ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Winline KZ
PIN-UP KZ
Самый надёжный букмекер*
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Астана» әлі де жеңіліссіз келеді, «Қайратта» бапкер ауысуы мүмкін һәм «Ел-класикосы» қалай өтті

Қазақстан Премьер-лигасы 13-турында елордалық «Астана» «Астана Аренада» алматылық «Қайратты» қабылдап, тек бір мәрте қақпаға дәл соққы жасап, 91 минутта гол жіберіп, жеңісті уыстарынан шығарып алды. Көпшілікке «Ел-класикосы» деген атпен танымал қазақстандық футболдың грандтары арасындағы текетірес көпшілік күткендей, эмоцияға толы, қызықты өтті. Осыған орай Meta-ratings.kz тілшісі матч туралы азды-кем статистикалық һәм басқа да ақпараттармен бөліседі.

"Астана" - "Қайрат" матчы

Тек жеңіс үшін келген Алексей Шпилевский шәкірттері бірінші таймда Дмитрий Непогодов қорғаған қақпаға біраз қауіп төндірді. Тіпті, бір минуттың ішінде Гүлжігіт Әліқұлов қақпаға бағанасына тиіп, серпілген допты тепкен Вагнер Лав маңдайшаны қақыратты. Ал маңдайшадан қайтқан допты Камо Оганесян қайтара тебе алмай, алғашқы таймдағы ең қауіпті сәт голсыз аяқталды. Алматылықтар одан кейін де бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен, «Астана» қақпасының саңлауын таба алмады. Бірінші таймда Вагнер Лавтың тамаша пастарына нүкте қояр адам табылмады. Ал елордалықтар екінші нөмірмен ойнап, алғашқы таймда қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттамады.

Екінші таймда да оңтүстік астаналықтар ширақ қимылдап, Непогодов қорғаған қақпаның торын тулатуға жандарын салып бақты. Дегенмен «Қайратқа» сәттілік жетіспеді, зеңбіректің оғындай соққы жасай алатын Небойша Косовичтің де тепкендері қақпа төрінен табылмай жатты. Бір жағынан Вагнер Лавтың алмастырылуы алматылықтардың шабуыл шебіндегі өткірліктен айырғандай көрінді. Андрей Тихонов шәкірттері қарымта шабуылдарға иек артып, алматылықтардың қақпасына ара-тұра қауіп төндіріп тұрды. Сондай сәттердің бірінде, 87 минутта «Қайрат» ойыншыларының пас алмасуда қателесіп, сылбыр қималдағандарын пайдаланып, Макс Эбонгтың пасынан кейін Тигран Барсегян есеп ашып, «Астана» сапындағы үшінші голын соқты. Осы тұста айта кетерлігі, «Астана» жаңа маусымда алғаш рет қарсылас қақпасына тек бір дәл соққы бағыттады. Осыған дейінгі 12 ойында әр матч сайын еншілеріне кемі төрт дәл соққыдан жазып отырған.

Елордалықтар соғылған голдан кейін де тоқтап қалмай, қарымта шабуыл кезінде Роман Мұртазаев Стас Покатилов қақпасына екінші голды тоғытты. Дегенмен гол шабуылшының ойыннан тыс қалуы себепті есептелмеді.

Осы сәттен кейін бірден шабуылға ұмтылған алматылықтар алаң жиегінен доп асыруға мүмкіндік алып, айып алаңына асырылған пасты сәтсіз қайтарған Непогодовтан серпілген допқа бірінші жеткен, команда капитаны Ғафуржан Сүйімбаев бос қақпаға соққы жасап, 91 минутта есепті теңестіріп, маусымдағы тұсаукесер голын соқты. Осы голдан кейін тағы бір миға сап ете қалғаны, Қазақстан Премьер-лигасындағы «Қайрат» пен «Астана» матчы 2014 жылдың 9 сәуірінен бері голсыз аяқталмай келеді екен. Сол жылы 5-тур ойынында қос тарап көрермендерді бір голмен де қуантпапты. Ал содан кейінгі әр матчта тұрақты түрде кемі бір голдан соғылып отырған.

Ойынның қалған бірнеше минутында есеп өзгермей, турдың орталық матчы тең есеппен (1:1) аяқталды. Осылайша Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы 34-ші «Қайрат» пен «Астана» матчында жеңімпаз анықталмады. Осыған дейін қос бітіспес қарсылас 33 рет кездесіп, 15-інде елордалықтардың мерейі үстем болса, 11 ойында алматылықтардың асығы алшысынан түскен. Ал жеті кездесу тең нәтижемен аяқталған. Бұл аз десеңіз, статистикалық тағы мынадай бір дерек бар – бұл ойын ҚПЛ-де екеуара өткізген 34 текетірестің 1:1 есебімен аяқталып тұрған үшіншісі. Осыған дейін 2017 және 2018 жылдары таблода 1:1 есебі тіркелген.

2021 жылғы маусым бірінші айналымының қорытындысы бойынша «Қайрат» пен «Астана» арасындағы 12 ұпай айырмашылығы сақталып қалды. Live-кестеде елордалықтар 33 ұпаймен жеке-дара көш бастап келе жатса, оңтүстік астаналықтар 21 ұпаймен үздік үштікті қорытындылап тұр.

«Астананың» тоғыз ойынға созылған жеңісті сериясының үзілгенін де айта кеткен жөн, алайда 12 матчтық жеңіліссіз сериясы әлі де жалғасуда және елордалықтар жаңа маусымда жеңілмеген жалғыз команда болып қала бермек. Ал «Қайрат» соңғы бес ойында тек бәр мәрте жеңіс тойын тойлады.

«Ел-класикосында» жеңіске жете алмағаннан кейін «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский қызметінен босатылып, орнына алматылықтардың экс-ойыншысы һәм бапкері Құрбан Бердиев келеді деген жаңалықтар желіде желіп жүр. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын алдағы уақытта білеміз.

Шпилевский мырза орнында қалу-қалмау мәселесімен басы қатып жүргенде, Тихонов мырза төрешілер мен әлі ресми түрде қызметіне кіріспеген испаниялық маман Хуан Марин Фернандесті сынап үлгерді.

«Бүгін, өкінішке орай, төрешілік таңқалдырды. Мен жауабын таба алмаған көптеген төрешілік шешімдер болды. Бізге болсын-болмасын фолдарға сары қағаз бере берсе, ал біздің футболшыларды ұстап, жылдам шабуылдарды тоқтатып жатқанда, төреші оларды жазаламады. Төрешілік департаментке испаниялық жаңа басшы келді деп жатыр, дегенмен алаңда не болып жатқаны әлі де айқын емес».

Андрей Тихонов

Келесі «Қайрат» – «Астана» матчы 24 қазанға жоспарланған. Қос клуб 25-тур аясында тағы да кім мықтыны анықтап көреді.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте