Бүгін Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Финляндиядан 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Осы ретте Meta-ratings.kz тілшісі матч жайлы өз ойымен бөліспек.
Украинамен өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Талғат Маруаұлы келесі ойында негізгі құрамның 80 пайызға өзгеретінін айтты. Бұлай айтуының да белгілі себептері болған екен. Команда капитаны Азат Нұрғалиев пен Бақтиер Зайнутдинов виза мәселесіне байланысты Қазақстаннан шыға алмады. Ал қақпашы Стас Покатилов сары қағаздарының көптігіне байланысты Финляндиямен болатын матчқа қатысу құқығынан айырылды.
Матчтың басталуына бір сағат қалғанда негізгі құрамда кімдердің шығатыны белгілі болды. Бұл тізімді көрген қазақ жанкүйерлері ұлттық құрамамыздың жеңіске жету мүмкіндігін жоққа шығара бастады. Тіпті «эксперимент жасайтындай жолдастық ойын емес» деген жанкүйерлер де болды.
Бірақ негізгі құрамда шыққан ойыншыларымыз өз мүмкіндіктерін пайдалануға тырысты. Ойын бастала салысымен Еркін Тапалов пен Мақсат Тәйкенов өз қапталдарынан белсенді түрде шабуылға қосылып отырды. Абат пен Айдос та бір-бірін жақсы түсініп, гол соғатын мүмкіндіктер жасап көрді. Георгий Жуков болса мықты чемпионаттардың бірінде ойнап жүргенін дәлелдеді. Екінші таймда мықты ойнайтынын өткен матчта дәлелдеген жігіттеріміз бұл жолы да солай жасайды деп сенген едік. Екінші тайм бастала салысымен Ян Вороговский Градецки қақпасына жақсы бір соққы жасап қойды. Өкінішке орай, осы соққы екінші таймда жасаған жалғыз мүмкіндігіміз болған секілді. Бұдан кейін Байсуфинов бес ойыншыны алмастырса да, нәтиже болмады. Ал Йоэль Похьянпало 60-минутта Игорь Шацкийдің қолы жетпейтіндей етіп соққы жасады. Осы бір гол матчтың тағдырын шешіп кетті. Ал бұл гол туралы Талғат Маруаұлы мынадай пікір білдірді:
«Негізінен, Скандинавия түбегіндегі командалар әуедегі доптарға жақсы таласады. Оның ішінде Босния және Герцеговина құрамасы да бар. Бұл олардың басты қаруы болып табылады. Похьянпалоның да қалай ойнайтынын білдік, бірақ гол шынымен де әдемі болды, өкінішке орай, қақпашымыз бұл допқа жете алмады».
Бүгін 53 жасқа толған Маруаұлы үшін жеңіс ұмытылмас сыйлық болар еді. Бірақ бұл ойын 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Есепте ұтылғанымызбен, еңсеміз түспеді. Себебі алаңға шыққан қосалқы құрамдағы ойыншыларымыздың өзі барын салып ойнады. Талғат Мауаұлының да көздегені осы еді. Бір жағынан, өткен матчта шаршаған ойыншыларға демалыс берді. Екінші жағынан, осы ойыншылардың ойын философиясына қаншалықты сәйкес келетінін тексеріп алды. Айтпақшы, бұл кездесуде үш ойыншымыз Қазақстан құрамасындағы алғашқы матчтарын өткізді: Мақсат Тәйкенов, Айдос Тәттібаев және Самат Жарынбетов. Ал команданы Абат Айымбетов капитан ретінде алаңға бастап шықты.
WhoScored статистикалық порталы Александр Марочкинді Қазақстан сапындағы үздік ойыншы деп таныды. Одан бөлек, үздіктердің қатарына Игор Шацкий, Еркін Тапалов және Темірлан Ерланов кірді.
Ұлттық құрамамыздың ойынында прогресс болып жатқаны байқалады. Бұған дейінгі бапкерлердің тұсында қорғаныстағы ойыншыларымыз «аш бәледен қаш бәле» деп допты алға қарай тебе беретін. Ал қазір тіпті өз қақпамыздың маңында екенімізге қарамай, қиын-қыстау сәтте командаластарын дәл тауып, комбинация арқылы қарымта шабуылға шыға бастады. Сондай-ақ қапталдағы қорғаушыларымыз шабуылға белсенді қатысуда. Әттеген-ай дейтін жеріміз, мықты шабуылшылардың болмауы. Қорғаныстағы ойынымыз жақсарды, бірақ шабуыл шебі ақсап тұр. Бірінші кезекте осы мәселені шешу керек секілді.
Бүгінгі матчта жеңілгенімізбен есеміз кетпеді деп айтсақ та болады. Бүгін Талғат Байсуфинов шәкірттері Еуропа чемпионатына қатысқан командаға қарсы ойнады. Оның үстіне, негізгі ойыншылар болмады. Одан бөлек, бүгін Финляндия құрамасы өте керемет ойнап, біздің жігіттерді қақпасына жақындатпады деп те айта алмаймыз. Демек, Нұр-Сұлтанда өтетін жауапты матчта үш ұпайды қоржынға салуға мүмкіндік бар. Бас бапкеріміз өз кезегінде бұл ойынға жақсылап дайындалатынын айтты:
«Бір айдан кейін қайтадан Финляндия мен Босния және Герцеговина құрамаларына қарсы ойнаймыз. Сондықтан бізде бұл ойынды талдауға уақыт жеткілікті болады. Финляндия құрамасы доппен өте жылдам ойнады және шабуылға тез шығып отырды. Ойынды қайта қарап, қай тұста қателескенімізді анықтаймыз, бұл біз үшін пайдалы болмақ».
Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі келесі матчын 7 қыркүйек күні сырт алаңда өткізеді. Қарсыласымыз - Босния және Герцеговина құрамасы. Бұл ойынға Бақтиер Зайнутдинов қатысатын болды. Ал Нұрғалиев пен Покатиловтың мәселесі әлі шешілмеді. Қақпашымызда да визаға қатысты мәселе бар деген ақпарттар пайда болды. Дегенмен, екі матчта құрамаға жиналған барлық ойыншынлардың қалай ойнайтынын көрген Маруаұлы бұл матчқа «сен тұр, мен атайын» деген жігіттерді шығарады деген сенімдеміз. Бір жылға созылған жеңіссіз серияның нүктесі осы матчта қойылар, бәлкім...
Ернар Ламкадыров