Әлем чемпионатында күміс медаль алған Бибісара Асаубаева туралы не білеміз?

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Польша астанасы Варшава қаласында өткен жылдам шахматтан (рапид) әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Осы ретте Meta-ratings.kz тілшісі 17 жастағы талантты шахматшы қызды толығырақ таныстыруды жөн көрді.

Бибісара Асаубаева

Отандасымыз шешуші партияларда грузиялық Нана Дзагнидзе мен тағы бір қазақстандық Әсел Серікбайды ұтты. Сосынхалықаралық гроссмейтер Александра Костенюкпен ойынды тең аяқтады.

Енді Бибісараны таныстырып өтсек. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматты төрт жасында үйренген.

«Алғашқы шахмат үйірмесіне барғанымда менен басқасының бәрі үлкен еді. Жеті жастағы ұлдармен ойнап жүрдім. Алғашқы 3 ай бойы тек жеңіліп жүрдім. Үйге жылап келетінмін. Анам сол кезде мүмкін қажет емес шығар. Осымен тоқтарсың дейтін. Сосын арада 3 ай өткенде алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Сол кезде қатты қуандым»

Бибісара Асаубаева

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олег Дзюбаннан тәлім алған. Ата-анасы Алматыға көшіп келгенінде осы маманға табыстаған.

«Басында қыз болғандықтан әрі кішкентай екенімді айтып, бапкер қабылдамады. Бірақ ата-анам көндіруге тырысты. Бәлкім, бірдеңе шығып қалар деп үгіттеді»

Бибісара Асаубаева

Алты жарым жасында төртінші разрядқа ие болды. Астана қаласының чемпионатында сегіз жастағы қыздармен ойнап, бірінші орын алады. Осыдан кейін оның жұлдызды шағы басталды. Жеті жасында әлем чемпионы атанды. Соның арқасында Fide Master дәрежесіне ие болды. Бибісара мұндай дәрежеге қол жеткізген әлемдегі ең жас шахматшы.

Бибісара Асаубаева

Бала күнінен ойыншыққа емес, кітапқа құмар болып өсті. Мысалы, Шерлок Холмстың барлық кітаптарын оқып тауысқан.

Бибісараның немересі ағасы Бағлан Асаубаев бірнеше жыл Президент әкімшілігі басшысы орынбасары қызметін атқарды. Шахматтың қыздың анасы Лиана Таңжарықова дәл осы Бағлан Асаубаев Бибісараға көп кедергісін келтіргенін бұрынғы сұхбаттарында айтқан.

«Мен күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Біз әлем чемпионатынан алтын медаль алып келгеннен бастап Бибісараның ағасы жан-жақтан тосқауыл қойды. Бұл туралы сол кезде көбі білді, бірақ жағдайды өзгерту мүмкін емес еді. Себебі ол Қазақстанның жоғары қызметтегі шенеунігі болатын. Нақты бір уақыттан кейін бізді түрлі іс-шараларға қатыстырмайтын болды, маңызды оқиғалардан біздің атымызды сызып тастайтын», — деп жазған болатын Таңжарықова Facebook парақшасына.

Елдегі қысым көбейген соң, бір кездері Ресейге көшуге мәжбүр болды. Мәскеуде тұрып, сол елдің намысын қорғады. 2016 жылы Ресейдің атынан өзінің жас мөлшеріндегілер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, топ жарды.

Арада 2 жыл өткенде дау шықты. Ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин 13 жасар спортшыға «Турнир кезінде қулық танытып, электрондық құралды пайдалану арқылы жеңіске жетті» деген айып таққан. Өз кезегінде, Бибісара мұны жала деп айтты. Ол өтірік сөз таратқан жаттықтырушы әрекетін «атын шығару үшін жасады» деп айтты. Өз кезегінде Бибісараның абыроайын қорғау үшін, іс қозғалған еді.

Бибісара Асаубаева

Тексеріс жұмыстары барысында күдікті ешнәрсе табылмады. Бибісараның жоғары көрсеткішке ие болғанына қарамастан, оның арыназ нұқсан келді.

Шахматшы қызды танымал ресейлік адвокат Александр Добровинский қорғады. Бірақ бірінші инстанциядағы – Мәскеудің Басман соты 2018 жылдың мамыр айында шахматшыға қарсы шешім шығарды. Адвокат осы кезде қарсы шағым түсіретінін айтқан еді.

«Бір жылдан астам уақыт бізге жағылған қара күйемен өмір сүрдік. Алайда әділдік орнады – FIDE Соложенкинді 18 айға шеттетті. Сот менің де, Бибісараның да Соложенкинге қарсы арызын қанағаттандырды. Енді ол ақша төлейді. Сондай-ақ, Бибісараны тыйым салынған құралдар пайдаланды деп айыптап мақала жазған басылымдар оның ақталғаны туралы ақпарат таратуға міндеттеледі. Біз өте ризамыз!» – деп келтірді Sputnik.kz шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықованың пікірін.

Ал 2019 жылы Бибісара елге оралды. Сол кезде Маңғыстау облысының әкімі болған Ералы Тоғжанов отандасымыздың елге оралуына септігін тигізді. Осы күні Асаубаева жарыстарға Маңғыстау облысының атынан қатысып жүр.

Қазіргі кезде Бибісара 17 жаста. Осы жылы әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.

Бек Төлеуов

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте