Қазақстанда алғашқы трансферлік кезең жабылып, барлық клубтар барынша күшейіп қалуға тырысты. Бірі жергілікті жастардан команда жасақтаса, енді бірі алыс-жақын шетелдерден легионерлер шақыруды жөн көрді. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі Қазақстанның жаман түйенің жабуындай стадиондарында ойнауға келген Пеленің жерлестерін тілге тиек етпек.
Виктор Брага («Ордабасы»)
Маусым басталмай тұрып ҚПЛ-де ойнауының өзі мұңға айналған «Ордабасы» жақсы жаңалықты естігеннен кейін мықты команда жасақтауға кірісіп, легионерлер шақыра бастады. Солардың бірі – Виктор Кристиано Брага. 21 жасар жартылай қорғаушы «Ордабасыға» дейін тек бразилиялық клубтардың намысын қорғаған. Отанында «Зеедорф» деген лақапатқа ие болған Брага «Санта-Круз», «Сантос» Б және «Лондрина» сынды командаларда өнер көрсеткен.
Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы матчын 1-турда «Мақтааралға» қарсы өткізді. Тұсаукесер кездесуінен-ақ негізгі құрамның ойыншысы екенін көрсетіп, қатарынан жеті матчты алғашқы минуттан бастап, тек бір ойында алмастырылды. 3-турдағы «Ақжайыққа» қарсы ойынның 88 минутында алаңдағы орнын Муроджан Халматовқа босатып берді. Дәл сол кездесуде Қазақстан чемпионатындағы алғашқы және әзірге жалғыз сары қағазын алды.
Рожерио «Шина» дос Сантос Алвес («Ақтөбе»)
25 жастағы бразилиялық шабуылшы «Ақтөбеге» украиналық «Львовтан» ауысып келді. «Шина» жыл соңына дейін ақтөбелік ұжымда жалда ойнайды.
Рожерио мансабын туған қаласы Сан-Паулуда бастап, «Жувентус», «Ваи-Ваи» сынды клубтарда өнер көрсеткен. Содан кейін 2017 жылы мұхит асып, Украинаға келіп, «Карпаты» мен «Львов» командаларында ойнады. Қос клуб сапында жалпы саны 68 матч өткізіп, сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.
Шабуылшы үшін көңіл көншітер сандар емес. Қазақстанда да жасындай жарқырап жүрген шамалы. Алғашқы жеті тур қорытындысы бойынша бірде-бір гол соқпады. Тек екі нәтижелі паспен көзге түсті. «Ақтөбе» жейдесіндегі барлық матчтарын негізгі құрамда бастады. Алайда әлі де дебюттік голын соға алмай, негізгі қызметін дұрыс атқармауда.
Рафаэль Сабино дос Сантос («Ақжайық»)
Бразилиялық жартылай қорғаушы «Ақжайықтың» қатарын ақпан айында толықтырды. Осыған дейін «Катандувенсе», «Баруери» және «Жагуариуна» сынды Бразилияның төменгі дивизиондарында өнер көрсететін клубтарда һәм украиналық «Львов» сапында ойнаған. «Львовқа» 2018 жылы ауысып, 67 матчта жасыл алаңға шығып, екі мәрте мергендігімен көзге түсіп, екі голдық пастың авторы атанған.
Ал оралдық команда жейдесінде алты ойын өткізіп, нәтижелі әрекетпен көзге түспеді. Алты матчтың алтауын да негізгі құрамда бастап, бесеуінде толық матч өнер көрсеткенін де айта кеткен жөн.
Руан Рибейру Телеш («Каспий»)
24 жасар бразилиялық жартылай қорғаушы наурыз айында «Каспийдің» ойыншысы атанды. Ал оған дейін бразилиялық «Тупи», «Вила-Нова», португалиялық «Варзин», «Маритиму» клубтарында және румыниялық «Арджеш» командасына өнер көрсеткен. Жалпы клубтық мансабында 68 ойын өткізіп, төрт гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.
Ал «Каспий» жейдесінде жеті матчта жасыл алаңға шығып, бір мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, бір голдық пасты өз атына жазды.
Жорже Элиас дос Сантос («Тараз»)
30 жастағы бразилиялық шабуылшы ақпан айында ресми түрде «Тараздың» ойыншысы атанды. Ал оған дейін «Риу-Клару», «Можи-Мирин», «Икаса», «Арапонгас», «Интернасьонал Лимейра» (барлығы – Бразилия), «Капфенберг» (Аустрия), «Черноморец» (Украина), «Хибернианс» (Мальта) және «Панавежис» (Литва) клубтарының намысын қорғаған. Аталған командалардың ішінен «Капфенберг» сапында сәтті өнер көрсетті десек болатын шығар. Өйткені аустриялық ұжым жейдесінде 47 ойын өткізіп, 23 гол соққан. Жалпы «Таразға» дейінгі клубтық мансабында 112 матчта жасыл алаңға шығып, 40 мәрте мергендігімен көзге түсіп, тоғыз нәтижелі пас берген.
Ал жамбылдық команда сапындағы мансабы аса сәтті өрбімеуде. Алғашқы жеті матчында тек бір рет ғана қарсылас қақпасынан саңылау таба алды. Бұл орталық шабуылшы үшін тамаша нәтиже деуге келмес.
Матеус Бисси да Сильва («Атырау»)
31 жасар бразилиялық қорғаушы 2022 жылдың басында «Атырауға» қосылды. Оған дейін «Фламенго Б», «Марсилио Диас» (екеуі де – Бразилия), «Спортинг U-19», «Туризенсе» (екеуі де – Португалия), «Бангу», «Стумбрас», «Паневежис» (барлығы – Литва), «Биркиркара» (Мальта), «Ракув» (Польша), «Славия» (Болгария) және «Әл-Мухаррак» (Бахрейн) командаларында өнер көрсеткен. Жалпы «Атырауға» дейінгі клубтық мансабында 150 ойын өткізіп, он гол соғып, бес нәтижелі пас берген.
Ал «мұнайшылардың» жейдесінде жеті матчта жасыл алаңға шығып, екі мәрте қарсылас қақпасына дәл көздеп үлгерді. Кейбір шабуылшы отандастарына қарағанда бұл қорғаушының стастистикасы әжептәуір жақсы.
Сонымен қатар Бисси «Паневежис» сапында қазір «Таразда» ойнап жүрген Жорже Элиаспен бірге өнер көрсеткен. Матеус литвалық клубты бірнеше рет алаңға капитандық белгімен алып шыққанын да айта кеткен жөн.
Луис Энрике Гедеш («Ордабасы»)
«Ордабасының» маусымаралық үзіліс кезінде қатарға қосқан екінші бразилиялық футболшысы – 22 жасар шабуылшы Луис Гедеш. Ол шымкенттік ұжымға дейін бразилиялық «Оэста Паулиста», «СЕ Итапиренсе», «XV де Жау» және «Гремио Сорризу» клубтарының намысын қорғаған. «Ордабасы» Гедештің алғашқы шетелдік клубы болды.
Луис «Ордабасы» жейдесінде жеті матч өткізіп, бір гол соқты. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл форвард үшін нашар көрсеткіш. Шамасы, Пеленің жерлестері әлі де жерсініп жатқандай.
Брайан Сильва Гарсия («Астана»)
Өткен маусымды «Атырауда» сәтті өткізген Брайан Сильва ағымдағы маусымды «Астананың» сапында бастады. 30 жастағы қорғаушы мансабын «Америка Минейрода» бастап, кейін «Бенфиканың» жүйесінде өнер көрсетіп, содан соң «Португеза Деспортос», «Понте-Прета», «Крузейро», «Витория» (барлығы – Бразилия) және армениялық «Алашкерт» клубтарының намысын қорғады. Жалпы клубтық мансабында 193 матчқа қатысып, 11 гол соғып, 20 нәтижелі пас берген.
Ал 2021 жылы ат басын Қазақстанға бұрып, «Атырау» ойыншысы атанды. «Мұнайшылардың» жейдесінде 29 ойын өткізіп, бес гол соғып, төрт нәтижелі пас берді. Тамаша өнерімен «Астана» басшыларының көзіне түсіп, 2022 жылы елордалық клубқа ауысты. Қазақстан құрамасында ойнауды армандайтын ойыншы астаналықтар сапында ағымдағы маусымның барлық жеті кездесуіне қатысып, әзірге нәтижелі әрекетпен көзге түспеді.
Алекс Бруно де Соуза Сильва («Мақтаарал»)
Өткен маусымды «Атырау» сапында өткізген тағы бір ойыншы — Алекс Бруно. Алекс «Атыраумен» ҚПЛ-де ғана емес, Бірінші лигада да бірге болып, «мұнайшылардың» жоғарғы дивизионға көтерілуіне септігін тигізді.
28 жасар жартылай қорғаушы «Атырауға» 2019 жылы ауысып келіп, 52 ойында төрт гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Содан кейін 2022 жылы «Мақтаарал» ойыншысы атанды. Атакенттік клуб сапында ағымдағы маусымның төрт матчына қатысып, нәтижелі әрекетпен көзге түспеді. Бірақ бір қызыл қағазбен «марапатталып» үлгерді.
Бруноның Қазақстанға дейінгі мансабына келер болсақ, ол «Санта-Рита», «Лондрина» (екеуі де – Бразилия), «Видзев» (Польша), «Зимбру» (Молдова), «Кённам», «Сувон» (екеуі де – Оңтүстік Корея) сынды клубтарда ойнаған.
Жиан душ Сантуш Мартинш («Қызылжар»)
Жиан 2019 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда өнер көрсетіп келеді. Алғашқы маусымын «Таразда» өткізіп, кейіннен «Оқжетпес» пен «Атырау» клубтарында да тер төкті. Жалпы 29 жасар жартылай қорғаушы Қазақстан Премьер-лигасында 80 ойын өткізіп, үш мәрте мергендігімен көзге түсіп, төрт голдық пастың авторы атанған.
Өткен маусымды «Атырауда» өткізген көп бразилиялықтардың бірі болған Мартинш ағымдағы маусымды «Қызылжар» сапында бастады. Әзірге петропавлдық клуб жейдесінде алты ойынға қатысып, бір матчта қосалқы құрамда қалды.
Қазақстандық клубтарға дейінгі мансабын португалиялық «Санжоаненседе» бастап, одан кейін «Униан Мадейра», «Пасуш де Феррейра» (екеуі де – Португалия) командаларында ойнаған.
Жоао Пауло да Силва Араужо («Қайрат»)
Қазіргі таңда Қазақстанда өнер көрсетіп жүрген ең беделді бразилиялық ойыншы десек артық болмас. Өйткені Жоао әр маусым сайын сұрмергендік қасиетімен көзге түсіп, ылғи да алғашқы орындарға таласады. 2020 жылы 12 голмен ҚПЛ-дің үздік бомбардирі атанған еді.
33 жасар шабуылшы алғаш 2019 жылы «Ордабасыға» жалға келіп, кейін толыққанды ойыншысы атанып, екі жарым маусым шымкенттіктердің намысын қорғап, 2021 жылы алматылық «Қайратқа» ауысты. Оңтүстік астаналықтардың қатарына қосылғалы бері қалай гол соғатынын ұмытып қалғандай – 22 матчта үш қана гол соқты. Жалпы Қазақстан Премьер-лигасында 77 ойында жасыл алаңға шығып, 37 рет қарсылас қақпасын дәл көздеп, 16 нәтижелі пас берді.
Қазақстан ұлттық құрамасына үміткер форвард ағымдағы маусымның жетінші матчында бір ғана гол соқты.
Аталған 11 бразилиялықтан бөлек «Қызылжар» сапында Лукас Кардосо есімді ойыншы болған еді. Бірақ ол петропавлдық ұжым жейдесінде 4 минут ғана ойнап, командамен қош айтысты.
Сонымен, ҚПЛ-дің ағымдағы маусымын қазақстандық клубтар 11 бразилиялық ойыншымен бастады. «Тұран», «Ақсу», «Тобыл» һәм «Шахтер» Пеленің жерлестерінсіз-ақ жақсы нәтиже көрсетуге болады деп шешіп, командаларына мұхиттың ар жағынан ойыншылар шақырмады.