Жазғы трансферлік кезең басталып кетті. Кейбір клубтар қазірдің өзінде 100 миллионға жуық ақша шашуда және мұнымен тоқтап қалатын емес. Осы орайда соңғы он жылдың ең қымбат жазғы трансферлерін еске алуды жөн көрдік.
2012 жыл. Тьяго Силва — 42 млн еуроға «Миланнан» ПСЖ-ға
Осыдан он жыл бұрын париждік клуб «Ммланмен» екі ірі келісімге келіп, Ибрагимович пен Силваны қатарларына қосты. Соның екіншісіне сол заматтағы нарық құны бойынша қомақты қаржы төлеп, әрі қарай да мықты ойыншыларға ақша аямайтынын көрсетті. Содан кейін Силва ПСЖ жейдесінде табаны күректей сегіз маусым өткізіп, ақшасына бір тиынын да қалдырмай өтеді. Бразилиялық қорғаушы қазір лондондық «Челсидің» намысын қорғайды.
2013 жыл. Гарет Бэйл — 101 млн еуроға «Тоттенхэмнен» «Реалға»
Алдыңғы жылға қарағанда бұл жылы клубтар жұлдызды ойыншыларға айтарылықтай шашылды. Мадридтік команда 100 миллион еуродан аса қаражатқа Бэйлды алып, «Тоттенхэм» сол ақшаға жарты құрамын өзгертті. Тіпті, бұл трансфердің рекордын Неймардың «Барселонаға» ауысуы да бұза алмады. Сол жылы каталондық клуб «Сантосқа» 88 млн төледі.
Гарет сол келгеннен мол қалып, «Реал» сапында сегіз маусым өткізіп, биыл ғана «королдік клубпен» қош айтысты. Уэльс құрамасы көшбасшысының қай командаға қосылатыны әзірге белгісіз.
2014 жыл. Луис Суарес — 81,72 млн еуроға «Ливерпульден» «Барселонаға»
«Барса» дәл осы сәттен кейін көптің көзайымына айналған MSN (Месси – Неймар – Суарес) триосын құрды. Әрине, ол үшін аз ақша кете қойған жоқ, бірақ соған тұрарлықтай болды. Уругвайлық шабуылшы мергендігімен және нәтижелі пасымен жиі көзге түсіп, клубтың жеңістеріне өз үлесін қосты. Қазір сол MSN үштігінің біреуі де каталондық клубта қалмады. Суарес «Атлетикодан» кейін еркін агент ретінде команда іздеп жүр, ал Месси мен Неймар иық тірестіре ПСЖ-ның намысын қорғауда.
2015 жыл. Кевин де Брюйне — 76 млн еуроға «Вольфсбургтен» «Манчестер Ситиге»
«Қалалықтар» сол жылы құрамды жасақтауға ақшаны аямады. Кевиннің трансфері – жазғы терезенің ең қымбат ауысымы. Сонымен қатар 63,7 миллионға «Ливерпульден» Рахим Стерлингті сатып алды. Бұл сол жаздың екінші қымбат трансфері болып тіркелді. Қазір қос ойыншы да әлі күнге дейін «Манчестер Ситидің» жейдесінде өнер көрсетуде. Рахимнің командадан кетуі мүмкін деген сыбыстар сай-саланы шарласа, бельгиялық жартылай қорғаушы кемі 2025 жылға дейін Гвардиоланың сенімді серігі болмақ.
2016 жыл. Поль Погба — 105 млн еуроға «Ювентустан» «Манчестер Юнайтедке»
2016 жылы англиялық клубтар аянып қалмады. Жылдың қымбат он трансферінің жетеуін АПЛ командалары тіркеді. Соның ең қымбаты Погбаның «Ювентустан» «қызыл сойқандардың» сапына қосылуы болды. Сол уақыттан бері манчестерлік клубта алты маусым өткізген франциялық ойыншы командадан кетуге жақын. Шетелдік дереккөздердің ақпаратына сенсек, Поль тағы да тегін «Ювентусқа» ауысуы ықтимал.
2017 жыл. Неймар — 222 млн еуроға «Барселонадан» ПСЖ-ға
2017 жылдың жазында футбол тарихындағы ең қымбат трансфер орын алды. ПСЖ ақша шашқан осы екен деп Неймар үшін «Барселонаға» 222 миллион беріп, нарықтың бағасын күрт көтеріп жіберді. Ал қолында 222 миллионы бар каталондықтар 140 миллионға «Боруссиядан» Усман Дембелені сатып алды. Сәтсіз трансфер.
Париждік клубта бес маусым өткізген Неймар басшылардың көңілінен аса қатты шыға қоймады. Өйткені басты мақсаттары әлі орындалмады — Чемпиондар лигасында топ жару. Сол себепті және жалақысының көптігі есебінен ПСЖ 30 жастағы бразилиялықты сатуға тырысуда, алайда Неймардың кеткісі жоқ.
2018 жыл. Килиан Мбаппе — 180 млн еуроға «Монакодан» ПСЖ-ға
Араға бір жыл салып та ең қымбат трансфер ПСЖ-ның еншісінде кетті. Бірақ әлі де сол асқақ мұраттарына жете алмауда. Ал Килианның отбасы бүкіл футбол әлемін сан соқтырып, ПСЖ-мен келісімшартты 2025 жылға дейін ұзартты. Оған дейін франциялық шабуылшының «Реалға» ауысуына ешқандай кедергі жоқтай көрінген еді. Шетелдік дереккөздерге сенсек, Мбаппенің жақындары майлы контрактқа ие болу мақсатында қос тарапты ойыншыққа айналдырыпты.
2018 жазының тағы бір ірі оқиғасы — Роналдудың «Реалдан» кетуі. Криштиану 2009 жылдан бері өнер көрсеткен мадридтік клубтан 117 миллион еуроға «Ювентусқа» ауысты. Сөйтіп мансабындағы жаңа жолды бастады. Португалиялық форвард қазір «Манчестер Юнайтед» жейдесінде өнер көрсетуде.
2019 жыл. Жоау Феликс — 127 млн еуроға «Бенфикадан» «Атлетикоға»
2019 жылдың жазында мадридтік клуб бұл жолы «Реал» емес, «Атлетико» өте белсенді болды. Олар Феликсті 127 миллионға алып, Гризманнды «Барселонаға» 120 миллионға сатты. Мұнымен тоқтап қалмай, Лукас Эрнандесті «Баварияға» жіберіп, бюджеттерін 80 миллионға толықтырды.
22 жастағы Феликс соңғы ойындарда жарақат алуына байланысты ойнамағанымен, жалпы статистикасы шабуылшы үшін көңіл көншітерліктей емес. Бірақ әлі жас болғандықтан айтары бар деп ойлаймыз.
2020 жыл. Кай Хаверц — 80 млн еуроға «Байерден» «Челсиге»
«Челси» сол жылы белсенді болды. 200 миллион еуродан астам қаражатқа Хаверц, Вернер, Чилуэлл һәм Зиеш сынды ойыншыларды сатып алды. Солардың ішіндегі Кайдың трансфері жаздың ең қымбат ауысымы болып тіркелді. Германия ұлттық құрамасының ойыншысы жақында ғана басшысы ауысқан лондондық клубта аса сәтті емес екі маусым өткізді. Қос тарап 2025 жылға дейін жарамды келісімшартқа қол қойған еді.
2021 жыл. Джек Грилиш — 117,5 млн еуроға «Астон Вилладан» «Манчестер Ситиге»
Бұл жылы да АПЛ клубтары ерекше белсенді болды. Жаздың топ-3 қымбат трансферін де англиялық командалар жасады. Ең қымбатын жоғарыда айтсақ, екіншісін «Челси» тіркеді. Лукакуды «Интерден» 113 миллионға сатып алып, әлі бармақ шайнап жүр. Ал үштікті Джейдон Санчоның 85 миллионға «Боруссиядан» «Манчестер Юнайтедке» ауысуы қорытындылады.
Грилишке келер болсақ, англиялықтың «қалалықтар» сапындағы алғашқы маусымы көпшілік қалағандай болды деуге келмес. Джек чемпиондықты ерекше тойлауы және шаш үлгісімен есте қалды.
Ал енді ғана басталған 2022 жыл жазының әзірге ең қымбат ауысымдары төмендегідей:
- Орельен Тчуамени — 80 млн еуроға «Монакодан» «Реалға»
- Дарвин Нуньес — 75 млн еуроға «Бенфикадан» «Ливерпульге»
- Эрлинг Холанд — 60 млн еуроға «Боруссиядан» «Манчестер Ситиге».
Материал белгілі Transfermarkt порталының деректері бойынша дайындалды.