Бокстан Белградтағы (Сербия) әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасының көрсеткен нәтижесіне байланысты Meta-ratings.kz тілшісі шолу жасап көрген болатын.
Осының алдында әлем чемпионатының финалының бірінші жарыс күніндегі нәтижесімен таныстырғанбыз. Ол кезде Теміртас Жүсіпов (48 келі) алтын, Махмұд Сабырхан (54 келі) күміс медаль алғанын және ұлттық құрама капитаны Абылайхан Жүсіповтің (67 келі) қола жүлдеге ие болғанын жазғанбыз.
Финалдың екінші күнінде 51 келідегі Сәкен Бибосынов АҚШ боксшысы Роско Хиллмен кездесті. Бұл жекпе-жекте америкалық спортшы жерлесімізге аса қатты қарсылық көрсете алмады. Тіпті, жеңілгенін мойындап, Сәкеннің қолын алып кетті.
Бибосынов Белград шаршы алаңында алдымен 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, өзбекстандық Хасанбой Дусматовты жеңді. Одан кейін үндістандық Дипакты үйіне қайтарды. Ширек финалда Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері колумбиялық Юберхен Мартинеске еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Жартылай финалда Тайланд боксшысы Саенгпхет Танараттан басым түссе, финалда америкалық Роско Хиллдің осал тұсын тапты.
«Токиода әнұранымызды шырқата алмадым. Осы бақыт Белградта бұйырды. Бұл тек қана менің жеңісім емес, әке-шешемнің, бапкерлерімнің еңбектерінің жемісі деп білемін. Қазақ халқының, жанкүйерлердің қолдауын біз шаршы алаңда қашан да сезінеміз», – деді Сәкен Бибосынов.
Егер Серік Теміржанов та (57 келі) өз салмағында чемпион атанғанда Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алатын еді. Бірақ Теміржанов тағы бір АҚШ боксшысы Джамал Харвейге есе жіберіп алды. Сөйтіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
«Мақсатымыз бірінші орын болған. Финалда сәттілік жетіспеді. Осыған да шүкір дейміз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Күмісті алтынға айналдыру үшін бар күшімізді саламыз», – деді Серік Теміржанов.
Павлодардық боксшы әлем чемпионатында бес кездесу өткізді. Финалға дейін моңғолиялық Энх-Амаром Хархууды, жапониялық Рейто Цуцмиді және үндістандық Рохит Мор мен ресейлік Эдуард Савинды жеңді. Ал жартылай финалда кубалық Освел Кабальеро Гарсияның осал тұсын тапты. Тек финалда америкалық Джамал Харвиге есе жіберді.
Әлем чемпионатында жалпы командалық есепте Куба құрамасы топ жарды. Олар үш алтын, екі қола медальға ие болды. Қазақстан екі алтын, екі күміс, бір қоламен екінші орынға тұрақтады. Үштікте АҚШ боксшылары бар (2 алтын, 2 күміс медаль).
Алғаш рет әлем біріншілігінде Вэл Баркер кубогы табысталды. Бұрын Олимпиада ойындарының үздік боксшысына берілетін сыйлық енді екі жыл сайын әлем чемпионатында табысталып тұрмақ. Белградта кубалық Энди Крус ие болды. 26 жастағы боксшы осымен үшінші рет әлем чемпионатында топ жарды. Сонымен қатар Токио Олимпиадасында жеңімпаз атанған.
Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған боксшысы 100 мың, күміс медаль иегеріне 50 мың, қола жүлдегерге 25 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев та қомақты жүлде тағайындаған. Жеңімпазға 70, күміс медаль иегеріне 50, қола жүлдегерге 30 мың доллар көлемінде жүлде қарастырған.
Бек Төлеуов