Токио Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Басты үміт артар спорттың бірі бокс. Осы ретте қазақ боксшылары қаншалықты сенімді ақтай алады деген сұраққа Meta-ratings.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Токиодағы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы салмақ дәрежелері қысқарған. Есесіне, гендерлік теңдікке байланысты әйелдердің салмағы көбейген. Қазақстанның ерлер құрамасы Олимпиада бағдарламасына енген 8 салмақтың барлығынан жолдама алып үлгерді. Ғалымбек Кенжебаев бастаған команда Олимпиадаға толық құрамда барады.
52 келі
Бұл салмақта Қазақстан атынан 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов қатысады. 24 жастағы боксшының жүлдеге ілінетіне сарапшылар сене қоймайды. Букмекерлік кеңселер бұл салмақта өзбекстандық Шахобиддин Зоировты фаворит санап отыр. Ол 2016 жылғы Олимпиада және 2019 жылғы әлем чемпионы. Сонымен қатар тәжірибелі кубалық Йосвани Вейтия да Токиоға барады. Букмекерлік кеңселер бұл екеуінен бөлек, қытайлық Ху Цзяньгуань, француз Билал Беннама және соңғы жылдары Бибосыновтың жолын жиі кесіп жүрген үндістандық Амит Пангалды үздіктер қатарына қосқан.
57 келі
Алғаш рет Павлодар облысының боксшысы Олимпиада ойындарына қатысады. Дәлірек айтсақ, осы өңірдің тумасы Серік Теміржанов Токиода 57 келіде бақ сынайды. Құрамадағы боксышылардың арасында халықаралық деңгейде ешқанай титулы жоқ жалғыз боксшы. Серіктің қарсыластары өте мықты. Букмекерлік кеңселер бұл салмақта да өзбек боксшысының мүмкіндігін жоғары бағалайды.
Соңғы жылдардағы әлем чемпионаты, Азия ойындары, Азия чемпионатының барлығын жеңген Миразизбек Мирзахалилов Токиода топ жарады дегенге 2.25 коэффицент берілген. Сол секілді бұл салмаққа кубалық үш дүркін әлем чемпоны Ласаро Альварес ауысқан. Оны да тізімнен шығарып тастауға болмайды. Өте әккі боксшы. Ресейлік Альберт Батыргазиев, 2019 жылы Африка ойындарына қола жүлде алған замбиялық Эверисто Муленгаға да сенім артып жатқандар бар. Британиялық Питер Макгрейл, әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, моңғолиялық Эрдэнэбатын Цэндбаатар да осы салмақта өнер көрсетеді.
63,5 келі
Соңына дейін өз мүмкіндігіне сену дегенді Зәкір Сафиуллинға қатысты айту керек шығар. Ол 35 жасында ең алғашқы Олимпиадасына қатыспақ. Әзірге нақты бір болжам жасау қиындау. Қарсыластары осал емес. Зәкірдің соңғы жылдардағы ең жоғары жетістігі 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі. Финалда жоғарыда айтқан Эрдэнэбатын Цэндбаатардан жеңілген.
Букмекерлер бұл салмақта екі дүркін әлем чемпионы, кубалық Энди Крус Гоместің топ жаратына тым сенімді секілді. Бар-жоғы 1,9 коэффицент ұсынған. Сонымен қатар 2 жыл бұрын Еуропа ойындарында жеңіске жеткен беларусь Дмитрий Асанов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері АҚШ боксшысы Кейшон Дэвис, Еуропа ойындарының жеңімпазы, армениялық Оганес Бачков, 4 жыл бұрын 60 келі салмақта әлем чемпионы атанған француз Софьян Умианы да тізімге қосып жатқандар бар.
69 келі
Қазақстан жанкүйерлері жақсы көретін салмақ. Соңғы 4 бірдей Олимпиада ойындарының алтыны отандастарымызға бұйырды. Енді осы жолы ел намысын 24 жастағы Абылайхан Жүсіпов қорғайды.
Букмекерлік кеңселер Абылайханды фавориттер тізіміне қоспаған. Есесіне, оның 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қарсыласы болған британиялық Пэт Маккормактың жеңісіне шүбә келтірмейтін тәрізді. Пэт жеңіске жетеді дегенге 1,8 коэффицент беріпті. Сондай-ақ қартамайтын ресейлік Андрей Замковой, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Рониэл Иглесиас Сотолонго да Токиодан тыс қалған жоқ. 69 келінің негізгі фавориттері осылар.
75 келі
Кезінде Геннадий Головкин, Бақтияр Артаевтар өнер көрсеткен 75 келіде Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына Әбілхан Аманқұл барады. Шыны керек, бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары. Украинаның үкілі үміті Олександр Хижнякқа букмекерлер де сенім артып отыр. 2017 жылы Гамбургтегі әлем чемпионатының финалында Әбілхан дәл осы боксшыға есе жіберген. Сонымен қатар осыдан 2 жыл бұрын әлем біріншілігінде топ жарған ресейлік Глеб Бакши, филиппиндік Эумир Марсьяльдар негізгі фавориттер қатарында болып тұр.
Әбілханның өзі де басты қарсыласым осы боксшылар деп айтты.
81 келі
Букмекерлік кеңселер Қазақстан боксшылары арасынан Бекзат Нұрдәулетовті алтын алады деп болжаған. 81 келідегі жерлесіміздің жеңісіне 2,25 коэфицент көрсетілген. Сонымен қатар 75 келіде барлық титулды жеңген кубалық Арлен Лопес осы салмаққа ауысқан.Одан бөлек, Әзербайжан азаматтығын алған тағы бір кубалық Альфонсо Домингес бар. Ол 2019 жылы екінші Еуропа ойындарында топ жарған. Букмекерлік кеңселер британиялық Бенджамин Уиттакерді де үміткерлер қатарына қосқан. Негізгі бәсекелестік осы жігіттер арасында өтеді деп күтілуде.
91 келі
Бес жыл бұрын Рио Олимпиадасында дәл осы салмақтың финалының арты үлкен дауға ұласып еді. Төрешілер ресейлік Евгений Тищенконы сүйреп жүріп чемпион жасағанын көпшілік жақсы біледі. Ол кезде қазақстандық Василий Левиттің қарсыласынан басым болғаны анық байқалған. Сол Левит екінші Олимпиадасына қатысуға әбден дайын. Бұл жолы Ресей атынан 2019 жылғы әлем чемпионы Муслим Гаджимагомедов барады. Букмекерлік кеңселер де негізгі фаворит ретінде осы боксшыны санап отыр. Сосын 81 келіде төрт дүркін әлем және 2016 жылы Рио Олимпиадасының чемпионы атанған Ла Крус 91 келіге ауысқан.
+91 келі
Токио төріндегі аса ауыр салмақтың финалында өзбекстандық Баходир Жалолов пен Қазақстанның туын Олимпиада ойындарында ұстап шығатын Қамшыбек Қоңқбаев кездеседі деген болжам жасалуда. Қазақстан боксшысын соңғы жылдары осы Жалолов ғана тоқтатып жүр. Мамандар егер Қамшыбек өзбек боксшысына дұрыс айла тауып барса, чемпион атануға мүмкіндігі бар деп санайды. Ол жағын енді уақыт көрсетер.
«Олимпиада ойындарында аса ауыр салмақта 16 боксшы қатысады. 15 қарсыласымның ешқайсысы осал емес. Бірақ соңғы жылдары финалда үнемі өзбек боксшысымен кездесіп жүрген соң, барлығы соны айтады. Шыны керек, тарихты жаңартып аса ауыр салмақта Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Сиднейде Мұхтархан ағамыз күміс алды. Енді елімізге осы салмақтың алты қажет», – дейді Қамшыбек Қоңқабаев Qazsport арнасына берген сұхбатында.
Бек Төлеуов