Өткен ғасырдың аяғында кәсіпқой бокста ауыр салмақта дүркіретіп, әлемнің абсолютті чемпиондары болған Майк Тайсон мен Эвандер Холифилд үшінші рет кездесуі ықтимал. Бұл туралы америкалық БАҚ жарыса жазып жатыр.
Негізі бұл кездесуге көпшілік те қарсы емес. Әсіресе пандемия кезінде. Жанкүйер шоу көргісі келеді. Шоуды осы екі боксшы көрсете де алады. Бұл кездесуге байланысты екі боксшының командасы келіссөз бастады. Ол ақпаратты Майк Тайсоннның жақын досы, даңқты боксшы Заб Джуда ESPN арнасына берген сұқбатында растады.
Аңыздардың айқасы үшін араб шейхтары ақша беруге де дайын екен. БАӘ шейхтары жекпе-жекті ұйымдастыруға 200 миллион фунт стерлинг дайындап отыр.
Тайсон мен Холидилд кездесуіне Тайсон мен Джонс арасында кездесу негіз болды. Пандемия кезінде Майк араға 15 жыл салып, карьерасын қайта бастады. Мәжбүрлі түрде. Негізі Рой Джонсқа қарсы кездесуден түсетін ақшаны қайырымдылыққа беретінін айтты. Бірақ олай емес. Себебі, бұрнағы күні Тайсон банкротқа ұшыраған. Оның АҚШ билігі алдында салығы көп. Сондықтан табыстың көп бөлігін салыққа төледі. Енді өзіне ақша жасау керек. Ол үшін Холифилдке қарсы айқас таптырмас мүмкіндік болып тұр.
28-қараша күні Лос-Анджелес қаласында өткен Тайсон-Джонс арасындағы кездесуден 50 миллион табыс түсіпті. Ал кездесудің тең аяқталғаны баршаңызға белгілі. Аталған айқаста Тайсон қарсыластан шамалы мықты болғанын көз көрді. Алайда, төрешілер екі боксшыны да ренжітпеу үшін, тең деген нәтиже тіркеді.
Осы кездесу аяқталғаннан соң Майк бірден Эфандер Холифилдпен кездескісі келетінін айтты. “Холифилдпен үшінші рет кездескім келеді. Менің қайырымдылық қорым үшін бұл керемет болар еді. Әлемде көмекке мәжбүр жандар көп. Эвандермен кездесіп, мен оларға көмек бере алатын едім”, - деді Тайсон.
Холифилд те бұл ұсыныстан кейін қарап қалмады. “Біз Тайсонмен келіссөз өткіздік. Үшінші кездесу болады. Менің промоутерлерім оның командасымен жұмыс істеп жатыр. Қазір соңғы шешімді күтіп отырмын. Мен бұл кездесуге дайынмын. Міндетті түрде үшінші рет кездесеміз деп ойлаймын. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Жалпы дайынмын”, - деп қысқа қайырда боксшы.
«Кездесу болады. Майк Тайсон және Эвандер Холифилд арасындағы үшінші кездесу өтеді. Жекпе-жектен 200 миллион табыс түсу мүмкін. Келісімшартқа қол қойылды. Қазір екі боксшы да дайындалып жатыр. Бізді жылдың ең үздік кездесуі күтіп тұр», - деді Заб Джуда бұл айқас туралы.
Осы ақпараттан кейін түрлі промоутерлік компаниялары айқасты ұйымдастыруға ниет білдірді. Бірақ олардың ішінде ең үлкен ұсынысты жасаған дубайлық шейхтар болды. Олар 200 миллион фунт стерлинг ұсынды.
Кездесуді ұйымдастыру құқығын осы шейхтар алатын шығар. Себебі, бұған дейін де олар Энтони Джошуа мен Энди Руис арасында кездесуді өткізді. Одан бөлек, UFC ұйымында біраз айқастарға араласты.
Оның үстіне Тайсон мен Холифилд арасындағы кездесу барлық шығынды ақтайды. Өйткені, кездесуді миллиондаған жанкүйер асыға күтіп отыр. Сол үшін де шейхтер білек сыбана ұйымдастыруға кірісіп кетті.
Өткен ғасырдың 90-жылдары екі боксшы арасындағы кездесуден керемет табыс түсетін. Тіпті әр кездесуде ақылы трансляциялардың рекорды да қойылатын. Ал жалпы Тайсон мен Холидилд арасындағы екі кездесуден 2015 миллин доллар табыс түскен.
Тарихқа көз тастасақ олардың бірінші кездесуі 1996 жылдың 9-қарашасында өтіп, күтпеген жерден Холифилд қарсыласын 11-раунда нокаутқа түсірді. Ал екінші кездесу 1997 жылдың 28-маусымында өтті. Бұл бокс тарихындағы ең жанжалды жекпе-жек болып қалды. Жекпе-жектің үшінші раундында Майк қарсыласының құлағын тістеп, айқастан шеттетілді.
Сол уақыттан бері бұл екеуі бітіспес қарсыласқа айналды. Бірнеше рет үшінші кездесуді ұйымдастыруға да тырысты. Алайда сол күйі үшінші рет шаршы алаңда кездесе алмай кетті. Майк карьерасын 2005 жылы аяқтса, Холифилд 2011 жылы қолғабын шегеге ілді.
Холифилд негізі 2020 жылы шаршы алаңға қайта оралатынын хабарлады. Жаттығуын бастады. 59 жастағы Алабаманың алыбы ауыр салмақтағы тағы бір аңыз боксшы Владимир Кличкомен бірге жаттығып жатыр.
Эвандер Тайсоннан бұрын дене қыздыру үшін бір жекпе-жек өткізетіні айтылды. Қарсылас ретінде бұрынғы чемпион Гленн Маккори таңдалды. Жекпе-жек сәуір айында Лондонда өтуі керек болатын. Бірақ қазір Холифилдтің жоспары түбегейлі өзгеріп кетті. Енді оның басты мақсаты - Тайсонмен кездесу.
Бүгінде Тайсонның жасы 54-те, ал Холифилд 59-да. Дегенмен екеуі де үшінші кездесу үшін жастың ешқандай кедергі болмайтынын айтып жатыр. Енді тек ресми ақпарат қалды. Ал бейресми мәлімет бойынша, кездесу наурыздың соңы немесе сәуірдің басында Лас-Вегаста өтед. Біз де бұл айқасты асыға күтеміз. Себебі, бұл боксшылардың арасындағы кездесу қашанда қызыққа толы болған.
Уәлихан Қосанбай