Рунет выбирает
77
79
75
76
80

Құрамында «Алтын бутсы» алған футболшы ойнаған «Қайраттың» қарсыласы «Омония» жайлы не білеміз?

Читать полностью

«Қайрат» тарихында алғаш рет еурокубоктік турнирдің топтық кезеңінде атой салады. Бірінші қарсыласымыз Кипрдің 21 дүркін чемпиондары болмақ. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі «Омония» командасы жайлы азды-кем ақпараттар жинады.

АПОЭЛ өкілдері Грекиядағы азаматтық соғысқа екі түрлі көзқараста болып, коммунизмді жақтаған футболшылар клубтан қуылды. 1948 жылдың 4 маусымында Маттеос Папапетрудың мұрындық болуымен АПОЭЛ-ден қуылған коммунизмнің жақтастары жеке өз алдыларына команда ашып алды. «Омонияның» тарихы осылайша басталды және сол кезден бастап АПОЭЛ-дің бітіспес қарсыласына айналды. «Омония» 1953 жылға дейін әуесқойлар арасындағы лигада өнер көрсетті. Содан кейін ғана Кипр футбол қауымдастығына қабылданып, Бірінші дивизионда ойнауға мүмкіндік алды. Сөйтіп 1960/61 маусымда алғашқы чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осы бір жеңістен кейін никосиялықтар 20 рет ел чемпионатында топ жарып, жалпы саны 21 рет чемпион атанды. Сонымен қатар 14 мәрте Кипр кубогін бастарынан асыра көтеріп, 15 рет (рекорд) Суперкубокта шашасына шаң жуытпаған.

1976 жылы «Омонияның» шабуылшысы Сотирис Кайафас Кипр чемпионатының бір маусымында 39 гол соғып, «Алтын бутсыны» жеңіп алды. Сонымен қатар Әлемнің үздік сұрмергені атанды. Сотирис бұл жетістікке жеткен жалғыз кипрлік футболшы болып табылады. Сондай-ақ УЕФА-ның шешімі бойынша 20 ғасырдағы Кипрдің ең үздік ойыншысы атанған.

2012-2018 жылдар аралығында «Омония» айтарлықтай қаржылық дағдарысқа ұшырады. Тіпті, клуб президенті жанкүйерлерден көмек сұрауға мәжбүр болып, арнайы қор ашылып, команданың болашағына аты үсті қарамайтын жанкүйерлер шамалары келгенше ақшаларын аударды. Тек кипрлік фанаттар ғана емес Англия мен АҚШ-тан да клубтың жанашырлары табылып, бір жарым айдың ішінде 3,5 миллион еуро жинап, клубты сақтап қалды. Сонымен қатар команда ойыншыларының жейделер мен атрибуттарға қолтаңбаларын қойып, сатып, ақшаны клубтың қорына салғанын да айта кеткен жөн.

«Омонияның» еурокубоктерде өнер көрсетуіне келер болсақ, бұл «Омонияның» алғашқы топтық кезеңі емес, 2019/20 маусымда «Арарат» «Легия» һәм «Црвена Звезда» сынды клубтардан басым түсіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті. Бірақ ПСВ, «Гранада» және ПАОК-қа қарсылас атанып, топтық кезеңді соңғы орынмен аяқтады.

Сонымен қатар еурокубоктағы тарихы да «Қайраттан» әлдеқайда тереңде. Еурокубоктік іріктеудегі алғашқы матчын сонау 1965 жылда өткізген. Ал алматылықтар еуро жорығын 2002 жылдан бастады. Бұған себеп Қазақстанның УЕФА-ға 2002 жылы ғана қосылғаны екенін де айта кеткен жөн.

«Омония» өткен маусымда Кипр чемпионы атанып, кәрі құрылықтағы жорығын Чемпиондар лигасынан бастады. Дегенмен загребтік «Динамодан» айласын асыра алмай, Еуропа лигасына түсті. Мұнда плей-офф кезеңіне дейін жетіп, топтық кезеңге бір табан жақын тұрып, бельгиялық «Антверпеннен» қос матч қорытындысы бойынша тең (4:4) түсіп, пенальти сериясы бойынша жеңіліп, Конференция лигасының топтық кезеңіне топ ете қалды. Осылайша «Қайраттың» Н тобындағы қарсыласы атанды.

Осы тұста «Қайрат» еурокубоктағы «Омонияның» алғашқы қазақстандық қарсыласы емес екенін де естеріңізге сала кетсек. 2003/04 маусымда қазір футбол картасынан жойылған павлодарлық «Ертіспен» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде кездесіп, қос матч қорытындысы бойынша 2:1 есебімен жеңіп кеткен еді. Бес дүркін ел чемпионы болған «Ертіс» қазір жоқ болса да, «Қайрат» сол бір кеткен есені қайтаруы керек.

«Омонияның» жалпы құнына келер болсақ, Трансфермаркт порталы клубты 15,78 миллион еуроға бағалып отыр. Ал бұл көрсеткіш «Қайратта» 21,40 миллион еуроны құрайды. Арасы жер мен көктей дейтіндей аса қатты айырмашылық жоқ. Бірақ футболда ақшаның құны жоқ екеніне талай көзіміз жетті. Сондықтан бұл қадалып назар аударардай дүние емес. Бірақ біліп жүру үшін артығы жоқ ақпарат.

Ал «Омония» ойыншыларының орташа жасы 27 болса, «Қайратта» – 26,2. Бұл жағынан да қос тарап шамалас. Команда қатарында легионерлер санына келсек, никосиялықтарда 16 шетелдік ойыншы бар екен. Еуропаның кейбір клубтарында жоқ академиясы бар оңтүстік астаналықтарда 12 легионерлер өнер көрсетуде. Бұл команданың 48 пайыз ойыншыларын құрайды.

Естеріңізге сала кетсек, «Қайрат» пен «Омония» арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні Алматыда өтеді. Ойын елордада уақытымен 20:30-да басталады деп жоспарланған.

Фото: «Омония» ФК

Подпишись на Metaratings.ru
Рейтинг: 5
Реклама 21+