Бокстан Қазақстан ерлер құрама командасы Пхукетте (Тайланд) өткен Thailand Open халықаралық жарысын үш алтын медальмен аяқтады. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарған отандасымыз Серік Теміржанов Olympic.kz сайтына жарысты қорытындылап, жоспарымен бөлісті.
«Халықаралық жарыс біз ойлағандай сәтті өтті. Бапкерлер құрамы тарапынан қойылған мақсат, тапсырмалар орындалды. Десе де, жарыс барысында кеткен қателіктерболды. Ендігі мақсат - кемшілікті болашақта болдырмау, бапкерлеріммен бірге жекпе-жекті көріп, қатемен жұмыс істеу.
Бұл менің былтырғы әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы жарысым. Бас бапкер Қайрат Сатжанов пен жаттықтырушымыз Нұркен Андасовтың қарамағында аталған додадаға тыңғылықты дайындалдық. Алматы облысында ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Осылайша, бес ай үзіліс ешқандай кері әсерін тигізбеді», - дейді жеңімпаз Серік.
Жазғы спорт түрлері бойынша биылғы негізгі бәсеке Азия ойындары екені анық. Ол 10-22 қыркүйек күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Бүгінгі таңда былғары қолғап шеберлерінен кімнің аспан асты еліне аттанатыны белгісіз дейді боксшы:
«Биыл басты додалардың бірі - Азия ойындары. Байрақты бәсекеге кімнің баратыны қазірше белгісіз. Бапкерлер кім бабында болады, сол спортшыға мүмкіндік береді деп ойлаймын».
Серік Теміржанов Тайланд шаршы алаңында жұдырықтасқан қарсыластарының осал болмағанын екенін айтты. Сондай-ақ, спортшы қарсыластарымен таныс екенін және осыған дейін бірнеше рет қолғап түйістіргендерін жасырмады.
«Осы жарыста кездескен үш қарсыласымды жақсы танимын және олардың ешқайсысы оңай шағылатын жаңғақ емес. Олармен осыған дейін де кездестік. Мәселен, жартылай финалда кездескен Руджакран Джунтронгпен осыған дейін 2019 жылы жұдырықтасқан болатынбыз. Вьетнамдық, филиппиндік спортшылар да әлемдік аренада өз елінің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар. Бірі Токиода өткен Олимпиада ойындарына қатысса, бірі әлемдік ірі бәсекеделерде жүлдегер атанып үлгергендер.
Қазіргі таңда бокс қарқынды дамып келе жатыр. Сол себепті қарсыластар саны да артуда, бәрі мықты», - деп, сөзін түйіндеді Серік Теміржанов.
Айта кетерлігі, Серік Теміржанов Тайланда өткен халықаралық жарыста 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Финалда ол филиппиндік Ян Кларк Баутистамен кездесіп, 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.
Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.