ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Ертістің» қаралымынан өтпеген, «Бенфикада» доп тепкен. «Астана» бір күнде үш бірдей легионермен толықты

Елордалық «Астана» футбол клубы бір күнде (14 қаңтар) үш бірдей легионермен толықты. Арасында күмәндісі бе бар. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі сол ойыншылар туралы азды-кем ақпаратпен бөліспек.

Артём Рахманов

«Астана» 14 қаңтарды беларусьтік қорғаушы Артём Рахмановтың трансферімен ашты. 31 жасар ойыншы кәсіби мансабын 2008 жылы «Минск» сапында бастаған. Сонымен қатар қорғаушы Швеция, Польша, Молдова, Эстония және Украина чемпионаттарында өнер көрсетті. Артёмның соңғы командасы бресттің «Рух» клубы болды, оның құрамында 50 матч ойнап, төрт гол соғып, үш нәтижелі пас берді. Жалпы клубтық мансабында 265 матч өткізіп, 15 гол соғып, сегіз голдық пастың авторы атанды.

Рахманов пен елордалық клуб 2023 жылдың соңына дейін жарамды келісімшарт жасасты. Күмәндісі де осы. Кәсіби мансабында «Астана» сынды жоғары деңгейлі клубта өнер көрсетпеген, жасы да біразға келіп қалған, Беларусь құрамасының да негізгі ойыншысы болып табылмайтын футболшымен елордалықтар не себепті екі жылдық келісімшартқа қол қойды? Бәлкім, бұл ауысым жайлы да бас бапкер Срджан Благоевич хабарсыз болған болар, әлде сербиялық маманның бір білгені бар ма?

Бұл Рахмановтың Қазақстанға алғаш келуі емес, футболсүйер қауымның есінде болса, 2016 жылы Артём павлодарлық «Ертістің» Анталиядағы оқу-жаттығу жиынында қаралымында болып, бапкерлік штабтың көңілінен шықпаған еді. Димитар Димитровқа ұнамаған футболшыдан елордалықтардың не тапқаны барша жанкүйердің көкейінде үлкен сұрақ туындатуда. Сондықтан маусым бастылысымен «Астананың» жанкүйерлері дәл осы ойыншыға ерекше мән беретіні сөзсіз.

Марко Милошевич

«Астана» екінші болып қазақстандық футболдың жанкүйерлеріне жақсы таныс сербиялық қақпашы Марко Милошевичпен толықты. «Каспийдің» экс-қақпашысы футболдағы мансабын Сербияда бастаған. Алғашқы келісімшартын сербиялық «Земун» клубымен жасасып, оның сапында 56 ойын өткізген. Одан бөлек «Вождовац», «Смедерово», «Напредак», «Раднички» клубтарының намысын қорғаған.

Ал Қазақстандағы еңбек жолын 2020 жылы «Каспий» сапында бастады. Кәсіби мансабындағы алғашқы шетелдік клуб та осы «Каспий» болды. Сол кездері Өзбекстан мен Қазақстан клубтары арасында таңдау болып, Марко ақтаулық клубты таңдаған екен. Бұл шешіміне сол заматтағы «Каспийдің», қазіргі «Астананың» бас бапкері Срджан Благоевич себепші болған. Осы жолы да аталған маманның септігі тигені шүбәсіз. «Қазақстан чемпионаты Сербиянікінен әлсіздеу, бірақ қаржылық жағынан мұнда футболшыларға үлкен жағдай жасалған», деген голкипердің Қазақстанда қалуының бірден-бір себебі де белгілі болар…

Ал енді Милошевичтің Қазақстандағы мансабына келер болсақ, ол «Каспий» сапында 2 жыл өнер көрсетіп, 44 ойында 66 гол өткізіп, 11 мәрте қақпасын голдан аман сақтаған. 2020 жылы ҚПЛ-де 25 сейв жасап, бұл көрсеткіш бойынша чемпионаттың үздік қақпашысы атанса, 2021 жылы дәл сондай 25 сейв жасады. Бірақ Жасур Нәрзіқұлов пен Арам Айрапетян 26 сейвпен алдын орап кетті. Сонда да Марко ҚПЛ-дегі үздік қақпашылардың бірі болып саналады. Сонымен қатар 30 жастағы голкипер Қазақстан чемпионаттарында «Каспий» жейдесінде ең көп ойын өткізген қақпа күзетшілерінің арасында екінші орында тұр. Ол ҚПЛ-де 43 ойынға қатысқан, ал көш басында 85 матчпен Александр Панов тұр. Өзін «супермэнге» теңейтін қақпашы мен «Астана» клубы екі жылға жарамды келісімшартқа қол қойды.

Брайан Сильва

«Астананың» 14 қаңтардағы соңғы трансфері «Атыраудан» Брайан Сильва Гарсияның ауысуы болды. Барлық позицияда ойнай беретін, алайда көбіне сол қапталдағы қорғаушы міндетін атқаратын ойыншы кәсіби мансабын 2012 жылы бразилиялық «Америка Минейро» сапында бастаған. 2013 жылы «Бенфикаға» жалға беріліп, екінші команда сапында алты ойын өткізіп, клубтың сеніміне кіре алмай, отанына қайта оралды. Содан кейін «Крузейро», «Витория» және «Алашкерт» сынды тағы да басқа клубтардың табалдырығын тоздырып, 2021 жылы «Атырау» ойыншысы атанды. Атыраулықтар үшін маусым аса сәтті болды деуге келмес, бірақ Брайан Қазақстанда өткізген алғашқы жылында талайлардың есінде қалды. 2021 жылғы маусымда 78 дриблинг жасап, бұл көрсеткіш бойынша топ-4 ойыншының қатарына енді. Сондай-ақ 89 рет қарсыласты ереже бұзуға мәжбүрлеп, бұл статистика бойынша ҚПЛ-2021-дегі үздік футболшы атанды.

29 жасар қорғаушы «Атырау» сапында барлық турнирлерде 29 матчта жасыл алаңға шығып, бес мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, төрт нәтижелі пас берді. Ал жалпы клубтық мансабында 186 кездесуге қатысып, 11 рет мергендігімен көзге түсіп, 20 голдық пасты өз атына жазған. Сильва мен елордалық клуб 2022 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды.

Ал ресми емес ақпараттарға сенсек, «Астана» Елдос Ахметов, Юрий Перцух, Думан Нәрзілдаев және Аслан Дарабаев сынды ойыншылармен келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ елордалықтар Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Александр Заруцкий Сұлтан Сағнаев, Мейрамбек Қалмырза, Станислав Басманов және Влдаислав Прокопенкомен ресми түрде келісімшартты ұзартқанын айта кеткен жөн.

«Астана» сапынан кеткендерге келер болсақ, Дмитрий Непогодов, Энео Битри, Семир Смайлагич, Кике Лопез және Валерий Чуперка астаналық командамен қош айтысты.

Фото: «Астана» ФК

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте