ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

14 футболшыны қуып, 106 келілік Жерар Гоуды қаралымға алды. «Ақтөбе» маусымға қалай дайындалуда

«Ақтөбе» футбол клубы трансферлік нарықта «Астанамен» қатар жоғары белсенділік танытуда. Қазақстан құрамасының ойыншыларын және шетелдік аяқдопшыларды бірінен соң бірін қатарға қосуда. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі ақтөбеліктердің келер маусымға дайындығына көз жүгіртіп көрді.

«Ақтөбе» ФК

Қазақстанның бес дүркін чемпиондары қатарынан 6 жыл бойы еурокубоктік ойындарға жолдама ала алмағаннан кейін жаңа даму жолына түскісі келді және 2021 жылғы маусым аяқталысымен италиялық инвесторлармен кездесіп, қалада футболды дамыту туралы тілге тиек етті. Сонымен қатар Паоло Россидің «Ақтөбеде футбол академиясын ашсам» деген орындалмай кеткен арманын қайта қолға алу туралы да айтылды.

Осыдан кейін клуб маусым бойы қол ұшын созғандарға алғыс айтып, 14 желтоқсан күні Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Арман Кеңесовпен толықты. Ертістің түлегі, Ресей футболының дәмін татқан павлодарлық ойыншы өткен маусымды «Қайсарда» өткізіп, барлық турнирлерде 33 ойынға қатысып, төрт гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Сонымен қатар ресейлік «СКА Хабаровск» клубының намысын қорғаған. Қос тарап 2023 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды. Өткен маусымдағы ең үздік жас ойыншылардың үштігіне енген футболшы «Ақтөбеге» қосылғанына қуанышты екенін де жасырмаған еді.

Ескендір Қыбырай

Содан соң клуб аздап үзіліс алып, хабарсыз жатты. Осы аралықта Қобыланды батыр атындағы «Орталық» стадион күрделі жөндеуден өтеді және «Ақтөбе» маусымды қосалқы алаңда немесе көрші қалаларда өткізуі мүмкін деген де жаңалықтар тарады. Бірақ клуб бұл жаңалыққа қатысты ешқандай пікір білдірмеді.

Алайда екі күнде (26, 28 желтоқсан) екі жаңа ойыншымен толықты. Алғаш болып Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Ескендір Қыбырай келсе, араға екі күн салып, франциялық Уго Видемон Литвадан Ақтөбеге ат басын бұрды.

Енді Қыбырайға азды-кем тоқталсақ. Алматы футболының түлегі өткен маусымды қарағандылық «Шахтер» сапында сәтті өткізіп, тіпті, ұлттық құрамаға да шақырту алды.

«Кеншілердің» жейдесінде барлық турнирлерде 36 матчқа қатысып, бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Еуропада доп тебуді армандайтын футболшы «Ақтөбемен» 2023 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды.

Уго Видемон

Ал Уго Видемон 2012 жылы мансабын бастап, Францияның бірнеше командасында бақ сынап, одан кейін «Висла» (Польша) және «Тюбиз» (Бельгия) клубтарының намысын қорғап, 2019 жылы литвалық «Жальгириске» ауысты. Уго Қазақстандық маман Владимир Чебурин баптайтын командамен бірге 2020 және 2021 жылдары Литва чемпионатында топ жарып, Суперкубокқа да ие болды. 2020 жылы 20 ойында 13 гол соғып, Литва чемпионатының үздік сұрмергені атанып, үздік ойыншы атағына ие болса, 2021 жылы 36 матчта 17 гол соғып, 12 нәтижелі пас беріп, тағы да үздік атанды. Сондай-ақ 2021 жылғы чемпионаттың үздік ойыншысы атағына үміткерлердің қатарына енді. Чебурин мырзаның үздік бапкер атануы мүмкін екенін де айта кеткен жөн.

Ақтөбе жайлы ақпарат іздегенде, алғаш болып 3 жасар ұлына ағылшын тіліндегі балабақша сұраған шабуылшы Францияда аса танымал болмаса да, Литвада абыройлы болды. Сол себепті де «Ақтөбе» 28 жастағы форвардты бір жыл бойы бақылаған екен.

Шина

«Ақтөбе» араға біраз уақыт салып, қаңтар айын бразилиялық Рожерио дос Сантос Алвеш немесе «Шина» деген лақапатпен танымал шабуылшыны украиналық «Львовтан» маусым соңына дейін жалға алудан бастады.

Алвеш кезінде Батиста, Денилсон, Кафу, Клебер және шағын футболдағы Фалькао қаржыландыратын футбол мектебінде тәлім алып, теңбіл доптың қыр-сырын үйренген. Одан кейін жергілікті «Жувентустың» жастарында және «Ваи-Ваи» әуесқой клубында доп тебеді. Отанында жақсы клубқа орналаса алмағаннан кейін мұхит асып, Украинаға келеді. Мұндағы мансабын «Карпатыдан» бастап, 2019 жылы «Львовқа» ауысады. «Арыстандар» сапында 66 ойын өткізіп, сегіз гол соғып, төрт голдық пастың авторы атанған. Украинада жеткен жалғыз жетістігі — УПЛ 2021 жылғы маусымының наурыз айындағы үздік ойыншысы атануы.

Әрине, шабуылшы үшін статистикасы нашарлау. Мұны «Ақтөбе» жанкүйерлері де жарыса жазуда. Украина мен Бразилияда жасындай жарқырай алмаған 25 жасар ойыншы Қазақстанда қалай өнер көрсетері уақыттың еншісінде.

Црнчевич, Бачек, Покатилов

Осыдан кейін «Ақтөбе» ресми түрде тағы бір легионермен толықты. Ол хорватиялық жартылай қорғаушы Мате Црнчевич болды. 26 жасар ойыншы загребтік «Динамоның» тәрбиеленушісі болып табылады. Алайда негізгі командада орныға алмаған. Бірнеше хорватиялық ортаңқол командаларда жалда ойнап, шетелге алғаш рет 2021 жылы шығады. Тұңғыш хорватиялық емес клубы босния және герцеговиналық «Железничар» болды. Сараеволық клуб сапында 17 ойын өткізіп, нәтижелі әрекетпен көзге түспеді. Жалпы клубтық мансабында 81 матчқа қатысып, бес гол соғып, үш нәтижелі пас берген. Ғаламторда тұшымды ақпарат жоқ, бұл ойыншы туралы хорватиялық БАҚ та көп жаза бермейді екен. Бірен-саран түртілген дүниелерде «Црнчевич жоғарғы дивизионда өзін көрсете алмай, Екінші лигада таптырмас, мықты ойыншы болды» делінген. «Ақтөбе» бойы 1,85 метрді құрайтын футболшымен 2022 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды.

Сонымен қатар ақтөбеліктер бірнеше белгілі ойыншыларды қаралымға алды. Олар: Стас Покатилов, Әлібек Қасым, Соломон Удо (Армения), Дмитрий Бачек, Антон Бочаров (Ресей), Саша Стаменкович (Сербия) және былтырғы құрамнан Виталий Балашов (Ресей), Рифат Нұрмұғамет һәм Ардақ Сәулетті Анталиядағы жиында бақылап көреді.

Meta-ratings.kz дерегі бойынша, «Ақтөбе» Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатиловпен келісімшартқа қол қойды. Алайда клуб әлі ресми түрде хабар таратпады. Бірақ Стас алматылық клубпен қоштасып үлгерді.

Жерар Гоу

Сонымен қатар ақтөбеліктер жарты жылдан астам уақыт клубсыз жүрген «Қайраттың» экс-форварды Жерар Гоуды қаралымға шақырды. 33 жастағы ивуарлық шабуылшыны таныстырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ Жерар соңғы жарты жылда «Қасымпашамен» соттасып, уақытының бәрін сонымен өткізді және физикалық формасын жоғалтып, «Ақтөбенің» қаралымына артық 106 келі салмақпен келгенін айта кеткен жөн.

Гоудың «Қайраттан» кеткеннен кейінгі мансабына тоқталсақ, Би Гуа алматылық клубтан кейін қытайлық «Бэйцзин БСУ» командасында ойнап, 48 матчта 31 гол соғып, жеті нәтижеі пас берді. Одан кейін түркиялық «Қасымпашаға» ауысып, онда бар болғаны тоғыз ойынға қатысып, нәтижелі әрекетпен көзге түспеді. Ал «Қайратта» 121 матчта жасыл алаңға шығып, 91 гол соғып, 24 голдық пастың авторы атанған еді. Кезінде «Қазақстан құрамасында ойнағым келеді» деген жігіт өз бабына келіп, ҚПЛ алаңдарында бұрынғыдай көсіле ала ма? Міне, осы сұрақ қазір талайдың көкейінде тұрғаны анық.

Юрий Логвиненко

Сондай-ақ ақтөбеліктер бірқатар жергілікті ойыншылармен келісімшарт мерзімін ұзартты. Олар: Юрий Логвиненко, Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Әділхан Таңжарықов және Максим Самородов.

Ал командадан кеткендерге келер болсақ, «Ақтөбе» Дидар Жалмұқан, Жасур Нәрзіқұлов, Сергей Ревякин, Максим Федин, Еркебұлан Нұрғалиев, Дидар Жалмұқан, Тонго Думбия, Эрвейн Мукам, Юрий Перцух, Антон Шурыгин, Игорь Зенькович, Дмитрий Коркишко, Никита Лактионов, Михал Йерабек, Олег Чернышовпен келісімшартты ұзартпауды ұйғарды және «Екібастұзға» жалға берілген Есен Жасанов та келер маусымға керек ойыншылардың қатарына кірмеді.

Ақтөбеліктер қазіргі таңда Владимир Муханов бастаған бапкерлік штабпен Анталияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бүгін, 20 қаңтар күні, украиналық «Полесье» клубымен жолдастық матч өткізеді.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте