«Қайрат» клубының бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло YouTube-тағы «Вести Спорта» арнасына берген сұхбатында «Қайратқа» ауысар алдында болған қызық оқиғасымен бөлісті. Сондай-ақ команданың осы маусымдағы нәтижесіне өз бағасын беріп, Қазақстан құрамасында қашан ойнайтынын айтты.
— «Қайратта» екінші маусымыңды өткізіп жатырсың. Алматыны Бразилияның қай қаласымен салыстырар едің?
— Алматыны туған жерімдегі қалалармен қатты салыстыра алмаймын. Себебі ол жақта жағажайлар бар. Бірақ маған Алматының климаты ұнайды. Мұнда алаңқайлар мен саябақтар көп. Жасыл қала десем де болады. Менің отбасыма да бұл қала ұнайды. Біз аптасына екі-үш рет серуендеп тұрамыз. Жағажайларды есепке алмасақ, Алматы Бразилиядағы Натал қаласына қатты ұқсайды.
— «Ордабасыда» өткізген уақытыңды қалай бағалайсың?
— Мені Шымкент және «Ордабасы» өте жақсы қарсы алды. Қазақстанда футбол ойнауға мүмкіндік бергені үшін оларға алғыс айтамын. «Ордабасыда» өзімді өте бақытты сезіндім. Егер шымкенттік клубта нашар ойнағанымда, «Қайратқа» ауыспас едім.
— «Ордабасыда» Бақтияр Байсейітов дейтін өте эмоционалды президент болды. Оның матчтан кейінгі айқайына таң қалдың ба?
— Мен Бразилия, Корея және Болгарияда ойнағанымда мұндайды көрмеген едім. Ол матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеге келіп айқайлағанда, біз тек қуандық. Бақтияр Даниярұлы - Қазақстан футболының аңызы. Ол ойын кезінде және жаттығуда әрдайым бізбен бірге болатын. Бұл бізге тек жақсы жағынан әсер етті. Киім ауыстыратын бөлмеде болсын, одан тыс жерде болсын, менімен жақсы қарым-қатынаста болды. Мені Қазақстанға шақырған да Байсейітов еді. Осы үшін мен оған ризамын.
— «Астанаға» ауысатының жайлы ақпарат болып еді. Бірақ аяқ астынан «Қайратқа» қосылдың.
— «Ордабасыдағы» қаржылық жағдай қиын болғандықтан, клуб президенті бірнеше ойыншымен трансфер жайлы келісе бастады. Маған «Тобылдан» және «Астанадан» ұсыныс түсті. Мен елордалық командамен келіссөздер де жүргізіп үлгердім. Бірақ Бақтияр Байсейітов Қайрат Советайұлымен менің трансферім жайлы нақты мәміле жасасып қойған екен. Сондай-ақ Алматыда маған көмектесетін Вагнер Лав болды.
Осы трансферге қатысты қызықты оқиғаны айтып берейін. Бақтияр Даниярұлы маған таңертең келіссөздер жүргізу үшін Нұр-Сұлтанға ұшу керектігін айтты. Ертеңіне мен, аудармашы және «Ордабасы» клубының директоры ұшаққа мініп, елордаға бет алдық. Көкке көтерілгеніміз сол еді, Байсейітов қоңырау шалып: «Ұшақтан түсіңдер, Жоао «Қайратқа» ауысады» деп айтты. Нәтижесінде Нұр-Сұлтанға барып, сол жақтан Алматыға аттандық.
— Осы жылы «Қайраттың» құрамы үлкен өзгеріске ұшырады. Жас футболшылар қосылды. Маусымның артта қалған бөлігін қалай бағалайсың?
— Командада өткен маусымнан тек алты тәжірибелі футболшы қалды. Осы маусым барысында Баньяк, Гуральски және Канте жарақат алып қалды. Бұл команданың ойынына қатты әсер етті. VAR жүйесі де өз әсерін тигізбей қоймады. Кейбір пенальтилер ойынымызды құртты. Бірақ біз дұрыс жолдамыз деп айта аламын. Біздің бапкеріміз өз жұмысын жақсы біледі. 34 жаста болсам да, бапкерден күн сайын жаңа нәрсені үйренемін. Қазіргі үзілісті пайдаланып, маусымның екінші бөлігіне мықты болып оралуымыз керек.
— «Қайрат» соңғы ойындардың бірінде «Астанадан» оңбай ұтылды. Осы матчтан кейін киім ауыстыратын бөлмеде не болды?
— Ол жақта болған нәрсе сыртқа шықпауы керек. Тек Яцек емес, барлық футболшылар ашулы болды. Ешкім бұл жеңілісті қабылдай алмады. Ел біріншілігіндегі ең маңызды матчта ірі есеппен ұтылдық. Нәтижесінде тарихқа 6:0 есебімен жеңілген команда ретінде ендік. Біз бұл ойында алаңға шықпай жатып-ақ жеңіліп қалдық. Яцек өте эмоционалды адам, ол басқа ойыншылар секілді жеңіске жеткісі келеді. Бірақ әлем чемпионатында Бразилия да Германиядан 1:7 есебімен жеңілді ғой. Футболда мұндай жағдайлар болып тұрады.
— «Қайрат» әлі де болса титул үшін күресе ме?
— Біз әр күн сайын, әр жаттығуда бірінші орын үшін күресуді мақсат етіп қоямыз. Менің Қазақстанда ойнап жатқаныма бес жыл болды. Ел чемпионы болғым келеді. Болған нәрселерді ұмытып, титул үшін күресеміз. Қателіктер болды, бірақ мұны артта қалдыруымыз қажет.
— Құрбан Бердыевпен бірге жұмыс жасау арқылы не үйрендің?
— Құрбан Бекиұлы бұған дейін жұмыс істеген бапкерлерімнің ішіндегі ең үздігі. Ол біздің қабілеттерімізді қалай пайдалану керектігін біледі. Бердыев менің футболға деген көзқарасымды толығымен өзгертті. Ол мені басқа позициядарда ойнатып көрді. Қазір «Ордабасыдағы» кезеңмен салыстырғанда көп жүгіремін. Қорғанысқа көп көмектесемін. Оның берген ақыл-кеңестерінің арқасында жақсы ойнап жүрмін. 34 жаста болсам да, көп жүгіріп, 90 минут ойнаймын. Бұл үшін ол кісіге айтар алғысым шексіз.
— Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігің жайлы не айтасың?
— Қазақстан құрамасының намысын қорғау менің мансабымның шыңы болады деп есептеймін. Осы тақырып қозғала бастағанда, мен одан да жақсы ойнау керектігін түсіндім. Мен бұған дейін де Қазақстан құрамасының жейдесін киюге дайын екенімді айтқан болатынмын. Енді ұлттық құрамада ойнау үшін төлқұжат алуым қажет. Бірақ оны Қазақстанда бес жыл тұрғаннан кейін ғана аламын. Келесі жылы ұлттық құрамада ойнауға мүмкіндігім болады деген үміттемін. Қазіргі бапкер мені өз командасында көргісі келе ме, жоқ па, оны білмеймін. Дегенмен мен «Қайраттағы» ойынымды одан әрі жақсартуға тырысамын. Шақырту түсіп жатса, Қазақстан үшін барымды салуға дайынмын.
Бұған дейін тек Талғат Байсуфиновпен сөйлестім. Ал федерация басшылығы менімен мүлдем байланысқа шыққан жоқ.
— Қазір Қазақстанның футзал командасында мықты бразилиялық ойыншылар доп тебуде. Қалай ойлайсыз, Бразилия бұл үшін өкіне ме?
— Игита, Дуглас секілді ойыншылар Бразилияға көмектесер еді. Тайнан мен Леоны онша танымаймын. Бірақ олар да кез-келген командада ойнай алады. Бұл ойыншылар Қазақстанды таңдау кезінде қателеспеді деп ойлаймын. Өйткені олар ұлттық құрамамен бірге тарихты жаңартты. Болашақта да тамаша жетістерге жетеді деп ойлаймын. Әрдайым оларға жанкүйер боламын.
— Қазақстандағы футбол деңгейінің төмен болуына не себеп деп ойлайсыз?
— Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Мен Бразилия құрамасына қарағанда Қазақстанның матчтарын көп қараймын. Ол жолдастық ойын ба, ресми матч па, маңызды емес. Себебі ол жақта менің достарым көп. Олар үшін алаңдап, жанкүйер боламын. Мен барлығы бапкерге байланысты деп ойлаймын. Қазір ұлттық құрамаға жаңа бапкер келді. Енді бәрі өзгеруі мүмкін. Әрдайым осы командаға жанкүйер боламын. Маған да Қазақстан құрамасында ойнау бақыты бұйырады деп ойлаймын.
— Сен «Ордабасыда» жүрген кезіңде Нұралы Әліпті мықты қорғаушы деп айтқан едің. Қазір ол «Зенитке» ауысты. Оның қандай қабілеттерін ерекше бағалайсың?
— Бұл әңгімені «Қайратпен» болған ойыннан кейін айтқанмын. Алматылық клубқа ауысқаннан кейін оның жаттығуда қалай беріліп жұмыс істейтінін көрдім. Сондай-ақ тәжірибелі футболшылардың ақыл-кеңесіне құлақ асады. Құрбан Бекиұлы мен Вагнер Лавтың онымен сөйлескенін бірнеше рет байқадым. Өз бағын сынау үшін Ресейге кеткеніне қуаныштымын. Көп нәрсе үйреніп, тәжірибелі футболшы атанарына сенімім мол. Бәрі тек өзіне байланысты. Тоқтамай жұмыс істесе, одан да жақсы чемпионатқа бара алады. Оның мұнда қайта оралғанын қаламаймын, себебі тағы да оған қарсы ойнағым келмейді.
— Қазақстандық ойыншылардың ішінде кімді ерекше атап өтер едің?
— Мен Қазақстан жастар құрамасын көп бақыламаймын. Бірақ мен танитын ойыншылардың ішінде Эльхан Астановтан көп нәрсе күтемін. Осы қарқында жұмыс істесе, ол Әліптен де асып түседі және Қазақстандағы үздік ойыншы атанады.
— Оңтүстік Кореяда өткізген уақытың жайлы айтып берсең
— Ол жақта қаржы жағынан қиындықтар болмайды. Бразилиямен салыстырғанда көп ақша табуға болады. Оның үстіне, мен Бразилияның үшінші дивизионындағы командада ойнап жүрдім. Сол кезде Кореядан ұсыныс түсті. Ол жаққа барған соң мені қатты таңқалдырған нәрсе болды. Кейбір ойыншылар түскі ас кезінде иттің етін жеп жатты. Бұл Бразилия үшін жағымсыз жағдай болып табылады.
— Сен ел чемпионатында ең көп соққы жасайтын ойыншысың. Бірақ аз гол соғасың. Мұның себебі неде?
— «Ордабасыда» жүрген кезімде басқа позицияда ойнадым. Қарсылас қақпасына жақын жүріп, шабуылды аяқтайтын ойыншы болдым. Қазір басқа позицияда ойнап жүрмін. Бірақ гол соғуды тоқтатпаймын. Бұған дейін ойнаған командалардың бәрінде мен қақпаны жиі нысанаға алып, гол соғуға тырыстым. Бірақ біраз нәрсе сәттілікке байланысты. Соңғы матчтарда үш-төрт рет қақпа бағанын дәл көздеппін. Егер бәрі гол болғанда, статистикамам жақсарар еді. Кейбір сәттерде қақпашы қайтарып жатты. Бірақ бұл кері әсерін тигізбейді. Бапкер маған әрі қарай жұмыс жасау керектігін айтты.
Авторы - Ерсұлтан Кәріпбай