«Астана» – қазақстандық клубтардың ішіндегі еурокубоктағы тәжірибесі ең мол команда. Биыл елордалықтар Конференция лигасында бақ сынайды. Осы орайда осал қарсыластардың қатарына жатпайтын «Ракувпен» таныстырамыз.
Польшалық ұжым 1921 жылы «Раковия» деген атаумен Ракув ауылында құрылған. Алайда 1925 жылы жабылып қалып, 1927 жылы «Ракув» деп қайта жанданды. Сол уақыттан бері 1994 жылға дейін клуб жоғарғы дивизионға шыға алмады. Тек 1994 жылы тарихында алғаш рет Польшаның жоғарғы лигасына қадам басты. Одан кейін де тұрақты түрде мықтылардың қатарында болмады. Тіпті, IV лигаға дейін құлдыраған кездері болды. Сөйтіп, 2018/19 маусымда Бірінші лигада топ жарып, 21 жылда алғаш рет Экстракласаға жолдама алды. Ал 2021 жылы тарихындағы ең жоғарғы нәтижені тіркеп, Польша чемпионатын екінші орынмен аяқтады. Бұл жетістікке жету үшін «Ракувқа» 100 жыл, яғни бір ғасыр қажет болды. Сонымер қатар «қызыл-көктер» 2021 және 2022 жылдары қатарынан екі рет Польша кубогі мен Суперкубогін жеңіп алды. Қазіргі таңда Ченстохова қаласының намысын қорғайды.
Осылайша тағы да тарихындағы тұңғыш мәрте УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болды. Польшалықтар алғашқы қадамдарынан-ақ сәтті бастап, топтық кезеңге бір табан жетпей қалды. Екінші іріктеу раундында литвалық «Судуваны» жеңсе, үшінші квалификациялық кезеңде қазандық «Рубиннен» айласын асырды. Ал топтық кезеңге берілер жолдама сарапқа салынған текетіресте бельгиялық «Генттен» жеңіліп қалды. «Ракув» бірінші ойында 1:0 есебімен жеңгенімен, қонақта 3:0 болып ойсырай ұтылды.
Осыдан кейін «Ракув» 2022 жылы да Экстаркласыны екінші орынмен аяқтап, Конференция лигасына жолдама алды. Бұл жолғы алғашқы қарсыласы – Чемпиондар лигасының топтық кезеңін көрген, Еуропа лигасының 1/16 финалында өнер көрсеткен «Астана» клубы. Еурокубоктағы тәжірибесі жағынан елордалықтар басым болғанымен, «Ракув» оңай шағылар жаңғақ емес.
«Ракув» ойыншыларының ортақ трансферлік құны 31,10 миллион еуроны құрайды. Ең қымбат футболшысы – Иви Лопес. Оның нарықтағы бағасы – 4 миллион еуро. Ла Лигада доп тепкен Лопес Польша чемпионатының өткен маусымында 32 матч өткізіп, 20 гол соғып, жеті нәтижелі пас беріп, маусымның үздік ойыншысы және сұрмергені атанды. Ал «Астана» 11,53 миллион еуроға бағалануда. Ең қымбат аяқдопшысы – Макс Эбонг (1,3 млн еуро).
«Ракув» құрамының 52,9%-ын (18 ойыншы) легионерлер құрайды. Өз ұлттық құрамасында өнер көрсететін сегіз футболшысы бар. Олар: Гвилия Валериан (Грузия), Владислав Гутковскис (Латвия), Деян Сореску (Румыния), Томаш Петрашек (Чехия), Яннис Папаниколау (Грекия), Владислав Кочергин (Украина), Патрик Кун (Польша) һәм Владан Ковачевич (Босния және Герцеговина).
Ал «Астананың» 44%-ы (11 ойыншы) шетелдік футболшылар. Ұлттық құрамасының намысын қорғайтын тоғыз ойыншысы бар. Олар: Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Абат Айымбетов, Тимур Досмағамбетов, Аслан Дарабаев, Талғат Кусяпов (бәрі – Қазақстан), Камо Оганесян (Армения), Макс Эбонг, Артем Рахманов (екеуі де – Беларусь).
Польшалық клуб маусымаралық үзіліс кезінде төрт ойыншымен толықты. Олар: Фабиан Пиацески, Стратос Сварнас, Ксавье Дзиеконски һәм Даниэль Шелонговски. Ал кеткендер: Якуб Арак, Якуб Мадшик, Даниэль Миколаевский, Иво Качмарски, Доминик Видра және Илья Шкурин.
«Ракув» өз алаңындағы ойындарды құшағына 5500 жанкүйер сыятын қалалық стадионда өткізеді.
«Қызыл-көктердің» бас бапкері – Марек Папшун. 47 жастағы маман клубты 2016 жылы үшінші дивизионда жүрген кезінде тізгіндеп, Экстракласаға, тіпті, еурокубокқа алып шықты. Бір қызығы, «Ракув» 1959 жылдан бері бір рет те шетелдік маманды бас бапкер ретінде тағайындамаған екен. Барлығы польшалықтар болған. Ал біздің отандық клубтар өзгенің өзекке тепкенін сүйрегенді құп көреді.
Командалар арасындағы байланысқа келер болсақ. «Астананың» қазіргі қорғаушысы Артем Рахманов 2018 жылы «Ракувтың» намысын қорғаған. Сонымен қатар 26 жастағы Марчин Цебуляның астаналықтардың қазіргі құрамына қатысы бар. 2013/14 маусымда Марчин мен Абзал Бейсебеков «Корона» сапында ойнады. Алайда екеуі бір уақытта алаңға шықпаған.
Қос клуб арасындағы алғашқы ойын 21 шілде күні Польшада, ал қарымта кездесу 28 шілдеде елордада өтеді.
Фото: «Ракув» ФК