Құрлықтық хоккей лигасы ағымдағы маусымының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчында Магнитогорскіде 7:4 есебімен жеңілген елордалық «Барыстың» өткен маусымдағы жетістікті қайталауға қауқары жете ме? Нұр-сұлтандықтар осыған дейінгі он плей-оффта қалай өнер көрсетті? Осы және басқа да сұрақтарға Meta-ratings.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Бармақ тістеткен «Барыстар дербиі»
ҚХЛ-ге қадам басқан беташар маусымында-ақ (2008/09) плей-офф кезеңіне шыққан елордалықтар кейіннен бітіспес қарсыласқа айналған қазандық «Ак Барсқа» қарсылас атанып, алғашқы үш ойында да есе жіберіп, жорығын 1/8 финалдан аяқтады. Ал сол қазандықтар турнирде топ жарды.
2009/10 жылғы маусымда да «Барыс» плей-оффқа жолдама алды. Бұл жолы да алдымыздан «Ак Барс» шығып, алқымнан алды. Сериядағы есеп тағы да 0-3 болып, «Барысты» жеңіп күш алған қазандықтар ары қарай да қарсылас шақ келтірмей екінші мәрте кубокты бастарынан асыра көтерді.
Елордалықтар келесі маусымда да плей-оффта өнер көрсету мәртебесіне ие болды. Алайда қатарынан үшінші рет «Ак Барс» аяқтан шалып, елордалықтар жарысты сол жерден аяқтауға мәжбүр болды. Осылайша плей-офф сатысындағы үш дербиде де жеңілген қазақстандық барыстар қазандық барыстарға тіс батыра алмай кетті.
Алғашқы ширек финалдан тәжвирусына дейін...
2011/12 жылғы турнирдің плей-офф кезеңінде бітіспес қарсылас «Ак Барспен» кездесуден қашып құтылғанмен, магнитагорсктік «Металлургтан» айласын асыра алмай, 3-4 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейінгі жылы челябинсктің «Тракторына» дәл осындай есеппен есе жіберді.
Ал 2013/14 жылғы маусымда екатеринбургтік «Автомобилистің» тас-талқанын (4-0) шығарып, алғашқы рет ширек финалға жол тартты. Дегенмен жартылай финалдық жолдамаға таласта «Барыстың» қуанышы ұзағынан болмай, уфалық «Салават Юлаев» 2-4 есебімен басым түсті.
Одан кейінгі жылы қатарынан жетінші мәрте плей-офф кезеңіне өткен «Барыстың» жолына омскілік «Авангард» кедергі болды. Ал 2015/16 жыдардағы маусымда «қайта келген қыз жаман» дегендей бапкерлік тізгінді қайта ұстаған Андрей Назаров шәкірттері бірыңғай чемпионаттың қорытындысы бойынша Батыс конференциясында «Нефтехимиктен» бір ұпайға артта қалып, тоғызыншы орынмен плей-офф сатысынан алғашқы рет құр қалды. Келесі маусымға жаңа күшпен келген елордалықтар 1/8 финалда «Трактордан» кеткен есені қайтарғанмен, ширек финалда магнитагорсктік «Металлургтан» оңбай (0-4) ұтылды.
2017/18 жылдары Батыс конференциясында үздік сегіздіктен біршама ұпай артта қалып, оныншы орынды қанағат тұтып, екінші мәрте плей-оффтан тыс қалды. Келесі маусымда Чернышов дивизионында жеңіске жетіп, 1/8 финалда нижний новгородтық «Торпедоны» жарыс жолынан шығарды. Бірақ тағы да ширек финалдан ары аса алмады. Бұл жолы «Авангард» екінші рет жолымызды кесіп кетті.
2019/20 жылдар адамзат тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі болды. Әлемді Covid-19 короновирусы жайлап, бірқатар ауқымды спорттық шаралар кейінге қалдырылып, біразы турнирлерді аяқтаудан бас тартты. Осы жағдай ҚХЛ-де де орын алып, дүбірлі дода ширек финалдан үзіліп, чемпион анықталмай қалды. «Барыс» осы маусымда 1/8 финалда магнитагорсктік «Металлургті» қапы қалдырып, ширек финалда «Сибирьмен» кім мықтыны анықтауы керек еді. Алайда пандемияның салдарынан еркінен тыс жарысты аяқтауға мәжбүр болды.
«Барыстар» былтырғы жетістікті қайталай ала ма?
Жоғарыда айтқандай, «Барыс» пен «Металлург» өткен маусымның 1/8 финалында кездесіп, елордалықтардың мысы басым болған еді. Жалпы қос тарап 2 наурыздағы ойынға дейін 46 рет мұз айдынында күш сынасып, 29 мәрте «түлкілер» жеңіске жетсе, 17 рет жеңіс «барыстардың» еншісінде кеткен. Соның ішінде плей-офф кезеңдерінде үш мәрте жолы түйісіп, екеуінде «Металлургтың» асығы алшысынан түссе, «Барысқа» бір мәрте келесі кезеңге өту бақыты бұйырған.
Ағымдағы маусымда «Металлург» плей-оффқа үшінші орынмен өтсе, «Барыс» алтыншы орынмен жолдамаға ие болды. Бұл маусымда екеуі өзара төрт рет күш сынасып, «Металлург» негізгі уақытта бірде-бір рет жеңілмепті. «Түлкілер» үш мәрте жеңіске жетсе, «Барыс» бір рет овертаймда басым түскен. Демек биылғы маусымда «Металлург» былтырғыдай оңай шағыла салмасы анық. Жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері мүмкін болған төрт қарсыластың («Ак Барс», «Авангард», «Салават Юлаев» және «Металлург Мг.) ішіндегі ең оңтайлысы дегенмен де, қарсыласты бағаламауға болмайды. Тіпті ұпай саны бойынша бізден турнирлік кестеде әлдеқайда жоғары орналасқан. Дегенмен «Ак Барстың» азуына іліккенен жақсы екені сөзсіз. «Барыс» 60 ойынның 20-ында таза жеңіске жетсе, сегіз матчта овертайм арқылы, ал үш кездесуде буллиттен кейін жеңіс тойын тойлап, 29 текетіресте қарсыласқа есе жіберген. Осылайша 69 ұпай еншілеп, алтыншы орынға жайғасты. «Металлург» болса 60 матчтың 31-інде мәселені негізгі уақытта шешіп, алты мәрте буллиттен соң жеңімпаз атанған. Ал 23 ойында жеңілістің ащы дәмін татып, жалпы саны 81 ұпаймен батыстағы үздік үштікті қорытындылады.
Қос ұжым арасындағы плей-офф кезеңінің күнтізбесі мынадай:
2 наурыз. «Металлург» – «Барыс» – 7:4 (1:3, 4:1, 2:0)
4 наурыз. «Металлург» – «Барыс»
6 наурыз. «Барыс» – «Металлург»
8 наурыз. «Барыс» – «Металлург»
Аталған төрт кездесуде жеңімпаз анықталмай, қосымша ойындар қажет болса:
10 наурыз. «Металлург» – «Барыс»
12 наурыз. «Барыс» – «Металлург»
14 наурыз. «Металлург» – «Барыс»
Плей-оффтың алғашқы ойнында «Металлург» 7:4 есебімен жеңіске жетті. Елордалықтар 1:3 есебімен жеңіп тұрып, жеңісті уыстарынан шығарып алды. Қос тараптың да қақпашылары мен қорғаушылары аракідік қателіктер жіберіп, матчта осындай ірі есептің тіркелуіне әкеліп соқты. Осылайша «түлкілерге» қонақта қатарынан үшінші мәрте тізе бүктік.
«Металлург» 2021 жылы өз алаңындағы соңғы он ойынның сегізінде қарсылас шақ келтірмеген. Ал «Барыс» 2 наурыздағы ойынды қоса есептегенде 2021 жылы қонаққа барған 13 матчың жетеуінде жеңіп, алтауында сан соққан. Сол алты жеңілістің үшеуі «Металлургтан» екенін де айта кеткен жөн. Келесі ойынның да 8 наурыз күні «Металлург Аренада» өтетінін ескерсек, «Барыс» кездесуге тыңғылықты дайындықпен шығып, қонақтағы бір ойында жеңіп, сериядағы есепті (1:0) теңестірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы статистикаға сүйенсек, «Металлург» бізге осы маусымда қолайсыз қарсыластардың бірі. Жаңа жылда әлі жеңіп көрмедік. Дегенмен Юрий Михайлис шәкірттерінің жеңісті күндері алда деп сенейік. Алғашқы ойында жіберген азды-кем қателіктермен жұмыс жасаса, өткен маусымдағы жетістікті қайталап, «Металлургты» қатарынан екінші жыл плей-офф сатысынан ұшырып жіберуге «Барыстың» әлеуеті жетерлік.