Футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Жомарт Тоқаев Еуропа чемпионатының алғашқы ойыны туралы ойын ортаға салып, алдағы кездесулерге де тоқталып өтті, деп жазады ҚФФ ресми сайты.
— Жомарт, алғашқы ойын қалай болды?
— Еуропа чемпионаты – маңызды турнир. Елің үшін, туған жерің үшін ойнайсың. Словениямен өткен матч қиынға түскені анық. Өйткені біздің команданың қатары толық емес еді. Ауырып қалған және жарақат алған ойыншылар болды. Қарсыластың ойыны да жаман емес. Қарымта шабуылда екі гол соқты. Матчтағы кездескен қиындықтарға қарамастан есепті теңестіре алдық. Қолдау білдірген барша жанкүйерге алғыс білдіргім келеді.
— Словениямен өткен ойынға бас бапкер Рикардо Кака қатыса алмады. Оның жоқтығы байқалмады ма?
— Бас бапкер алаң жиегінде болмаса да, қасымызда жүргендей болды. Ойын алдында бейне қоңыраумен хабарласып, қатты алаңдаушылық білдірді. Шыны керек, жанымызда болғандай. Айтқан сөздерінің бәрі құлағымда сақталып қалды. Бас бапкердің көмекшісі Сергей Коридзе де ақыл-кеңесін аяған емес. Жылдам қозғалып, сенімді ойнауды талап етті. Словенияның ойыншыларына қарсы Чемпиондар лигасында ойнағанмын. Олардың қалай ойнайтын білдім. Мен әр ойын алдында дайын жүремін. Алаңға шықпай қаламын деген ой болмайды. Кез келген жағдайға дайын болу шарт.
— Гол соққан сәт қалай болды? Допты сол жерде күттің бе?
— Бұрыштамадан берілген допты сұрағанмын. Алайда пас жетпеген соң айып алаңының ортасына ендім. Пас алған Игита допты қақпаға тепті. Қорғаушылардан серпілген доп Тайнанның аяғына дөп түсті. Сол сәтте ашық қалдым. Тайнанның пас беретінін біліп, допты күттім. Жоспарланған шабуыл емес еді.
— Топтық кезеңнің тағы екі ойыны бар. Олар туралы не ойлайсың?
— Финляндия және Италияға қарсы құрам толық болады деп үміттенемін. Топтағы қалған екі ойынды ұту керек. Екеуі де мықты ұжым. Осы турнирде жеңіл қарсылас жоқ.
— Ұлттық құрамаға өткен жылы шақырту алдың. Бір жылдың он үш ойынға қатысып, үш гол соқтың. Екі ірі турнирге қатысуға мүмкіндік туды...
— Мен ең басында ұлттық құраманың кеңейтілген тізімінде жүрдім. Соны қанағат тұтқанмын. Шақырады деп ойламадым. Бас бапкерге мүмкіндік бергені үшін алғысымды айтамын. Алғашқы ойында гол соқтым. Әлем және Еуропа чемпионатында ойнау бақыты бұйырды. Бақыттымын. Қазақстан құрамасының жейдесінде алаңға шыққан ойындарымның барлығы мен үшін маңызды. Әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты және жолдастық кездесу деп бөлеймін. Әр матчта бар күшімді саламын.
Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.