Қазақстан құрамасының 22 жастағы қорғаушысы Нұралы Әліп «Спорт-Экспресс» басылымына берген сұхбатында «Зениттен» түскен ұсынысты қалай білгені және бала кезінде ата-анасынан айырылғаны туралы айтып берді. Сондай-ақ Құрбан Бердыев, Андрей Аршавин және Анатолий Тимощуктың кеңестері жайлы пікір білдірді. Осы ретте Meta-ratings.kz тілшісі сұхбаттың қазақша нұсқасын ұсынуды жөн көрді.
— Нұралы, сіз «Зенитпен» екі оқу-жаттығу жиынын өткіздіңіз. Командадағы алғашқы әсеріңіз туралы айтып беріңізші.
— Алған әсерім керемет. Тамаша атмосфера, маған бәрі ұнайды, жігіттерге үйренісіп қалдым.
– Сіз кіммен жиі араласасыз?
— Бәрімен, бірақ жиі емес. Көбінесе ресейліктермен сөйлесемін, бірақ шетелдіктермен де байланысып тұрамын. Кей кездері Дуглас, Малком секілді ойыншылармен пікір алмасамын.
— Неге тек сол ойыншылармен сөйлесесіз?
— «Мидтьюлландқа» қарсы өткен жолдастық кездесудің алдында «Қайраттағы» командаласым болған Вагнер Лав бізге жақындап, Дуглас пен Малкомға маған қарап жүруін өтінді. Содан кейін біз жиі сөйлесіп жүрміз.
— «Зениттің» Сізді қаралымға шақырғанын қайдан білдіңіз?
— 22 желтоқсан - менің туылған күнім. Осы күні маған «Қайраттың» президенті Қайрат Советайұлы Боранбаев телефон соқты. Ол мені құттықтап: «Қаңтарда «Зенитке» барасың, дайындал», - деді. Қайрат мырза жыл басында, нақтырақ айтсам, 4 немесе 5 қаңтарда тағы бір рет хабарласты.
— Дәл сол сәтті Қазақстанда шеру басталған еді...
— Иә, қорқынышты болды. Мен ол кезде туған жерім Ақтауда болдым. Клуб президенті маған хабарласып, 11 қаңтарда Санкт-Петербургке аттанып, 13 қаңтарда медициналық тексерістен өтуім керектігін айтты. Бірақ әуежайлар жабық, мен ол жаққа қалай жетемін? Сондықтан Ақтаудағы әуежайдың ашылуын күттім. Алдымен Шымкентке ұшып бардым, ал ол жерден таксимен Алматыға келуге мәжбүр болдым, себебі төлқұжатымды ұмытып кетіппін.
— Қалай ұмытып жүрсіз?
— Бастапқыда маған ешкім ештеңе айтпады, сондықтан төлқұжатымды Алматыға тастап, туған жерім Ақтауға кеттім. Қазақстанда жеке куәлікпен ұшуға болады, ал шетелге шығу үшін төлқұжат қажет. Алматыға жету үшін сегіз сағат кетті, төлқұжатымды алып, Бішкекке (Қырғызстан) аттандым. Ол жерге жету үшін төрт сағат кетті, шекарада әскерилер тұрды. Қазақстан шекарасындағы адамдар мені ақырын өткізіп жіберді, бірақ көрші елдің шекарасында бірқатар сұрақтар қойылды.
— Қандай?
— Митингтерге қатыстыңыз ба? Және осыған ұқсас сұрақтар. Біз ол жерге 23:00-ге дейін жетуіміз керек еді, өйткені ол кезде коменданттық сағат енгізілген болатын. Бішкекте түнеп, ол жерден Мәскеуге ұшып кеттім. Ал, Мәскеуден Санкт-Петербургке аттандым. Команданың базасына жету үшін екі күн қажет болды.
— Сол оқиғалар Сізге, туыстарыңызға, достарыңызға әсер еткен жоқ па?
— Ақтаудағы шеру бейбіт түрде өтті. Құдайға шүкір, ешкім зардап шекпеді, мен білетіндердің бәрі жақсы. «Қайраттағы» достарым үшін алаңдадым. Солардың біріне хабарласып, жағдайды сұрадым. Маған бәрінің үйде отырғанын, жағдайының жақсы екенін айтты.
— Қазір Қазақстандағы жағдай қалай?
— Жақсарып қалды. Машиналар жүреді, ұшақтар ұшады. Дубайдан кейін заттарымды алу үшін Алматыға ұшып келдім. Барлығы жақсы - тек ПТР сынағын сұрайды.
— Футболға қайта оралайық. Командаға тек қаралым үшін келгеніңіз Сізді мазаламады ма?
— Жоқ. «Зенит» - үлкен клуб, олар жаңа ойыншыны жайдан-жай ала қоймайды. Мені бақылап көру керек болды, мұны өзім де түсіндім.
— Португалиядағы оқу-жаттығу жиынында Сіз «Мидтьюлланд» пен «Брондбю» қақпасына екі гол соқтыңыз. Бірақ қатты қуанған жоқсыз.
— Мен қуанышымды көрсеткім келмеді, өйткені қаралымда жүрмін. «Мидтьюлландқа» гол соққанда, Вагнерді іздей бастадым, ол қақпаның арғы бетінде жаттығу жасап жүрді. Мен оған «Vagner Love» деп ымдау үшін қолыммен жүректің бейнесін көрсеткім келді. Ол мұні жақсы түсінеді.
— Сол ойыннан кейін Вагнер Сізге тағы бір жейде берді. Сіз онымен соншалықты жақын араластыңыз ба?
— Ол «Қайратқа» 2020 жылдың жазында қосылды. Оның клубтағы алғашқы жаттығуы кезінде мен бірінші келіп, сәлем бердім де: «Май нейм из Кашадаго» дедім.
— Ол нені білдіреді?
— «Кашадаго» португалша «Үлкен бас» дегенді білдіреді. Мені «Қайратта» ойнаған тағы бір бразилиялық футболшы Исаэль осылай атайтын. Вагнерге де бұл лақап ат ұнады. Ол қатты күлді және содан бері мені осылай атайды.
— «Қайратта» Андрей Аршавинмен де жолыңыз түйісті. Ол сіздің есіңізде қалай сақталады?
— Иә, 2018 жылы «Қайрат» сапында дебют жасадым, ал Аршавин сол кезде клубтағы соңғы маусымын өткізді. Ол маған көп қолдау көрсетті. Менен жасы үлкен екені анық, бірақ жасқа байланысты арнайы байланыс болмады. Кейде сапарға шыққанда, бір бөлмеде тұратынбыз. Ол менің өміріме қызығушылық танытты, өзі туралы да айтты. Екеуміз көп сөйлесетінбіз.
—Мәскеу әуежайында транзитпен жүргенімде Аршавин маған телефон соғып, сәттілік тіледі. Ол сол кезде «Зенитте» жаңа лауазымға ие болған еді.
— Сіз Сергей Богдановичпен немесе оның бапкерлік штабындағы мамандармен жеке сөйлестіңіз бе?
— «Мидтьюлландпен» болған матчтан кейін Анатолий Тимощукпен бірге қонақүйге аттандық, осы уақыт ішінде ол ноутбуктен менің жіберген қателіктерімді көрсетті. Біз матчты жеделдетілген режимде толық көріп шықтық. Қонақүйге келген бойда бәрі өз бөлмесіне кетті, ал біз автобуста қалып, матчты тамашаладық.
— Сізді Сергей Семакқа Құрбан Бердыев ұсынды деген ақпарат болды. Шынымен солай ма?
— Шынымды айтсам, бұл туралы ештеңе білмеймін. Мен Құрбан Бекейұлына алғашқы оқу-жаттығу жиынының алдында телефон соқтым, ол маған қорғаныста ойнау туралы біраз ойларын айтты. Ол: «Ештеңеден қорықпа, бірдеңе түсініксіз болса, бас бапкерден сұра. Ол өзіміздің адам, менің командамда ойнаған», - деді. Дубайда да екі-үш рет хабарластым, ол маған үнемі көмектеседі.
— Жалпы, Бердыевпен жарты жыл жұмыс істедіңіз. Оның керемет маман екенін бәрі біледі. Бірақ Сіздің ойыңызша, ол қандай қабілетімен ерекшеленеді?
— Ол әрбір ұсақ-түйекке мән береді. «Қайратта» Бердыев қорғаныс үшін бөлек жаттығу өткізеді және оған көбірек уақыт бөледі. Ықшамдылықты мұқият қадағалайды - егер біреу тактиканы бұзса, ол қатты айқайлайды. Теориялық тұрғыдан істеуге болмайтын дүниелерді түсіндіреді, ал жаттығуда біз мұны қайталамауға тырысамыз. Құрбан Бекейұлы кез-келген уақытта сабақты тоқтатып: «Видеодан бәрін көрсеттік, неге олай етпейсің?» - деп сұрайды. Бірақ ойын кезінде бәрі басқаша болуы мүмкін. Сондықтан сіз үнемі максималды түрде жаттығуыңыз керек.
— Ол Сіздің қабілетіңізді ашуға қалай көмектесті? Алты айда нені өзгерте алдыңыз?
— Допты қабылдамай тұрып, пас беретін адамды іздей бастадым. Ол маған үнемі мынаны айтады: «Допты қабылдайтын сәтте айналада не болып жатқанын бағамдап, дұрыс бағытта пас беру керек. Сіз допты қабылдамай тұрып, не істейтініңізді білуіңіз керек».
— Тіпті «Зенитте» қаралымда жүрсең де, бұл Қазақстан үшін үлкен жаңалық болды. Клубтың әлеуметтік желілері Қазақстанның жалауларына толды, сайттар тіпті «тас, қағаз, қайшы» ойынынан біреуді жеңгеніңіз туралы жаңалықтарды да таратуда. Осылай болады күттіңіз бе?
— Екі жыл бұрын «Зенитте» «Қайраттың» ойыншысы Бауыржан Исламхан қаралымнан өткен болатын. Ол кезде де бәрі қолдау көрсетті. Біз футболды жақсы көреміз, өз еліміздің азаматтарын қолдаймыз. Азмун ойнаған кезде онымен түскен суреттердің астында көптеген ирандықтар пікір қалдыратын. Енді клубқа қазақ аудиториясы қосылды.
— Сіз Ақтаудансыз, яғни Каспий теңізінің жағалауында тұрдыңыз. Неліктен футболды таңдадыңыз?
— Әкем көзі тірісінде мені еркін күреске жіберетін. Мен ол кезде сегіз жаста едім, үйде жатып, ештеңе істемей жүрдім, ал әкем менің әлденемен шұғылданғанымды қалады. Ал үйдің жанында футбол алаңы болды - дәлірек айтқанда, тастақ жер. Мен ол жақта балалармен жиі доп тебетінмін. Әкем футболға қатты қызығатынымды көріп, мені секцияға беру туралы шешім қабылдады. 10 жасымда әкем өмірден озды. Ал 12 жасымда анам жүрек талмасынан қайтыс болды. Мен футболды Ақтауда жалғастырдым. Ал үш жылдан кейін, яғни 2015 жылы мені және екі жігітті «Қайрат» академиясына қаралымнан өту үшін жіберді. Олар бізге бір апта берді, екеуміз академияға түстік, ал бір жігіттің жолы болмады.
— Сіздің тағдырыңыз қиын болыпты. Ата-анаңның орнын кім басты? Кім қолдады?
— Мен ағаммен және оның әйелімен бірге тұрдым. Менің екі әпкем бар, бірақ олардың тұрмыс құрғанына көп болды. Маған ағам мен оның әйелі көп көмектесті. Ағамның әйелі менің сабағыма үнемі қарап, жақсы баға алу үшін мектепте барлық пәндерді меңгеруге көмектесті. Бірақ мен футбол үшін сабақтан көп қалатынмын. Әрине, бірінші бапкерім Ержан Жамбировтың да септігі мол болды. Бутсы алатын ақшам жоқ еді, ал ол кісі 12-13 жасымда аяқ киім алып берді. Жалпы, футбол маған барлық қиындықтарды жеңуге көмектесті, мінезімді шыңдады.
— Алғашқы бапкеріңіз Ержан Жамбиров бала кезіңізде шабуылшы ретінде ойнағаныңызды айтты. Қанша уақыт осы позицияда өнер көрсеттіңіз?
— Бала кезімізде нақты позиция болмайтын. Кез-келген жерде ойнай беретінбіз. Екі-үш жыл бойы шабуылшы болдым, ал «Қайратта» артқы жартылай қорғаушы позициясына ауыстым. Содан бір турнирде орталық қорғаушыларымыздың бірі жарақат алып, матч кезінде қорғанысқа түстім. Сол кезде жақсы ойнағандай болдым, менің командам 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал мені «Қайраттың» қосалқы командасына орталық қорғаушы ретінде алды.
— Сіз солақайсыз. Қандай позицияда және қандай жүйемен ойнағанды ұнатасыз?
— Шынымды айтсам, маңызды емес. Үш қорғаушымен ойнаған кезде жүмыс көп болады, өйткені ол кезде сол қапталды және бүкіл аймақты сақтандыруым керек. Төрт қорғаушымен ойнаған кезде көп қиындық болмайды, мен оған үйреніп қалдым. Бердыев «Қайратқа» келгенде үш орталық қорғаушымен ойнадық, ол бізге осы жүйені үйретті.
— «Зенит» Сізді жалға алды. Бірақ әрі қарай не болады? Сіздің арманыңыз бар ма?
— Мен әрқашан осы жерде және қазір жұмыс істеу керек деп айтамын. Егер нәтиже болса, жақсы. Болмаса, жарайды, жұмысты жалғастырамыз. Әрине, мен шетелде ойнағым келеді. Менің сүйікті чемпионатым - Ла Лига. Бірақ сүйікті клубым жоқ.