ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Winline KZ
PIN-UP KZ
Самый надёжный букмекер*
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Түркістандағы «су добы», Атыраудағы кикілжің, «Тараздың» камбэгі. 1-тур несімен есте қалды?

Асыға күткен Қазақстан Премьер-лигасының 1-туры да көзді ашып, жұмғанша өте шықты. 1-турдың өзінде-ақ жыл бойы жырлайтындай жаңалықтар жиналды. «Түркістан Аренада» «су добынан» өткен матч тең аяқталды, Шымкентте дәл осы қателікті болдырмау үшін ойын кейінге қалдырылды. Атыраудағы төреші мен футболшының текетіресі. Meta-ratings.kz тілшісі 1-турда орын алған осы және өзге де өзекті өртеген және көңілді көншіткен жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Жаңа маусым бастала салысымен екі күннің ішінді екі жылға жетерлік оқиғалар орын алды. Бірақ бұл қазақ футболына таңсық емес. Сонымен 1-турда орын алған жаңалықтарға тоқталсақ.

Түркістандағы су жаңа стадионда өткен «су добы»

1-турдағы ең көп талқыланған матч «Түркістан Аренада» өтті. Жергілікті «Тұран» елордалық «Астананы» қабылдап, 2:2 есебімен тең түсті. Қос тараптың аяқдопшылары жаңа алаңда шалқып жүріп доп тебудің орнына, жаңбырдың суынан жиналған шалшықта шылқылдап, әуре-сарсаңға түсті. Осы ойыннан кейін барша БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер ҚФФ-ны сынға алды. 35 миллион еуроға салынған алаңды жерден алып, жерге салды. Ойыннан кейін «Астананың» бас бапкері Андрей Тихонов мырза да ұйымдастырушылар мен стадионды сынға алды.

Мынандай көлшік алаңға матч өткізуге рұқсат бергендердің бірі, ойынның бас төрешісі, Айдын Рахимбаев екен. Егер ол кісі алаң ойын өткізуге жарамсыз деп шешсе, кездесу кейінге шегерілетін еді. Бірақ өздеріңіз көргендей, матч өтіп, артынан естен кетпестей естеліктер қалдырды. Не болса да, болар ісіп болып, бояуы сіңсе де, стадиондағы көлшік сіңбеген болар. Бастысы футболшылардың денсаулығына зияны тимесе болғаны.

Бір түйір қағаздағы, мың бір қате...

Бұл ойында одан бөлек тағы бір жағдай жанкүйерлердің назарынан тыс қалмады. Ол аталған матчқа сатылған ойын билеттерінің сыйқы. Жәй ғана ақ қағазға басылғанын есептемегенде, жаңа латын әліпбиімен жазамыз дегендері де сәтті шыға қоймаған. Біршама қателікті көзі қырағы көрермен бірден байқайды. Мысалы, «Ötkizy jeri» деген тіркес жаңа латын әліпбиінде олай емес, былай «Ötkızu jerı» жазылады. Бұл тіркес негізі стилистикалық жағынан да дұрыс емес, дұрысы «Өтетін орны», яғни «Ötetın orny» болады. Ақыры басын қазақша жазған екен демек, «Turkestan Arena» емес, «Türkıstan Arena» деген дұрыс. Сонымен қатар «Turan» емес, «Tūran», ал «Orin» деген «Oryn» болып жазылады. Ел қатарлы дизайыны тамаша билет шығармасаңыздар да, бір түйір ақ қағазға қатесіз жазған абзал болар еді. Латын әліпбиін әлі толық меңгеріп үлгермесеңіздер, кириллицамен жаза берген жөн.

Атыраудағы төреші мен футболшы арасындағы кикілжің

1-турдың алғашқы күнінде Атыраудан Түркістандағы «су добынан» да бөлек футболсүйер қауымды елең еткізген жаңалық келіп жетті. «Атырау» мен «Шахтер» (0:1) арасындағы ойын аяқталып, футболшылар киім ауыстыратын бөлмеге барар жолда матчқа төрелік еткен Арман Исмуратов бізге белгісіз себептермен «Атыраудың» 20 жасар жартылай қорғаушысы Сәбит Тастанбековқа қол көтереді. Кейіннен бұл оқиға жөнінде ҚФФ ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың арнайы органға қаралымға жіберілгенін айтты. Бірақ одан кейін әлгі Исмуратовтың жоғарыда беделді таныстары бар деген қауесеттер желіде желіді. Егер бұл шындыққа жанасса, Исмуратов жеңіл жазамен құтылады немесе Тастанбековті де кінәлі етіп шығаруы әбден мүмкін.

Алғашқы ойын күнінде бұлардан бөлек маусымның алғашқы голы, сары қағазы және алаңнан қуылу тіркелді. Жаңа маусымдағы алғашқы сары қағазды «Қайрат» – «Жетісу» матчында жетісулық Аслан Жанұзақов алса, дәл осы ойында маусымның алғашқы қызыл қағазы да көрсетілді. Бұл «атаққа» алматылықтардың қорғаушысы Денис Поляков ие болды.

Аталған кездесуде «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский ойыншысы Артур Шушеначевке қарсы ойын тәртібі бұзылған кезде қарсылас клубтың футболшысына төреші қызыл қағаз көрсетуі керек еді, деп «Қайраттың» матчына нұр-сұлтандық төрешілер тобының төрелік еткеніне наразылығын білдірді.

Ал жаңа маусымның алғашқы голы шулы «Атырау» – «Шахтер» матчында соғылды. Ойынның 14 минутында маусымаралық үзілісте «Тамбовтан» «Шахтерға» ауысып келген Виталий Балашов «Атырау» қақпасының кілтін тауып, ҚПЛ-2021-дің беташар голын өз есіміне жазды.

Шымкенттегі ойын кейінге шегерілді, «Тараз» ғажайып камбэк жасады

1-турдың екінші күні алғашқы күндегідей шулы жаңалықтарымен аты шықпаса да, бірнеше айтарлықтай жағдайлар орын алды.

Шымкенттің «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионында» өтуі керек болған жергілікті «Ордабасы» мен петропавлдық «Қызылжар» арасындағы кездесу қалада қардың көп мөлшерде жауып, алаңның ойын өткізуге жарамсыз болып қалуына байланысты матч белгісіз уақытқа дейін кейінге қалдырылды.

Бірінші ойын күніндегі түркістандықтардың қателігін қайталамай, футболшылардың жағдайлары ескеріліп, ойынның шегерілуіне жанкүйерлердің басым көпшілігі жылы қабақпен қарады.

Одан бөлек бұл күні «Қайсар» мен «Тараз» арасындағы ойында тараздықтардың тамаша камбэгіне куә болдық. Негізгі құрамда он бірдей қазақтандық футболшыны шығарған «Тараз» 2:0 есебімен жеңіліп жатып, 2:3 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Барлық бес голдың бірінші таймда соғылғанын да айта кеткеніміз жөн.

Бірақ бұл ойында да жайсыз жағдай орын алды. Нақтырақ айтсақ, матч барысында «Қазақтелеком» телекоммуникациялық компаниясының желісінде апат орын алып, жанкүйерлер тікелей көрсетілімсіз қалды.

Ал жалпы статистикалық мәліметтерге келер болсақ, 1-турда 16 гол соғылып, 28 сары қағаз көрсетілсе, бір ойыншы қызыл қағазбен «марапатталды».

Жоғарыда көргендеріңіздей, 1-турға жоспарланған жеті ойынның алтауы өтіп, төрт ойында жеңімпаздар анықталса, екі кездесу тең нәтижемен аяқталды. Жаңа маусымымыздың алғашқы турында өкініштен ах ұратындай, тамасанғаннан қол соғарлықтай да сәттер болды. Енді 19-20 наурыз аралығында өтетін 2-тур ойындарын тағатсыздана күтеміз.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте