіккен үш экспрессінің үшеуінің ішінде «Миланның» жеңісі бар екен. Тура сол күні «Милан» ғайыптан тайып жеңіліп қалды. Осылайша үкілеген үш үміттің үшеуі де күлге ұшты. Бір оқиғаны, яки бір матчты екінші экспресске алу үлкен қате екенін анық ұғатын кез жетті, ағайын! Себебі, 100 пайыз шығады деген матч болуы мүмкін емес.
Төртінші ретте тоқталатын жайт коэфицентке қарап бәс тігу. «Боруссия» Дортмундтың жеңісіне 1,35 коэфицент беріп тұрса ол 65 пайыз жеңеді деген сөз емес. Бәлкім бұл командада жарақат алған футболшылар бар шығар. Эрлинг Холланд алаңға шыға ма? Ойынға 1 сағат қалғанда футболшылар тізімі жарияланады. Е болмаса сол матч жайлы ақпараттар оқып, сәл де болса ізденген дұрыс. Ақша тігіп отырған соң бәс тігушінің өзі де ізденіп, хабардар болып отырғаны абзал. Әйтпесе, кеңсені аша салып шығады-ау деген 1,4-1,5 коэфциенттерді теріп қоя салу екінің бірінің қолынан келеді ғой. Ол жай ғана сәттілікте сенім артқан адамның тірлігі. Егер сол сәттіліктің өзі жеткілікті десеңіз, матч тоталы жұп немесе тақ дегенге бәс тіге салыңыз. Екеуінің де коэфиценті 1,85. Яғни мүмкіндіктерді букмекерлік кеңсе 50 де 50 қылып қойған. Аспанға тиын лақтырып, «Орел немесе решка» дегенмен бірдей.
Бесіншіден маған 5 коэфицент жетеді немесе ертең кредит төлеймін, 80 мың шығарып алуым керек деп дәлдеп бәс тігу де қате ұғым. Жалпы, букмекерлік кеңсеге бәс тігіп тез ақша аламын деу қате пікір. Мұнда жиған-терген ақпараттарыңызды, ішкі сараптамаңызды тексеру үшін бәс тігуіңіз қажет. 80 мың керек екен деп тура 8 коэфицентке 10 мың тігетіндер бар. Сосын ол ставка шықпай қалып, 78 млрд теңгеге өз үлесін қосады. 10 мың теңге жеңіліп қалған соң, ішкі психологияны дұрыс сезініңіз. Сіз жеңіліп қалдыңыз, енді оны қазір қайтарып алу қажет деген пікірден арылыңыз. Ол сізді жеңіп кеткен Олжас деген класстасыңыз емес, ол букмекерлік кеңсе. Ол жанды тұлға емес. 100 мың ұтылдым, соны қайтарамын деп кіріссеңіз онда тағы 200 мың жеңілетініңіз түсінікті. Себебі, адамның ақылынан гөрі эмоциясы шешуші рөлге шығады. Қызбалыққа салынады, сосын ашуға жол береді. Жалпы, қалтаңызда артық қаржы болып, бәс тіккіңіз келсе, онда бірден мына ойды санаңызға алыңыз: «Болды мына 10 мың теңге ешқашан қайтпайды» немесе «Мынанша соманы тіктім ол қазір ұтады» деген сөз жоқ. Бұл ақшаны мен ендігі жоғалттым деп есептеңіз. Өйткені, сол бәске зор үміт арты, одан кейін оның жеңіліп қалуы сізді психологиялық тұрғыда қиын жағдайға итермелеуі мүмкін.
Ермұхамед Мәулен