Қазан айының соңғы жағында әуесқой бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасында айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін. Жаңарған құрама қандай болады деген сұраққа Meta-ratings.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Токио Олимпиадасынан кейін қазақ боксшыларына көп сын айтылды. Бас бапкер ауысты. Ғалымбек Кенжебаевтың орнына жастар құрамасында жүрген Қайрат Сәтжанов тағайындалды.
Ол енді алдымен бапкерлер штабына өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Кенжебаевтың тұсында қызмет еткен Мырзағали Айтжанов, Марат Манашев, Бауыржан Аманбаев, Нұрлан Ақүрпековтер ұлттық құрамамен қоштасып, тек жеке шәкірттерін тәрбиелеуі мүмкін.
Әзірге жаңа бапкердің штабына кімдер қосылғаны белгісіз.
Сербиядағы әлем чемпионаты
26 қазан мен 6 қараша аралығында Сербия астанасы Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл осы жылдың Олимпиададан кейінгі ең маңызды жарысы. Белрград жалғыз Қазақстан құрамасы емес, барлық елдің боксында азды-кем өзгеріс болатыны түсінікті. Өйткені Олимпиададан соң, кейбір боксшылар карьерасын аяқтайды, кейбіреулері кәсіпқойға кетеді. Тіпті, салмақ ауыстыратындары бар.
Оның үстіне, АИБА бокстағы салмақ дәрежелерін өзгертті. Енді әлем чемпионатында 13 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады.
Алғаш рет әлем чемпионатында 100 мың доллар сыйақы беріледі
Бұрын-сонда әуесқой бокста әлем чемпионатында жеңімпазға ешқандай сыйақы тағайындалмаған еді. Осы жолы АИБА қаржылай қомақты сыйақы бермек. 13 салмақтың әрбір жеңімпазы 100 мың долларға ие болады. Екінші орынға 50 мың, үшінші орынға 25 мың доллардан үлестіріледі. Белградтағы әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 2,6 миллион долларды құрап отыр.
«Мұндай қадам біздің бокстың дамуына өз септігін тигізеді. Боксшылар тек рингте ғана жетістікке жетіп қоймай, қаржылық жағдайларын да жақсартады», – дейді АИБА президенті Умар Кремлев.
Левит пен Сафиуллин карьерасын аяқтауы мүмкін
Токиоға барған құраманың ішінде ардагері Зәкір Сафиуллин мен Василий Левит болған еді. Алғашқысы 35 жаста болса, Левитте 33-ке толды. Енді екеуі де спорттық карьераларын аяқтауы мүмкін. Мұны ұлттық құраманың жаңа бапкері Қайрат Сәтжанов та айтып отыр. Әзірге екі боксшы ресми түрде ешқандай хабарландыру жасамады. Бірақ әлем чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиындарына шақыртылған жоқ.
Кәсіпқой боксшылардан әлем чемпионатына кімдер барады?
Қазақстан бокс федерациясының вице-президент, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев осының алдында ұлттық құрамаға кәсіпқой боксшылар келуі мүмкін екенін айтқан еді.
«Алда Сербияда бокстан өтетін әлем чемпионаты келе жатыр. Біз қазіргі таңда кәсіпқойға ауысқан жігіттермен келіссөз жасап жатырмыз. Бұйырса, алдағы әлем чемпионатында, одан кейін Париж олимпиадасында кәсіпқойдағы боксшыларымыз ұлттық құрама сапынан көрінуі мүмкін. Қазір олардың еңбекақы мәселесін шешіп жатырмыз», – деген болатын Бақтияр Артаев.
Енді кәсіпқойлардан Сербиядағы әлем чемпионатына кімдер қатысуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Қайрат Сәтжанов бірінші кезекте 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет баруы мүмкін екенін айтты. Ол жаңадан енгізілген 86 келіде бақ сынайды деп күтілуде.
Сонымен қатар 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанып, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Садриддин Ахмедовтің де құрамаға оралуы туралы айтылып жатыр.
Бас бапкер талантты жас боксшыны шақыруға дайын екен. Бірақ оған Ахмедовтің менеджерлері қалай қарайтыны әзірге белгісіз.
Токиоға барғандардан кімдер қалды?
Бокс құрамасы 17 қыркүйекте Шымкент қаласына жиналды. Жаңа бас бапкер 50 боксшыны шақырған. Осылардың арасында әлем чемпионатына қатысатындарды іріктемек. Токио барған боксшылардан Абылайхан Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов Белградта бақ сынауы ықтимал.
«Одан кейін Англияда сол елдің құрамасымен бірлескен жаттығу жиындары өтеді. Сол сында боксшыларды іріктеп, бірінші құрамды анықтап, Сербияға апарамыз. Құрамада жастарға мүмкіндік беріледі. Олимпиадаға қатысқан боксшылардың басым бөлігі әзірге демалады. Әрі кетсе 2-3 боксшы ғана әлем чемпионатына қатысуы мүмкін», – дейді Қайрат Сәтжанов malim.kz берген сұхбатында.
Құрамада жастар көбейеді
Жаңадан тағайындалғанын бас бапкердің бұған дейін жастар құрамасын жаттықтырғанын жоғарыда жаздық. Қайрат Сәтжанов енді ұлттық құрамада жастардың санын көбейтуді көздеп отыр.
Бірінші кезекте ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбай, ағайынды Саматәлі және Санатәлі Төлтаев, ағайынды Ерасыл және Ермахан Жәкпековтер бар. Сондай-ақ Сағындық Тоғамбай, Санжар Тәшкенбай да ұлттық құрамаға қосылады деп күтілуде.
Одан бөлек, былтыр Қазақстан чемпионы атанған, 2018 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сабырхан Махмұд, 2021 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниал Сәбит, 2020 жылғы Спартакиаданың күміс жүлдегері Оразбек Асылқұлов, 2019 жылғы Азия чемпионы Сабырғали Аманат бар.
Бек Төлеуов