ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Winline KZ
PIN-UP KZ
Самый надёжный букмекер*
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Оннан бірі ғана үздік шығуда». Қазақстандық клубтардың жазғы ауысым кезеңінде жасаған ТОП-7 трансфері

Қазақстандағы трансферлік терезе 28 маусымда ашылып, 26 шілдеде аяқталған болатын. Бірақ отандық клубтарымызға тағы бір ай бойы еркін агент атанған футболшыларды алуға мүмкіндік берілді. Үкіметтің берген ақшасын толығымен игеру үшін Премьер-лигада өнер көрсететін командалар шетелден көптеп ойыншылар алдыртты. Біршама клубтар трансферлік терезедегі нашар жұмысы үшін жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады. Дегенмен арасында өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатқан легионерлер де бар. Бірақ оннан бірі ғана десек артық айтпаймыз. Бүгін Meta-ratings.kz тілшісі қазақстандық клубтардың жазғы трансферлік терезеде жасаған сәтті трансферлері жайлы сөз қозғамақ.

Килан Лебон

Килан Лебон («Берое» - «Астана»)

«Астананың» бұл жазда шетелден футболшы алу туралы жоспары жоқ еді. Себебі клубта легионерлерге орын болмады. Алғашқы турдағы «Шахтермен» болған ойында алаңға шыққан легионерлер санының артық болуына байланысты елордалық клуб техникалық жеңіліске ұшыраған еді. Бірақ трансферлік терезенің ашылуына бірнеше күн қалғанда «Астанада» жалдау шарты бойынша ойнап жүрген либериялық шабуылшы Мохаммед Камара түркиялық «Хатайспор» клубына қайта оралды. Оның орнына масқара болып еурокубоктен ұшып кеткен Срджан Благоевичтің командасы француз футболшысы Килан Лебонды алды. 25 жастағы шабуылшы Қазақстанға келмес бұрын «Бероеның» намысын қорғады. Болгариялық клубта 46 матчқа қатысқанымен, үш гол және бес нәтижелі паспен ғана көзге түсті.

Килан – Франция футболының түлегі. Бұған дейін өз еліндегі «Амьен», «Париж», «Шамбли» «Газелек Аяччо» командаларында доп тепкен. «Астана» сапында екі матч өткізіп үлгерген Лебон күні кеше «Тараз» қақпасына гол соғып, елордалық клубты жеңілістен құтқарып қалды.

Мильян Вукадинович

Мильян Вукадинович («Войводина» - «Тобыл»)

Белград қаласының тумасы мансабын «Хайдукте» бастаған. Кейінірек, Мильян «Славия» мен «Млада Болеслав» клубтарында доп тепті. 2020 жылдан бері «Войводина» ұжымының намысын қорғады. Өткен маусымда 29 жастағы вингер сербиялық команда жейдесінде 33 ойын өткізіп, 8 гол салған. 2021 жылы Вукадинович Сербия құрамасына шақыртылып, Доминикан Республикасы мен Панамамен өткен жолдастық кездесулерге қатысты.

Бір қызығы, биыл көктемде «Войводина» ойыншысы сербиялық БАҚ өкілдеріне мансабын Қазақстанда жалғастырғысы келетінін айтқан еді:

«Мен отбасылы адаммын, әйелім, екі қызым бар, үлкені күзде бірінші сыныпқа барады. Нови Садтағы өміріміз ұнайды, сондықтан мен бұл жерден кетпеймін. «Войводинамен» бұл туралы әлі сөйлеспесем де, жаңа келісім-шартқа отырып, осында қалғым келеді. Ал егер шетелге кету керек болса, мен осы күнге дейін болмаған кейбір елдерді көргім келеді, мысалы, Қазақстан немесе Сауд Арабиясы».

Айтқаны айдай келіп, Мильян Қазақстан чемпионы атанған «Тобылмен» келісім-шартқа отырды. Қостанайлық клубпен бірге Чемпиондар лигасы мен Конференция лигасының іріктеу кезеңінен ұшып кетті. Сербиялық футболшы «Каспийге» кеткен Рубен Бриджиноның орнын басты және кеше «Ордабасымен» болған матчта «Тобылдағы» дебюттік голын соқты.

Иван Пешич

Иван Пешич («Динамо Минск» - «Каспий»)

Пешич қазақ футболының жанкүйерлеріне жақсы таныс. Хорватиялық футболшы Қазақстанға алғаш рет 2019 жылы қоныс аударып, «Шахтер» командасымен келісім-шарт жасасқан болатын. Қарағандылық клубта Пешич «Каспийдің» қазіргі бапкері Николай Костовпен бірге жұмыс істеді. «Кеншілер» үшін 33 матч өткізіп, 8 гол мен 8 нәтижелі пастың авторы атанды. Маусым соңында футболшы «Шахтердан» кетіп, «Қайсарға» қосылды. Бірақ сол кезде қызылордалық клуб қаржылық қиындықтарға байланысты ойыншылардың жалақысын 40 пайызға қысқартып тастады. Бұл шешіммен келіспеген хорватиялық легионер мұнда небәрі екі матч өткізіп, украиналық «Ворсклаға» ауысты.

Екі жылдан кейін Пешич ат басын қайтадан Қазақстанға бұрды. Беларусьтік «Динамо Минсуте» доп теуіп жүрген футболшыны «Каспийге» Николай Костов шақыртып алды. Ойыншының қыр-сырын жақсы білетін болгариялық маман оны тиімді пайдалануда. 30 жастағы футболшы ақтаулық клуб жейдесінде төрт матчқа қатысып, үш гол соқты.

Серж Дебле

Серж Дебле («Пюник» - «Тобыл»)

Дебле мансабын өз отаны Кот-Д' Ивуарда бастаған. Серж - Англия, Қытай, Франция, Ресей, Армения чемпионаттарын көрген аяқдопшы. Жас ойыншының талантын байқаған англиялық «Чарльтон» Деблені өз қатарына қосып, франциялық «Анже» және «Нант» клубтарына жібереді. Францияда жұлдызы жанбаған ивуарлық шабуылшы «Чарльтоннан» кетіп, Ресейге аттанады. Бір жылдай ФНЛ-дегі «Химки», «СКА-Энергия» клубтарының намысын қорғады. Одан кейін Серж армениялық «Ширак», даниялық «Виборг», қытайлық «Мэйчжоу Хакка» және еревандық «Арарат» командаларында доп тепті. Шабуылшының соңғы клубы «Пюник» болды. Армениялық клубта маусым қорытындысы бойынша 21 гол салып, чемпионаттың үздік сұрмергені атанды.

Ивуарлық шабуылшы «Тобылдағы» дебюттік голын Конференция лигасында «Зриньский» қақпасына соқты. Бірақ оның нәтижелі соққысы қостанайлық клубқа еш көмегін тигізбеді. Ал Қазақстан кубогі мен чемпионтта Дебле үш матчқа қатысып, екі нәтижелі пасты өз еншісіне жазды.

Хусрав Тоиров

Хусрав Тоиров («Динамо» Душанбе - «Атырау»)

«Атырау» жазғы трансферлік терезеде Завезён, Долгов секілді Ресейдің үшінші дивизионында доп теуіп жүрген ойыншылардан бөлек Тәжікстанның ең талантты ойыншысын қатарына қосты. Ол – 2021 жылғы «Даму кубогінде» Қазақстанның жасөспірімдер (U-17) құрамасына гол соғып, турнирдің үздік ойыншысы атанған Хусрав Тоиров. 18 жастағы жартылай қорғаушы өз еліндегі «Локомотив-Памир» клубының академиясында тәлім алды. Өткен жылы Тоиров душанбелік «Динамоға» қосылып, Тәжікстан Жоғарғы лигасында екі матч өткізді. Бұл командамен келісім-шарты аяқталған Хусрав «Атырауға» ауысты.

Талантты ойыншы «Атырауға» келген кезде команданы Константин Горовенко жаттықтырып жүрген еді. Бірақ қазір бас бапкер қызметін беларусьтік маман Виталий Жуковский атқаруда. Сол себепті Тоиров негізгі құрамға ілікпей, тек матч соңында алаңға шығып жүр. Бірақ өзіне берілген 12-15 минутты тиімді пайдаланып, болашағынан зор үміт күттіретін ойыншы екенін дәлелдеп үлгерді. «Тәжікстандық Мессиді» келесі маусымда Премьер-лиганың топ клубынан көруіміз әбден мүмкін.

Бауыржан Байтана

Бауыржан Байтана («Тараз» - «Ақтөбе»)

Биыл «Тараздың» көшбасшысына айналған Қазақстан құрамасының 30 жастағы жартылай қорғаушысы Бауыржан Байтана чемпиондық үшін таласып жатқан «Ақтөбеге» ауысты. 2020 жылдың жазынан бері жамбылдық клубтың намысын қорғап жүрген футболшы осы маусымда жартылай 16 матч өткізіп, 3 гол мен 9 нәтижелі пастың авторы атанды.

«Футболшының мансабы қысқа болады. Өткеніме қарап, өз қалауымды ойлауды әдетке айналдыратын жасқа келдім. Енді міне, трофей жеңсем деген ынтызарлық ішімді өртеп барады. Мен қаржылық себептерге байланысты кетіп бара жатқан жоқпын. Бұл амбицияма байланысты қабылданған шешім болды. Мені «Тараз» үшін бар күш-жігерін жұмсамады деп ешкім сөге қоймас. Әр матчта барымды салдым. Мен өз клубым мен қаламның қазақстандық футболда лайықты түрде өнер көрсетуі үшін барлығын жасадым. Енді өзімді басқа жерде сынап көретін кез келді. «Тараз» жанкүйерлерімен қоштаспаймын. Жай ғана «келесі кездескеше» деп айтамын. Мен өз клубымды қатты жақсы көремін, бір күні мұнда қайта ораламын. Қазір жаңа мақсаттар қойып, соғын ұмтылғым келеді. Сондықтан менің мотивациямды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Мен ақша үшін туған клубымды ауыстырмас едім. Бірақ футболда ақшадан да маңызды нәрселер бар. Қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет!», – деп түсіндірді Байтана өзінің бұл шешімін.

Естеріңізде болса, Байтана 2017 жылы «Ақтөбе» сапында 23 матч өткізіп, 2 гол соқты, 2 нәтижелі пас берген болатын. Ол кезде жарақаттың кесірінен өзін жақсы қырынан көрсете алмаған Бауыржан бұл жолы командасының чемпион болуына көмектескісі келеді. «Ақтөбе» жейдесінде екі матчқа қатысып үлгерген футболшы әзірге нәтижелі әрекетімен көзге түскен жоқ.

Тома Табатадзе

Тома Табатадзе («Сиони» - «Ақжайық»)

Қазақстандық ойыншыларға сенім артпайтын «Ақжайық» клубы жазғы трансферлік терезеде бұған дейін дені дұрыс командада ойнамаған легионерлерді топырлатып алды. Бірақ сәтті шыққан трансфер ретінде грузиялық шабуылшы Тома Табатадзенің ауысуын айта аламыз.

Табатадзе мансабын латвиялық «Олимпте» бастады, содан кейін Литвада «Круой» клубында ойнады. 2013-2019 жылдар аралығында Түркияның «Бартинспор», «Карадере», «Эскишехир», «Сомаспор» және т.б. командаларында доп тепті. Ойыншының соңғы клубы грузиялық «Сиони» болды, онда ол 31 матчта 8 гол соғып, 13 нәтижелі пас берді. Бұл шабуылшы үшін керемет статистика. Қазақстанда да Тома гол соғуын жалғастыруда. 30 жастағы форвард Қазақстан кубогінде 6 ойынға қатысып, бес гол соқты, екі голдық пасы тағы бар. Оралдық клуб турнирдің ширек финалына өтті, сондықтан тағы бір-екі гол соқса, грузиялық шабуылшыда ел кубогінің үздік сұрмергені атанатын мүмкіндік бар. Ал Қазақстан Премьер-лигасында Табатадзе 2 матч өткізіп, екі гол соқты және екі ассисті бар. Осы қарқында жалғастыра берсе Тома Эсеола секілді еліміздің топ клубына ауысуы мүмкін. Адеринсоланы да Қазақстанға әкелген дәл осы «Ақжайық» болатын.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте