ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Winline KZ
PIN-UP KZ
Самый надёжный букмекер*
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қазақтың Рианнасы атанған 18 жасар гандболшы қыз құраманың әлсіздігі мен «Тобылдың» чемпиондығы жайлы айтты

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде талайды тартымдылығымен тамсандырып жүрген гандболшы қыз Марал Ержанова Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында спорт шебері атағына жетуге дейін қандай қиындықтар кездескенін, футболға деген махаббаты, «Тобылдың» чемпиондығы және алға қойған мақсатымен бөлісті.

— Сен туралы ақпарат іздеу барысында тұшымды дерек таппадым. Сондықтан, біріншіден, өзің жайлы айтып өтсең.

— Негізі, Тараз қаласында дүниеге келдім. 5 сыныпқа дейін сонда оқып, содан кейін ата-анамызбен елордаға қоныс аудардық. Нұр-Сұлтан қаласындағы №85 лицейдің 2021 жылғы түлегімін. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы International University of Tourism and Hospitality жоғарғы оқу орнында мейрамхана ісі мен қонақ үй бизнесі мамандығы бойынша білім алудамын. Гандболмен кәсіби түрде айналысамын. Алматы облысының намысын қорғайтын, Қазақстан Жоғарғы лигасында өнер көрсететін «Жетісу» командасының ойыншысы әрі капитанымын.

— «Жетісу» Алматы қаласында орналасқан ғой, Астана мен Алматының арасында жүру қиындық тудырмай ма?

— Өте қиын. Ұзақ уақыт оқу-жаттығу жиындарында боламыз. Одан бөлек жарыстар бар дегендей. Үйде көп болмаймыз, сондықтан қиындықтары баршылық.

— Спортқа қанша жасыңда және қалай келдің?

— Спорттағы жолымды 4 жасымда балеттен бастап, 6 жасқа дейін айналыстым. Содан кейін 5 сыныпқа дейін көркем гимнастикада бағымды сынап, спорт шеберіне үміткер атағын алып, елордаға қоныс аударуымызға байланысты, сонымен қатар көркем гимнастика жүрегімнің емес, анамның қалауы болғандықтан, ол спорттағы мансабымды аяқтауға мәжбүр болдым. Өйткені көркем гимнастиканы жаным қаламады, күнде таңертең оянғанда осы гимнастика қашан бітер екен деп ашуланатынмын. Бірақ көркем гимнастикамен айналысуым спорт жолымда көп көмегін тигізді. Бұл спорт түрінен алғашқы бапкерім Елена Владимировнаға алғысым шексіз.

— Гандболмен қай жылдан бастап айналыса бастадың?

— 2018 жылдың мамыр айынан бастап гандболға келіп, 2020 жылы Қазақстанның спорт шебері атағын алдым. Жоғарыда айтып өткендей, қазіргі таңда «Жетісу» командасының намысын қорғаймын. Клуб сапында алғашқы және қазіргі күнге дейінгі бапкерім Жанатты Байарыстанова Ойнаровнаның қол астында жаттығудамын. Мектеп кезінен бірнеше спорт түрімен айналысқаннан соң, ол кісі бізді байқап, бүгінгі күнге дейін бар білгенін аямай үйретіп келеді.

— Бірнеше спорт түрінің дәмін таттым дедің. Гандбол мен көркем гимнастикадан басқа қандай спорт түрлерімен айналыстың?

— Триатлон, үлкен теннис, каратэ, таэквондо, би және коньки спортымен шұғылдандым. Астанаға көшіп келгеннен кейін өзімді таба алмауым себепті жарты жылдай конькимен жүгіру спортымен айналыстым. Триатлонға аса қызығушылығым жоқ, бірақ менің 13 жасар сіңілім (Диана Ержанова — Meta-ratings.kz) триатлоннан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы. Ал гандбол және йога әлі күнге дейінгі серігім.

«Жетісу»

— Қателеспесем, Маржан есімді егізің бар. Ол да екеуің секілді спортқа жақын ба?

– Иә, екеуіміз гандболдан бір командада өнер көрсетеміз. Кішкентай кезімізден бірге спортпен шұғылданамыз. Ата-анамыз спортқа жақын болуымызды және үлкен жетістіктерге жетуімізді қатты қалады.

— Ата-анаңның сендерді спортқа осынша қатты жақын қылуы — олардың да спортқа қатысы болуының себебінен бе?

— Білмеймін неге бізді спортқа бергенін. Негізі, екеуінің де спортқа жақындығы жоқ. Анам ара-тұра йогамен айналысады. Ал әкем жазда жүгіремін деп кетеді, бірақ жүгіріп келе ме, әлде жай жүріп келе ме, ол жағын білмедім (күледі).

Марал және Маржан Ержановалар

— Спорт жолында алдыңнан кездескен қандай да бір қиындықтар болды ма?

— Иә, бірнеше мәрте тобығым шықты, саусақтарым сынды және иығымды созып алдым. Сол сияқты көптеген жарақаттар алдым. Бірақ қазіргі кезде спортпен айналысуыма қатты кедергісін келтірмейді.

— Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасының Азия құрлығында соңғы кездегі сәтсіз өнер көрсетуіне не себеп деп ойлайсың?

— Біріншіден, бізде гандбол қатты дамымаған. Екіншіден, тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей, құрамаға шын мықтылар шақырту алмайды.

— Гандболдан Қазақстан жасөспірімдер немесе жастар құрамасына шақырту алдың ба?

— Иә, U19 құрамасына шақырту алдым. Бірақ карантинге байланысты баратын жарысымыз кейінге шегерілді. Негізі, U19 құрамасының тізімінде бармын.

— Қазіргі таңда TikTok желісінде танымалдылығың артуда және сені Рианна мен кәріс қыздарға ұқсататындардың қарасы көп. Өзіңді басқамен салыстыратындарға көзқарасың қандай?

— Шын мәнінде, ұнамайды. Бірақ көңіліме жақын қабылдамаймын. Маржан (егізі — Meta-ratings.kz) екеумізді кішкентай кезімізден Рианнаға ұқсататындар көп.

— Он жылдан кейін өзіңді спортта қандай дәрежеде көресің?

— Қазақстандағы ең үздік гандболшы ретінде көремін. Бірақ осы салада жүретін болсам, он жылдан кейін жаттықтырушы болатын секілдімін.

— Спорт шебері ретінде гандболды енді бастап жатқан қыздарға қандай ақыл-кеңес айтасың?

— Бір спорт түрін таңдаған соң соңына дейін соны қуу керек. Сабақ деп спортты шетке ысыруға болмайды. Мысалы, бізде көптеген мықты ойнайтын қыздар сабақ деп гандболды тастап кетті. Егер өзіңді спортта көрсең, тынбай еңбек ету қажет. Ал жаның қаламаса, уақытты босқа құртудың керегі шамалы. Мен өзімді гандболшы ретінде көремін және капитан болған соң жауапкершілікті сезініп, команданы ұятқа қалдырмауға тырысамын.

— Сен туралы ақпарат жинау барысында футболды ұнататыныңды байқадым. Бұл спорт түріне деген қызығушылығың қаншалықты деңгейде?

— Бұл спорт түрін ерекше қатты ұнатамын. Әкем футболға мүлде қызықпаса да, мен футбол десе ішкен асымды жерге қоямын. Футболмен айналысатын көптеген достарым бар. Қазақстаннан «Тараз», «Астана» және «Қайрат» клубтарына жанкүйермін.

— Биыл «Тобыл» лайықты түрде чемпион болды деп ойлайсың ба?

— Менің ойымша, осы жылы қостанайлықтардың жолы болды. «Тараз» чемпионатты тәп-тәуір бастап еді, алайда өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, оныншы орынмен аяқтады.

— Футбол тақырыбын әдемі аяқтау үшін кішігірім блиц сұрақтарға жауап берсең. «Барселона» әлде «Реал»?

— «Барселона»

Месси әлде Роналду?

— Роналду

Зайнутдинов әлде Исламхан?

— Батека!

«Тараз» әлде «Қайрат»?

— «Тараз»

Спорттағы алға қойған мақсатың қандай?

— Мақсатым — келесі жылы Суперлигаға өту, Қазақстандағы ТОП-5 ойыншының қатарына ену, гандболдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсету, TikTok-тан миллион жазылушы жинау (күледі).

Марал Ержанқызының спорттағы жетістіктері:

Көркем гимнастика (Спорт шеберіне үміткер):

ҚР чемпионаты (2013 жыл) — 2-орын

ҚР чемпионаты (2014, 2015 жылдар) — 3-орын

Гандбол (Спорт шебері):

Әйелдер арасындағы Жоғарғы лига («Жетісу«) — 2-орын, 3-орын

2002 жылы туылған қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты (2018 жыл) — 2-орын

2002 жылы туылған қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты (2019 жыл) — 2-орын

Өзбекстан Республикасының чемпионаты (2019) — 1-орын

Фото: Марал Ержанованың жеке мұрағатынан

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте