Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылардың әзірге аяқ алысы жаман емес. Бастапқы кездесулерін сәтті өткізіп жатқан отандастарымыздың жекпе-жектеріне Meta-ratings.kz тілшісі Бек Төлеуов шолу жасап көрді.
Бокстағы эль-классико
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бокс жекпе-жектерінің ешқайсысы жанкүйерлерді бей-жай қалдырған емес. Былайша, Қазақстан мен Өзбекстан боксшыларының арасындағы кездесуді эль-классикоға теңеуге болады.
Соңғы жылдары қазақ боксшыларының өкінішке қарай өзбек қарсыластарына жиі есесі кетіп жүр еді. Бірақ Белградта әзірге екі отандасымыз да жеңісті жұлып алды. Оның үстіне, қарсыластары қарымды болатын.
Алдымен, 51 келідегі Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Хасанбой Дусматовпен жолықты. Фаворит Дусматов болатын. Бірақ Сәкен бойының ұзындығын, аралық дистанция өте тиімді пайдаланды. Сөйтіп, айқын басымдықпен жеңді.
Кейінен өзбекстандық тарап АИБА-ға шағым түсіріп, аппеляция берген. Бірақ шешім өзгерген жоқ. Бибосынов келесі кезеңге өтті.
«Жеребеге байланысты екеуіміз бірінші кездесуге жолығып қалдық. Бапкерлердің тактикасын бұлжытпай орындадым. Алдағы жекпе-жектерде қателіктер жібермеуге тырысамын. Токиодағы есемді қайтарып, осы жолы алтынмен оралғым келеді», – деді Сәкен Бибосынов жекпе-жектен кейін.
Енді ол 1/8 финалда үндістандық Дипакпен кездеседі. Бұл жекпе-жек 1 қарашада өтеді.
Сонымен қатар 92 келідегі Айбек Оралбай Өзбекстан атынан қатысатын этникалық қазақ Мадияр Саидрахимовпен жолығады. Яғни осы чемпионатта үшінші рет Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары өзара жолығады.
Шымбергенов екінші рет Гиясовты жеңді
Асланбек Шымбергенов 28 жасында әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатыр. Бұған дейін бірнеше жыл Абылайхан Жүсіповтің көлеңкесінде жүрді. Осы жолы АИБА салмақ дәрежелерін 13-ке дейін көбейткен соң, екеуі де дүниежүзілік бірінші келді. Абылайхан 67 келіде, Асланбек 71 келіде ел намысын қорғауда.
Шымбергенов бірінші кездесуінде 1/32 финалда Ираннан келген Фархад Моради Аташгахтың осал тұсын тапты. Кездесу бірінші раундта аяқталды. Өйткені қарсыласы жарақат алып, жекпе-жекті әрі қарай жалғастыра алмады.
Одан кейін жеребе оңай болмады. Екінші жекпе-жегінде бірден 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионы өзбекстандық Шахрам Гиясовпен кездесті. Қарсыласы Қазақстан боксшыларына жақсы таныс. Осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновтен жеңілген. Бірақ одан кейін Абылайхан Жүсіповті екі рет ұтты. Алдымен, Ташкенттегі Азия чемпионатының финалында одан кейін Гамбургтегі Әлем чемпионатының жартылай финалында басым түсті.
Асланбек пен Шахрам өзара бір рет жолыққан. 2017 жылы Талдықорғанда өткен WSB бүкіләлемдік бокс сериясы аясында бес раундтан тұратын жекпе-жекте Шымбергеновтің мерейі үстем болған.
Осы жолы да қазақ боксшы өзінің мықтылығын дәлеледі. Үш раундта да 28 жастағы Шымбергенов діттеген соққыларын дәл тигізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, 1/8 финалға жолдама алды.
«Жекпе-жек оңай болған жоқ. Бірақ жаттықтырушылардың айтқанын орындап, жеңіске жеттім», – деді Асланбек Шымбергенов кездесуден кейін
Жарысты жалғастырып жатқандар
Қазақстан боксшыларынан екі кездесу өткізіп, жеңіске жеткендер қатарында Шымбергеновтен бөлек, Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (67 келі) бар.
Сонымен қатар Сәкен Бибосынов (52 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Айбек Оралбай (92 келі) алғашқы кездесулерін сәтті өткізді.
Әлем чемпионатын ерте аяқтағандар
Қазақстан құрамасынан екі боксшы Әлем чемпионатынан шығып қалды. Күтпеген жерден Бек Нұрмағанбет (86 келі) бразилиялық Кено Мачадоға қарсы түк көрсете алмады. Соңғы бір жылда кәсіпқой боксты жағалап кеткен Бекке әуесқой боксқа қайта оралу қиынға соққан тәрізді.
Ал аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай Испаниядан келген Аюб Эль-Айсауиге есе жіберді.
Әлем чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.
Бек Төлеуов