ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Winline KZ
PIN-UP KZ
Самый надёжный букмекер*
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Австралия құрамасы 26 ойыншысының 17-сі өзге елдің тумалары: африкалық босқындар, сербтер мен түрік бар

Австралия ұлттық құрамасы 2022 жылғы Әлем чемпионатына шақырту алған 26 ойыншының тізімін жариялады.

Бұл құрамның қызықты ерекшелігі бар. Шын мәнінде, бұл команданың үштен екісіне (65%) басқа құраманың намысын қорғауға болатын еді, өйткені олардың өздері немесе ата-аналары өзге мемлекеттерде дүниеге келген.

Австралия

Екі азаматтығы бар австралиялықтардан алты қосалқы ойыншысы бар жеке құрама жасақтауға болады.

Мэттью Райанның анасы Шотландияда дүниеге келген. Ол ұлының мансабы үшін жұмысын тастап, жаттығулар мен ойындарға апарып жүрді. «Анам әпкем екеуміз үшін бәрін жасады, ол өзінің жұмыстарын бізге бола құрбандыққа шалды», – деп еске алды Райан.

Райан Австралия құрамасындағы алғашқы кездесуін 2014 жылы Солтүстік Кореяға қарсы өткізді. Катардағы дода оның үшінші Әлем чемпионаты болмақ.

«Арсенал», «Брюгге», «Валенсия» және «Брайтон» сынды клубтарда өнер көрсеткен қақпашы қазір «Копенгагеннің» жейдесінде тер төгіп жүр.

Дэнни Вукович сербтердің отбасында дүниеге келген, бірақ Сиднейде, сондықтан ол мансабын осы жерден бастады. Вуковичтің әкесі Нови-Садта жұмыс істеді, содан кейін Австралияға қоныс аударды.

Вукович құрамадағы дебюттік кездесуін 2018 жылы Колумбияға қарсы ойында өткізді. Ресейдегі мундиальға шақыртылды, бірақ тек қосалқы құрамда отырып қайтты.

Харри Суттар Абердинде дүниеге келді. Мансабын Шотландияда бастаған және сол елдің жастар құрамасы үшін ойнаған, оның үлкен ағасы Джон – Шотландия құрамасының ойыншысы. Жігіттердің әкесі шотландиялық «Бречин» клубында ойнаған, бірақ Харри Австралияны таңдады, өйткені оның анасы осы елдің тумасы еді.

Суттар Австралия жейдесіндегі алғашқы матчын 2019 жылы өткізіп, 2021 жылы Токио Олимпиадасына қатысты.

Дегенек
Милош Дегенек

Милош Дегенек өзін-өзі жариялаған Сербская Краина республикасының астанасы Книнде дүниеге келген. Ол шыр етіп өмір есігін ашқаннан бір айдан кейін қаланы хорваттар басып алды. Отбасы соғыстан қашып, Сербияға трактормен қоныс аударады. Тағы төрт жылдан кейін НАТО-ның бомбалауына байланысты бұл елден де кетуге мәжбүр болады. «Мен небәрі 21 жастамын, бірақ мен 90 жастан асқан адамдардан да көп нәрсені бастан өткердім», – дейді ол.

Милош 2012 жылы Сербия жасөспірімдер құрамасының шақыртуын қабыл алып, жеті матч өткізген. Алайда түбі Австралияны таңдап, 2016 жылы Англияға қарсы ойында дебюттік кездесуін өткізді.

Бэйли Райттыңанасы Гернси аралында дүниеге келген, ал әжесі Лондонда тұрған. Райттың өзі 16 жасында әкесінің дренаждық жүйелерді салу компаниясында жұмыс істеді, бірақ бір жылдан кейін құм толы дорбаларда тасуды қойып, «Престонның» жастар командасының намысын қорғауға аттанады. Қазір «Сандерлендтің» ойыншысы. 2014 жылдан бері Австралия құрамасында өнер көрсетеді.

Томас Денг Кения астанасы Найробиде Оңтүстік Судан босқындарының отбасында дүниеге келген. Сондықтан олар алдымен Судан соғысынан, содан кейін Африкадан қашуға мәжбүр болды. Денг алты жасында Австралияға келді. Ойыншының естелігінен: «Алғашқы бірнеше жыл бейімделу үшін оңай болған жоқ. Қанша дегенмен мәдениет басқа еді. Бірақ футбол арқылы жаңа достар табу оңайға түсті».

Томастың үлкен ағасы Оңтүстік Судан құрамасының намысын қорғаған. Ал өзінің Кения, Оңтүстік Судан және Австралия құрамаларында ойнауға құқығы болды. Сөйтіп ол соңғысын таңдап, құрамада 2018 жылдан бері тер төгіп келеді.

Бехич
Азиз Бехич

Азиз Бехич – Кипрдегі Түрік халқының ұрпағы. Оның ата-анасы 1970 жылдары Солтүстік Кипрдегі төңкерістен қашқан. Сол кезде оның әкесі танымал ойыншы болыпты. Бехичтен бөлек отбасында тағы төрт бала бар.

Бехичте де Денг секілді үш құрамада (Түркия, Кипр, Австралия) ойнау құқығы болды. Бірақ Азиз де Австралияда өнер көрсетуді құп көріп, 2012 жылы алғашқы матчын өткізді.

Фран Карачич Хорватияда дүниеге келген және онда 24 жасқа дейін клубтарда ойнаған, Хорватия жастар құрамасының намысын қорғаған. Бірақ ол әкесі шыққан Австралия құрамасын таңдады – осылай Әлем чемпионатына бару оңайырақ. Бір қызығы, 2021 жылы Карачич Австралияда өмірінде бірде-бір рет болмай және ағылшын тілін енді ғана үйреніп, елдің құрамасы үшін бірнеше ойын өткізді. «Бұл маңызды емес, бізде байланыс бар, мен ұлттық құраманың жейдесін кигенімді мақтан тұтамын», – дейді.

Кеану Баккус – Оңтүстік Африканың тумасы. Ол ағасы секілді Дурбанда дүниеге келген. Отбасы Сиднейге қоныс аударып, екі ойыншы да мансабын осында бастады. Үлкен ағасы Кеануға қарағанда дарынды деп саналғанымен, ол әлі Австралия құрамасына шақырту алмады.

Аарон Муй
Аарон Муй жанкүйерлермен

Аарон Муйдың әкесі Германияда дүниеге келген, ал анасы нидерландтық. Бірақ Муй әкесін өмірінде бір рет ғана көрген және оған қарағанда өгей әкесін құрметтейді. Муй Сиднейде дүниеге келген және оның футбол туралы алғашқы естеліктері – өгей әкесі жаттықтырған «Карлингфорд Редбэкстің» намысын қорғауы.

Джексон Ирвайн шотландиялық Абердинде туылғанын жоққа шығарды: оның Отаны – Мельбурн. Бірақ әкесі Абердиннен шыққан, сондықтан Ирвайн да Шотландия құрамасында ойнай алады, жас кезінде солай істеген де. Ирвайн Австралияда өсті және дәл осы ұлттық құрамада өнер көрсетуді қалады, дегенмен қос команда арасындағы таңдау қиынға соққанын жасырмайды.

Айдин Кристичтің әкесі босниялық, ал анасы румыниялық. Айдин жас кезінде Англияда, Австрияда және Германияда ойнады, ал мансабын Нидерландыда бастады (қазір Италияда тер төгеді). Бірақ Австралияда туып, осы құрамада ойнағысы келді, сондықтан ол босниялықтардың шақыртуын қабыл алмады.

Мабил
Авер Мабил

Авер Мабил Оңтүстік Суданнан. Мабил Әлем чемпионатына жолдама берілетін өтпелі кезеңде пенальтиден гол соққаннан кейін «Бұл Австралияға отбасымның атынан рақмет айтатын жалғыз жол», – деді. Ол Кениядағы босқындар лагерінде дүниеге келген, бала кезінде күніне бір рет тамақтанатын және уақыт өткізу үшін футбол ойнайды екен.

Мартин Бойл Абердинде дүние есігін ашып, мансабын Шотландияда бастады, сондай-ақ жастар құрамасында да ойнап үлгерді. Оның әкесі Сиднейде туылған. Бойлдың өзі 2018 жылғы Әлем чемпионатына үш ай қалғанда австралиялық төлқұжатқа өтініш берді, бірақ оны тек сегіз айдан кейін ғана алды – содан бері Австралияда құрамасында ойнайды.

Джейми Макларен теориялық тұрғыдан Мальтада ойнауы мүмкін еді. Оның анасы сол жерден шыққан. Тіпті, Мальтаның футбол Федерациясы Джеймиге хабарласқан, бірақ Макларен бас тартты. Ол сонымен қатар Шотландияның жейдесін де кигісі келмеді. Әкесі Шотландияда дүниеге келген. Макларен Австралияда туып-өскен. Ол бала кезінен тек осы елдің құрамасында ойнағысы келетінін тілге тиек етеді.

Куол
Гаранг Куол

Гаранг Куол – Оңтүстік Суданның тағы бір оғланы. Ол үш жасында отбасымен бірге қоныс аударды, бір жыл Египетте тұрды, ал алты жасында Австралияға ат басын бұрды. Куол – Австралия құрамасының ең жас ойыншысы, ол 2022 жылғы Әлем чемпионптына екі ай қалғанда 18 жасқа толды.

Эдинбургтік Джейсон Каммингс Шотландия құрамасының сапында екі жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Бірақ анасы туып-өскен Австралияны таңдады. Ал бір жарым жылдан кейін дебюттік кездесуінде пенальтиден гол соқты.

Ал Австралия құрамасының Әлем чемпионатына қатысатын нақты ойыншылар тізімі төмендегідей:

Қақпашылар: Эндрю Редмэйн («Сидней»), Мэтью Райан («Копенгаген»), Дэнни Вукович («Сентрал Кост Маринерс»);

Қорғаушылар: Натаниэль Аткинсон, Кай Роулз (екеуі де – «Хартс»), Азиз Бехич («Данди»), Милош Дегенек (Коламбус Крю»), Томас Денг («Альбирекс Ниигата»), Фран Карачич («Брешия»), Джоэл Кинг («Оденсе»), Харри Суттар («Сток Сити»), Бэйли Райт («Сандерленд»);

Жартылай қорғаушылар: Кеану Баккус («Сент-Миррен»), Кэмерон Девлин («Хартс»), Айдин Хрустич («Верона»), Джексон Ирвайн («Санкт-Паули»), Райли Макгри («Мидлсбро»), Аарон Муй («Селтик»);

Шабуылшылар: Мартин Бойл («Хиберниан»), Джейсон Каммингс, Гаранг Куол (екеуі де – «Сентрал Кост Мэринерс»), Митчелл Дьюк («Фаджиано Окаяма»), Крэйг Гудвин («Аделаида Юнайтед»), Мэтью Лекки, Джейми Макларен (екеуі де – «Мельбурн Сити»), Авер Мабил («Кадис»).

Австралия құрамасы Катардағы дүбірлі доданы 22 қараша күні Францияға қарсы ойынмен бастайды. Ал төрт күннен кейін Туниспен, тағы төрт күннен кейін Даниямен күш сынасады.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте