ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қазақшаң қалай, қазақ спорты? Кәсіби клубтарымыздағы қазақ тілінің деңгейі

Қазақ спортында жемқорлықпен қатар келе жатқан тағы бір проблема бар. Ол – тіл мәселесі. Көптеген клубтар ана тілімізді екінші орынға қойып, орыс тіліне басымдықты береді. Бұл 30 жылдан астам уақыт бойы емделмей келе жатқан дертіміз.

Барыс

Еліміз 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздік алғаннан бері спортымыз толықтай қазақша сөйлей алмауда. Қазақстанда 100-дей кәсіби спорт клубы болса, соның біршамасы әлеуметтік желідегі парақшаларында әлі күнге дейін орысша ақпарат таратады. Ал тек қазақ тілінде жазатын клубтарды оп-оңай саусақпен-ақ санап аласыз.

Осы орайда елімізде танымал спорт түрлерінен (футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, футзал) бақ сынайтын клубтардың әлеуметтік желілеріне арнайы зерттеу жүргізіп, қазақ тілін құрметтейтін және құрметтемейтін деп екі топқа бөлдік.

Алдымен мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы алып отырса да ана тілімізге немқұрайлы қарайтын, қазақша өте сирек жазба салатын немесе қазақ тілі мүлде естеріне түспейтін командалармен таныс болайық. Олар: «Қайрат» ФК, «Барыс» ХК, «Снежные Барсы» ХК, «Номад» ХК, «Шахтер» ФК, «Ақжайық» ФК, «Жетісу» ФК, «Торпедо» ХК, «Сарыарқа» ХК, «Алтай» ВК, «Қызылжар» ФК, «Астана» велокомандасы, «Алматы» ХК, «Аят» ШФК, «БИІК» ӘФК, «Ақтөбе» ХК, «Астана» БК (соңғы кездері ғана қазақша жазып жүр), «Арлан» ХК, «Құлагер» ХК, «Бәйтерек» ШФК, «Бейбарыс» ХК, «Теміртау» ХК, «Тобыл» БК, «Барсы Атырау» БК, «Алтай Торпедо» ХК, «Буревестник» ВК, «Ақсу» ФК және «Горняк» ХК.

Ал жоғарыдағы клубтарға антоним, яғни қазақ тіліне белгілі бір деңгейде көңіл бөлетін және тек қазақша жазатын командалар мыналар: «Қайсар» ФК, «Мақтаарал» ФК, «Ертіс» ХК, «Астана» ФК, «Тобыл» ФК, «Каспий» ШФК, «Ақтөбе» ФК, «Қайрат» АФК, «Атырау» ШФК, «Ақтөбе» ШФК, «Тұран» ФК, «Астана» ШФК, «Ордабасы» ФК, «Тараз» ФК және «Каспий» ФК.

Зерттеу нысанамызға айналған 43 команданың 28-і (65%) қазақ тіліне немқұрайлы қарайды. Ал қалған 15 клуб (35%) әр жазбасын тек қазақша немесе екі тілде жариялайды.

Барыс ХК

Енді аталған 43 клубтың бірнешеуіне толығырақ тоқталып өтсек. «Барыс» хоккей клубынан бастайық. Елордалықтар Ресей чемпионатында өнер көрсетеді демесеңіз, негізі толықтай қазақстандық клуб. Мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы алып отыр. Никита Михайлис пен Линден Вейдің жылдық жалақыларының өзі 392 миллион теңгені құрайды екен. Сонша ақшаны шашқанда қазақ тілімізге келіп жатқан пайда – бір тиын. Халықаралық аренада өнер көрсетіп жүргеннен кейін тек орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де ақпарат таратса, тіліміздің мәртебесі өсіп, мыңдаған адам қызыға түсер еді. Тек «Барыс» емес, Қазақстандағы барлық хоккей клубтары орыс тіліне баса назар аударады.

Астана

Дәл осы әңгіме «Астана» велокомандасына да айтылады. Халықаралық турнирлерде велоспорттан еліміздің намысын қорғап жүрген жалғыз команда болған соң оларға тағылар жүк жеңіл емес. Көк туымызбен қоса ұлттық мүддемізді де желбіретулері керек. Алайда сол істің толық атқарылмай жатқаны өкінішті. Әлеуметтік желідегі парақшаларында тек ағылшынша ақпарат таратса, ресми сайттарында қазақ тілінде соңғы рет 2021 жылдың 24 қарашасында жаңалық шыққан. Сайттарындағы қазақша бөлім өте нашар жұмыс істейді. Мысалы, орыс тіліндегі материал 21 ақпанда жарияланса, қазақшасын бірнеше күн күтуге тура келеді. Кейде мүлде жоқ болып кетеді. «Астана» да «Барыс» секілді елден жырақтағы додаларда бақ сынайтын болған соң қазақ тілімізді төмендетпей, керісінше, бірінші орынға қойып, көпшілікке жарнамаласа, нұр үстіне нұр емес пе?

Қайрат

«Қайраттың» жыры бір бөлек әңгіме. Жақында алматылықтар қазақтілді жүргізушіні жұмыстан шығарып, халықтың қатал сынының астында қалды. «Ресейлік клуб», «Мәңгүрттер», «Ресейге кетіңдер» және «Қазақ тілін құрметтемейтін клуб керек емес» дегендердің қарасы көп болды. Осы секілді басқа да сыни пікірлерге көмілген оңтүстік астаналықтар бірден қазақша ақпарат таратуға кірісті. «Қайрат» осы уақытқа дейін де қазақша жарытып жазған емес. «Халық командасының» атына заты сай келмей, орысша бөсіп жүрді. Ол кезде бірен-саран тіл жанашырлары ғана қазақ тілінде жазуларын талап ететін, ал соңғы жағдайдан кейін жабылғандардың қарасы көп болды. Соның арқасында жетістікке жетіп, алматылық клуб қазақ тілін бірінші орынға қоятын болды.

Астана

Осыған дейін мұндай жағдай «Астанамен» де болған еді. Елордалық клуб та халықтың ащы сынынан жасалған удан кейін есін жиып, соңғы бір жылдан аса уақыт қазақша сайрап жүр. Сондықтан талап ете білуіміз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Ал үндемей, көз жұма қарай берсек, тіліміздің мәртебесі өспейтіні хақ.

Жалпы қазақ тіліне немқұрайлы қарамайтын 15 клубқа тағар сынымыз жоқ. Бірі мүдірмей тек қазақша сөйлеп жүрсе, енді бірінде азды-кем кемшіліктер бар. Бірақ ол сөз болып па? Олар жүзіқара 28 клубтан бір емес, бірнеше бас жоғары.

Тәуелсіз мемлекет бола тұра ана тіліміздің анау тілден төмен тұрғаны қынжылтады. Кәсіби клубтарымыздағы қазақ тілінің деңгейі өте төмен. Көпшлігі орысша жазғандарын тікелей аударып, не қазақша емес, не орысша емес түсініксіз бір дүние шығарады. Көзге түрпідей тиетін қателері де баршылық. Соның салдарынан қазақша жаңалық оқитындар азайып, бірден орысшасына көз салатындар көбеюде. Тілін жоғалтқан ұлтты жою оңай демекші, тағдырымызға балта шаппайық. Онсыз да қазақтілді контент аз болған соң жастар қызыға бақылайтын спорт клубтарымыз тілімізді асқақтатуы керек.

Мемлекеттік бюджеттен бүйірлері томпайып отырған әр клуб бірінші қазақ тілінде ақпарат таратуға міндеттелсе, олай етпеген жағдайда жазаға тартылатын болса, «Қазақшаң қалай, қазақ спорты?» деген сынды сұрақтар ойымызға да келмес еді.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте