Допинг қолданды деген айыппен екі жылға футболдан шеттетілген Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан YouTube-тағы Nursultan Qurman арнасына берген сұхбатында допинг дауына қатысты жағдайдың мән-жайын, алаңға қашан оралатынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Бауыржан, соңғы бір жыл бойы сұхбат бермедің...
— Әлгі жағдайдан кейін бөлісетін ақпарат болған жоқ. Қазір уақытымды бала-шағама арнап жүрмін. Кезінде оларға уақыт бөле алмайтын едім. Оларды балабақшаға да алып барып, алып келіп жүрмін. Бұл бір өмірдің ғажап сәті екен, бұған да үйреніп қалдым.
— Көрермендер Бауыржанның қазіргі жағдайын білгісі келеді. Формасы қалай, футбол ойнап жүр ме дегендей.
— Ия, Алматыда әуесқой деңгейде ойнап жүрмін. Достарым ойнайды, ал мен тек жаттығуларына барамын. Уақыт болып жатса, аптасына екі мәрте жүгіремін. Маған әуесқой деңгейде ресми матчқа қатысуға болмайды. Көптеген достарым, оның ішінде Дидар Сыдықбек менімен байланысқа шығып, командамда ойнап берсей деп өтініш айтты. Мен қуана-қуана келісер едім, бірақ болмайды. Аз уақыт қалған кезде жағдайды ушықтырып аламын ба дегендей қорқыныш бар. Алла қаласа, қараша айында алаңға ораламын.
— Футболдан алшақтасам артық салмақ қосып аламын деген қорқынышың бар екен...
— Кәсіби спортшы өз-өзіне қарауы керек. Кез-келген спортта адам өзіне қарамаса, артық салмақ қосып алады. Маусым біткеннен кейінгі демалыс кезінде кейбір ойыншылар 4-5 келі қосып, кейбіреуі еш өзгеріссіз келеді. Оқу-жаттығу жиыны ойыншыларға қалыпқа келу үшін беріледі. Сондықтан жиында дайындалатын боламын.
— Сені шақырып жатқан клубтар бар ма?
— Қазір ештеңе айта алмаймын. Дисквалификация мерзімі біткен соң командалармен сөйлесе бастаймыз. Қазақстанда боламын ба, шетелге кетемін бе, бір Алла біледі. Уақыты келгенде бәрі белгілі болады.
— Жанкүйерлер «Тараз», «Ақтөбе» немесе «Қайратқа» баруың мүмкін екенін айтуда.
— Тараз – менің туған жерім. Ол жерде мансабымды бастап, тәжірибелі футболшыға айналдым. Ол жердегі барлық адамды сыйлаймын. Қанша барсам да, жігіттермен сәлемім түзу. «Тараз» шақырса, тек қана қуанамын. «Қайрат» та менің жүрегімдегі команда. Ал «Ақтөбемен» бұған дейін тек қарсылас болып өттік. Бірақ бұл спорт. «Ақтөбеге» де, «Қайратқа» да сәттілік тілеймін. Жанкүйерлер мені әр командадан көргісі келеді. Мұның өзі құрмет, бұл үшін оларға көп рахмет! Екі жыл өтсе де, мені ұмытпаған жанкүйерлерге алғыс айтамын! Агентім де уақыты келгенде ойланамыз деді. Алла қаласа, қыркүйекте жеке жаттығуларды бастаймын деген жоспар бар.
— Қалыпқа келу процессі шетелде жүре ме?
- Әзірге қай жерде болатынын білмеймін. Қазақстанда да шетелден білім алып келген тәжірибелі мамандар бар. Сондықтан мені де дайындайтын бір жігіт табылар.
— Футболды сағындың ба?
— Басында қиын болды. Күн сайын таңертең жаттығуға немесе оқу-жаттығу жиынына кететін едім. Үйде отырып қалғандықтан, өзімді біртүрлі сезіндім. Жаттығудың орнына балаларымды балабақшаға алып барып жүрдім. Уақыт болса жаттығу жасап қоямын. Кезінде үш-төрт күн сайын ойын болып, демалатын уақыт болмайтын еді. Қазір сол кездерді аңсаймын. Қашан демалыс болады деп күтетін едік. Міне, Құдайдың өзі екі жылдық үзіліс берді (күліп). Уақыт мен үшін зымырап өтті. Орталық стадионға барып, «Қайраттың» ойындарын көргенде, мен де осы жерде жүгіріп жүрген едім ғой деп өткенді еске аламын. Недегенмен ол клубта алты жылымды өткіздім. Ойыншыларды, қызметкерлерді кездестіргенде жақынымды көргендей қуанамын.
— Қиындыққа тап болған кезде қолдау көрсетіп, көмектесеміз дейтін достар көп ұзамай жоқ болып кетеді. Сенде осындай жағдай болды ма?
— Жоқ. Ең алдымен қолдауын аямаған Қайрат Боранбаевқа рахмет! Ол кісінің қазіргі жағдайы туралы ештеңе білмеймін. Аман-есен шығып, «Қайратты» бұрынғы қалпына келтірсін деген тілектемін. ҚФФ-на да алғыс айтқым келеді. Мені ойындарына шақырып, командамен бірге бол деген Талғат Маруаұлына рахмет! Жанымда болған адамдардың бәріне айтар алғысым шексіз. Біреу «лақтырып» кетті деп айта алмаймын. Мен өз-өзіме сенімді жігітпін, ешкімді алдамағандықтан, бәрі сыйлап жатады.
— «Аль-Айнға» ауысуыңа не себеп болды?
— «Зенитке» барып, тәжірибе жинақтадым. Бірақ ол кезде бабымда емес едім. Екі ай бойы команда іздедім. Сол кезде «Зенит» шақырып қалды. Барлығы жақсы өтті. Бір жаман жері, мен ол кезде легионер ретінде есептелдім. Ал қазір Нұралы легионер емес. Сол сәтте «Аль-Айн» жарты жылдық келісім-шарт ұсынды. Мен келістім. Мен ол жерді трамплин ретінде көрдім. Алты ай өтті, бірақ «Зениттен» хабар болмады. Басқа командалар менімен байланысқа шықпады. Карантин болғандықтан Сауд Арабиясынан шыға алмадым. Екі айдан кейін Қазақстанға оралдым. Қызылордаға барып, сол жерде жатақханада жаттық. Үйтіп-бүйтіп Алматыға жеттім. Көп ұзамай «Аль-Айн» қайтадан ұсыныс жасады. Басқа командалардан ұсыныс болмағандықтан, екі жылдық келісім-шартқа отырдым. Өзімді сол жақта сынап көргім келді. Кәрі емеспін, отыз жасымда қайтып келемін деген ой болды.
— Саған допинг қабылдады деген айып тағылды. Осы жағдай туралы толығырақ айтып берсең.
— Мен не болғанын білмей қалдым. Мен тест тапсырдым, жанымда тағы бір араб жігіті болды. Допингпен ұсталды деген алты адам да қазір мен сияқты футбол ойнамай жүр. Содан кейін клуб басшылығы менімен мүлдем байланысқа шықпады. Бірақ уақыт өтіп, жарты жыл ғана уақыт қалды. Мұның да бір қайыры бар шығар. Біз тіпті сотта да әлгі допингпен ұсталған жігіттердің қайда екенін сұрадық. Өкінішке орай, ешкім жауап бермеді. Бірақ олар да ойнамай жүр деп айтты. Біреін әскерге кетті деді, тағы түрлі себептірді айтты. Бірақ соңында шындықтың беті ашылады. Дәрігерді кінәлады. Бірақ біз тек дәрігердің берген затын ішеміз ғой. Айболдан да сұрасам, не болғанын білмейді.
— Сот процессі қалай өтті?
— Алғашқы сот ісі Азия федерациясында болды. Әлгі арабтар соттасқан жоқ, тек мен ғана сотқа қатыстым. Негізі мені төрт жылға шеттетуі керек еді, бірақ екі жыл берді. Сол кезде допингпен ұсталған әлгі ойыншыларды сұрадық. Олардың барлығы менің Instagram парақшамда бар. Олар жеке өздері жаттығып жүр. Бесеуі де менімен бірге соттасқанда кім кінәлі болар еді? Осынша жағдайдан кейін «Аль-Айнға» оралмайтын шығармын. Олар маған ешқандай ақша төлемеді. Барлығына өзі кінәлі деп шығарып салды.
— Ұлттық құрама жайлы не айтасың?
— Жаңадан келген бапкермен жақын таныс емеспін. Ол кісіге сәттілік тілеймін. Жігіттер алдағы ойындарда еліміздің абыройын асқақтатады деп сенемін. Осы топта жақсы орын алайық деп тілеймін.
— Көпшілік Талғат Байсуфинов ұлттық құрамада қалу керек еді деп айтуда.
— Әр бапкердің өзінің тактикасы бар. Маруаұлы өте тәжірибелі бапкер. Қаншама жыл Премьер-лигада, Қазақстан құрамасында жұмыс істеді. Ол кісіні жақсы немесе жаман деп те айта алмаймын. Оны өзіміздің ағамыз сияқты көремін. Адамды жігерлендіріп, еліне жаны ашып тұрады. Ол кісіні жақсы білемін. Бірақ ол кісіге қандай баға берерімді білмеймін.
— Сенің тұсыңда ұлттық құраманы жаттықтырған үздік үш бапкерді айта аласың ба?
— Станимир Стойлов ойын қоя білетін еді. «Астанамен» жетістікке жеттік қой деп, алға қарай ұмтылдыратын едік қой. Барлық бапкер де өз үлесін қоса білді. Юрий Красножан да жақсы бапкер.
— Польшамен болған ойында Левандовскимен не туралы сөйлестіңдер?
— Ойын лас болып кетті. Левандовски менің артымда тұр, бір қолымен мені ұстап алған. Теледидарда кішкентай сияқты еді, ірі денелі жігіт екен. Жібер деп қоямын. Бірдеңе айтып жатты, түсінбедім. Соны Яцек Гуральскийден сұрау керек еді. Жақсы сөз айтты деп ойламаймын (күліп).
— Самат Смақов «Қайратта» ойнап жүрген кезде қарсыластарына «қазір кімде-кім Исламханға қарсы лас ойнаса, ісім сонымен болады, ол Қазақстан футболының болашағы» деп айтқан екен.
— Ол жағын білмедім. Мұны өзінен сұрау керек секілді. Бірақ мен естімедім. Ол кезде жас едім.
— «Қайрат» Владимир Вайсстың кезінде жарқырады. Ол кісі туралы не айтасың?
— Өте мықты бапкер. Ол кісінің кезінде екі рет Қазақстанның үздік ойыншысы атандым. Сондықтан айтар алғысым шексіз. Ол кісі «Мұндағы ойыншылар Қазақстаннан кете алмайды» деп айтатын. Бірақ бұл жақтан кету оңай емес. Ол үшін өзін көрсетуі қажет. Вайсстың кезінде жылдам футбол ойнайтын едік. Ол кездер ұмытылмайды. Жанкүйерлер стадионда толып отыратын. Бірақ чемпион бола алмадық. Өзім жеті-сегіз рет чемпионатта екінші орын алдым. Мен кете салысымен, «Қайрат» чемпион болды. Бүған мен кінәлімін бе деп ойлап қоямын (күліп).
Кахабер Цхададзе де жақсы бапкер. Карлос Алос Ферермен басында қарым-қатынасымыз нашар болды. Бірақ уақыт өте келед бәрі түзелді. Одан кейін Шпилевский келді. Оның да ойын жүйесіне басында үйрене алмадық. Қазір команданы Құрбан Бекейұлы жаттықтыруда. Ол тәжірибелі бапкер болғандықтан, тек жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.
— «Қайрат» шақырса барасың ба?
— Құрбан Бердыев мені өз командасынан көргісі келсе, қалай бармаймын?! Ол мен үшін туған клубымдай болып кеткен. Қазір ең бастысы ойнап, өзімді қалыпқа келтіруім қажет.
— «Бордомен» болған ойын жайлы не айтасың?
— Ол кезде тамаша атмосфера болып еді. 2:0 есебімен ұтып жатқан едік. 80-минуттарда доп аутқа да шықпай қойды ғой. Сондағы бір гол мәселені шешіп кетті. Сол кезде жақсы нәтиже көрсеткенде, мықты команда болар ма едік. Бірақ барлығы Алланың қалауымен болды.
Ол кездері адамдар көлігіне «Қайраттың» туын іліп алып жүретін еді. Стадион лық толы. Теледидардан көрсетіп жатыр. Қаншама хабарлама келіп жатыр. Ол біз үшін үлкен мақтаныш еді.
— Біраз жанкүйерлер сені киім ауыстыратын бөлмеде нық сөйлейтін, көшбасшы ойыншы ретінде біледі.
— Көп нәрсе айтпай, командадағы үлкен ойыншыға сөз беретін едік. Ал біз барлығын алаңда көрсетуге тырыстық. Матч кезінде эмоциямен айқайлап жатамыз, бірақ бәрі ойыннан кейін ұмытылып кетеді.
— «Астана» «Қайраттың» жолын кесіп жүр ме?
— Олай ойламаймын. Олар лайықты түрде чемпион болды. Өткен нәрсені өзгерте алмаймыз. Бұған дейін бірде-бір адам жеңіле салыңдар деп айтпаған. Өйткені мен келісілген ойындарға қарсымын.
— Премьер-лиганың деңгейі туралы не айтасың?
— Деңгейі түсіп кетті деп айта алмаймын. Қазір команданың барлығы бірдей. Чемпионат енді қызады. Кейбір командаларда еурокубоктік ойындар басталады. Осындай қиын сәттерде кім шыдас береді, сол чемпион болады.
— Бауыржан Байтана жайлы ойың қандай?
— Баджоға тек сәттілік тілеймін. Ол жарақат алып, көп уақытын өткізіп алды. Бірақ ештеңе етпейді. Жаңа бапкер келіп, оған сенім артты. Ол әрдайым үздік ойыншы болған. Ол футболды менен бұрын бастаған. Сондықтан оған сәттілік тілеймін.
— Ұлан Қонысбаев туралы ше?
— Ол өте қиын жағдайға тап болды. Ені жарқырап жатқанда, аяғы сынды. Қанша жыл өтті, бірақ ол жеңілмеді. Әлі күнге дейін футбол ойнаймын деп жүр. Қазір аяғым жақсы деп айтты. Мен оған «мүмкін басқа саланы көрерсің» деп айттым. Бірақ ол әлі ойнаймын деді. Ұлан футболды қатты жақсы көреді.
Бауыржан Джолчиевпен қатты араласпадым. Тек ұлттық құрамада жолығатынбыз. Сәлеміміз түзу еді. Қазір қайда екенін де білмеймін.
Мардан Төлебек жарақат алған. Оны өткен жылы Түркістанда көрген едім. Қазір клубсыз жүр.
Исламбек Қуатты соңғы рет ұлттық құрамада көріп едім. Бәрі жақсы еді. Командада не болғанын білмеймін. Екеуі жанжалдасып қалыпты, бапкер біздің ойыншыны жазалап, легионерге тиіспепті. Осы жағдайды түсінбедім. Бірақ Исламбекке басқа клуб табылады ғой.
— Жанкүйерлерге айтар тілегің бар ма?
— Біріншіден, жанкүйерлерге үлкен рахмет айтқым келеді. Осыншама уақыт бойы мен қолдап келді. Мен аман-есенмін. Алла қаласа, қарашада футболға ораламын. Сіздерді өз ойыныммен қуантамын деген ойдамын. Аман-есен, жақсылықта көрісе берейік. Жігіттерге сәттілік. Алдағы Әзірбайжанмен болатын ойында Қазақстан құрамасын бірге қолдайық. Ұлтты құрамаға алға қойған мақсаттарына жете берсін. Тек қана жақсылықтан көрісейік. Аман болыңыздар!
Авторы - Ерсұлтан Кәріпбай