Қазақстан құрамасы мен польшалық «Висла» клубының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков YouTube-тағы BorodAbata арнасына берген сұхбатында Польшадағы өмірі, «Қайраттағы» қиындықтары, Қазақстан құрамасындағы ойыны және Италиядан түскен ұсыныс туралы айтып берді.
- Георгий, сен ұзақ уақыт бойы ұлттық құрамада ойнай алмадың. Осы жағдай туралы не айтасың?
- Менде құжатқа байланысты мәселелер болды. Бірақ бұл мәселе шешілді. Мен команданың ойынын бақылап жүрдім. Жақсы нәтижеге қол жеткізгендеріне өте қуаныштымын. Мен жай ғана командаға көмектесу үшін келдім және бұл қолымнан келеді деп үміттенемін.
- Жігіттердің ойнап жүргенін көргенде сеніңде олармен бірге ойнағың келді ме?
- Әрине. Ұлттық құрамамен бірге Франция, Украина секілді командаларға қарсы ойнау өте керемет. Менің де ойнағым келді. Бірақ жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Құрамаға қайта оралғаныма өте қуаныштымын.
- Сенің ұлттық құрамада ойнағың келмейтіні туралы әңгіме шындыққа жанаспай ма?
- Егер қаламасам, келмейтін едім.
- Мұны сұрап жатқан себебіміз – сен Қазақстан құрамасында Қайрат Боранбаевты сыйлайтындықтан ойнадым деп жаздың. Бірақ жанкүйерлер сенің не айтқың келгенін түсінбеді.
- Мүмкін мен дұрыс түсіндірмеген шығармын. Шынымды айтсам, мен өзім туралы жазылған жаңалықтарды оқи бермеймін. Себебі БАҚ ақпаратты халыққа әртүрлі қылып жеткізеді. Мен өзімді кінәлі сезінбеймін. Көріп отырғандарыңыздай, мен ойнап жүрмін. Жасаған жұмысымнан-ақ бәрі көрініп тұр.
- Польшалық клубқа ауыспас бұрын басқа да нұсқалар болды ма?
- Нақты ұсыныстар болған жоқ. «Висла» ең бірінші болып ұсыныс жасады. Мен бұдан жақсы нұсқаны күткен жоқпын. Маған осы нұсқа дұрыс болып көрінді және мен бірден келістім.
- Қаржылық жағдай туралы не айтасың?
- Бұл сәтте мен қаржы туралы ойланбадым. Егер жақсы ойнасам, мол қаржы табатынымды білдім. Мен үшін ең бастысы сол жаққа барып, өзімді дәлелдеу қажет болды.
- Клубтың сол сәтте жағдайы қиын болды. Сол командаға ауысар сәтте қорқыныш болмады ма?
- Егер командада қиындықтар болмаса, олар мені алмайтын еді. Біз алаңға шығып, жүктелген міндеттерді орындай бастадық, ал қаржылық жағдай біртіндеп өз орнына келді. Басшылық берген уәделерінде тұрды.
- Жанкүйерлер Блащиковскийді клубты тығырықтан шығарған адам ретінде біледі. Сен онымен жақсы таныссың. Онымен бірге ойнау барысында алған әсерің қандай болды?
- Бірінші кезекте, ол өте жақсы адам және керемет футболшы. Ол болмаса «Висла» мұндай уақытты бастан өткермес еді. Сондықтан Краковтағы барлық жанкүйерлер оны жақсы көреді. Якуб мен клубқа келген кезде менің қабілетімді байқаған жалғыз адам болды. Ол менің сенімділігімді арттырды. Ия, мен онымен жақсы қарым-қатынастамын. Ол шетелден келген футболшылар өздерін жақсы сезіну үшін бәрін жасайды. Ол өте көңілді, қызықты адам және тәкаппар емес, арамыздағы ең үлкені және тәжірибелі футболшы, сондай-ақ команданың көшбасшысы.
- «Висла» сапындағы алғашқы матчыңа қатысқан кезде Қазақстан мен Польша чемпионатындағы айырмашылықты сездің бе?
- Мен басқа нәрсені сезіндім. Стадионда ерекше атмосфера болды. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болдым. Себебі клубтың жанкүйерлері ерекше екен. Олар футболды көрмей-ақ, керемет атмосфера жасайды. Олар менің шыдамды екенімді айтты. Бірақ мәселе басқада. Олардың көрсеткен қолдауынан кейін қалай ойнағаныңды өзің де білмей қаласың.
- Польша чемпионаты жылдам әрі қаталдау секілді.
- Иә, әр команда өздеріне сенімді және жеңгісі келеді. Кез-келген жерде қысым жасайды. Жақында бір досым маған мақала жіберді. Ол жерде қарқындылық жағынан Польша чемпионатының екінші орында екені көрсетілген. Мұнда ойынның қарқыны өте жоғары. Сол себепті ойыннан кейін үш-төрт күн бойы қалыпқа келу процесі болады. Финалда ойнағандай өте көп күш жұмсадым.
- Неліктен «Висла» ұзақ уақыт бойы аутсайдерлердің қатарында жүрді?
- Менің ойымша, «Вислада» ойнау оңай емес. БАҚ тарапынан және қарсыластар тарапынан үлкен қысым болады. Себебі, «Висла» Польшадағы үздік клубтардың бірі болып саналады. Футболшылар өздеріне артылған жауапкершілікті сезінеді. Әр жеңіліс сайын ойыншылар ыңғайсызданады. Ал басқа командаларда мұндай мәселе жоқ. Себебі оларға қысым жасалмайды. «Висланы» польшалық «Ақтөбе» десек те болады.
- Бас бапкер сені неге негізгі құрамда жиі шығармайды?
- Маусымның басында қолымды сындырып алдым, сондықтан көп ойнай алмадым. Одан кейін ұлттық құрамаға келдім. Команда соңғы матчта «Легияны» ұтты. Бапкер негізгі құрамды өзгертпеу туралы шешім қабылдады, ал мен жұмыс жасауды жалғастыра бердім. Соңғы үш ойында негізгі құрамда шықтым. Ия, толық сенім артпайды. Бірақ менің жолым осындай. Бапкердің шешіміне қарсы шыға алмаймын, тек өз жұмысыма көңіл бөлемін. Бізде жақсы құрам жиналған. Меніңше, психологиялық тұрғыдан мәселелер бар. Біз қиын сәттерде қысымға төтеп бере алмай жатамыз.
- Сенімен бірге жұмыс істеген бапкерлермен сөйлестім. Олар сенің жасалған қысымға қарамастан жақсы ойнай алатыныңды айтты.
- Ия, бұл пікірмен келісемін. Егер мен ойынға деген құмарлығым артса және бір нәсеге келіспейтін болсам жақсы ойын көрсете бастаймын. Мен көп алаңдамаймын және болып жатқан жағдайларға сабырмен қараймын. Әділетсіз жағдайлар мені алға қарай ұмтылдырады. Мен қиын сәттерде жауапкершілікті өз мойныма ала аламын және мүлдем қорықпаймын.
- «Қайраттың» үнемі күміс жүлде алуы сенің көңіліңнен шықпады ма?
- «Қайратта» мансабымдағы ең қиын кезеңді өткіздім. Көп нәрсеге келіспегеніңмен, ештеңені өзгерте алмайсың. Сөздің шыны керек, біз ол кезде чемпион болуға лайық емес едік. «Астана» бізден мықты болды. Бір рет чемпион атанатын мүмкіндігіміз болды, бірақ қолымыздан келмеді. Бұған өзіміз кінәліміз.
- Бір сұхбатыңда жергілікті ойыншылармен сөзіңнің жараспағанын айттың. «Қайратта» достарың болмады ма?
- «Қайраттағы» кез келген бапкер легионерлерді ойнатады. Себебі олар көп ақша алады, жергілікті ойыншылардан мықты деген ой қалыптасқан. Ал мені жергілікті ойыншы деп те, легионер деп те есептемеді. Кейбір бапкерлер «мынау кім тағы?» деп көңіл бөлмейтін. Осындай жағдайларға қарсы тұрдым.
- Сен өзіңді қазақстандықпын деп есептейсің бе?
- Білесіз бе, мен 2014 жылы Қазақсанға келгенге дейін өзімді бельгиялық азамат ретінде сезіндім. Бірақ уақыт өте келе, қазақ демей-ақ қояйын, бірақ ТМД-ның жаныма жақын екенін сездім.
- «Қайратта» сен Андрей Аршавинмен жақсы қарым-қатынаста болдың. Қазір хабарласып тұрасың ба?
- Сирек. Анда-санда хат алмасып тұрамыз. Сөйлесетіндей ортақ тақырыбымыз жоқ. Ол қарапайым адам емес. Жұлдыз деп те айта алмаймын. Өзі қызық адам. Маған үйреткен дүниесі көп болды.
- Словакияда Юрий Медведов дейтін чехиялық қорғаушы ойнайды. Ол Ақтөбеде туылған. Сен оны «Астанаға» және Қазақстан құрамасына шақырған екенсің. Бұл қаншалықты рас?
- Ол мені әлеуметтік желіден тауып алып, Қазақстан жайлы сұрады. «Астанада» ойнап жүрген кезімде жағдай жақсы еді. Еурокубокте өнер көрсеттік. Ол да Қазақстанға келгісі келді. Мен оған осында келуге кеңес бердім. Мен оны көрмегенмін. Бірақ «Слован Братиславада» ойнайтынын білемін. Меніңше, ол Қазақстан құрамасын күшейтер еді.
- Голландиялық «Рода» клубына ауысқаның туралы айтсақ. Ол жақта қаржылық жағдай «Астанамен» салыстырғанда өте нашар болды. Сен ол жерге тек футбол үшін бардың ба?
- Әрине. Эредивизия – жақсы чемпионат. Ол кезде өте жас болдым. «Астанамен» бірге екі рет чемпион болдым және Чемпиондар лигасына жолдама алдық. Осы сәтте өз жолыммен жүру керектігін түсіндім. «Рода» клубында өткізген уақытым ұнады. Ол кезде қазіргідей футболшы болған жоқпын. Команданың бапкеріне рахмет. Өкінішке орай «Родада» жалдау шарты бойынша ойнағандықтан, кетуге мәжбүр болдым. «Стандард» клубы менің трансферімнен ақша істегісі келді. Мен күттім, ал «Стандард» басшылығы мені екінші командаға жіберді. Олар мені басқа команда сатып алады деп ойлады. Сондықтан ресейлік «Уралға» ауысуға мәжбүр болдым.
- Ресейде керемет ойнай алмадың.
- Бұл менің кінәм болды. Мінез көрсетуім керек еді. Олар маған жақсы жалақы берді. Маған тек ойнау қажет болды. Бір-екі рет ойнай алмағанымда олар мені мазақ етті. Сондықтан өзіме артылаған талаптарды төмендеттім. Барлығы жақсы еді, бірақ осы сәтте моральдық-психологиялық тұрғыдан әлсіз болдым.
- Осыдан кейін саған Қайрат Советайұлы хабарласты. Ол не айтты?
- Жағдайымды сұрады. Мен жағдайдың мәз емес екенін айттым. Ол маған «Қайратқа» ауыссаңшы деп кеңес берді. Мен келіскендей болдым.
- Сен сол сәтте Қазақстанға келуді қаламадың ғой.
- «Уралдағы» кезеңнен кейін Ресейден кетуге тырыстым. «Қайрат» алдына жоғары мақсаттар қойды, құрамы мықты болды. Мен бәрі жақсы болатын шығар деген оймен «Қайратқа» ауыстым. Қазақстан, Алматы және клуб туралы бәрін білдім. Сол сәтте дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Себебі ол кезде басқа нұсқа да болған жоқ.
- «Қайратта» футболшы ретінде жақсы қырыңнан көріне алмадың. Бірақ ұлттық құрамада керемет ойнадың. Мұның себебі неде?
- «Қайратта» маған көп сенім артқан жоқ. Мен барлығын дұрыс жасағандай боламын, бірақ бұған ешкім назар аудармайтын. Осыдан кейін өзіңді дәлелдегің келеді. Ал адамдар мұны көргісі келмесе бірдеңені дәлелдеудің не қажеті бар. Қазір ұлттық құрамадағы жігіттер менің мықты болғанымды айтады. Мүмкін «Вислада» ойнағаным әсер еткен болар. Ал «Қайратта» жүріп дәл Польшадағы ойынымды көрсетсем, жігіттер олай айтпайтын еді. Егер маған сенім артса, мен команданың көшбасшысы бола аламын.
- Сен Бельгия жастар құрамасында және «Стандард» клубында атақты бельгиялық футболшылармен кездестің. Бельгиямен болған ойында олар сенен Қазақстанға қалай кеттің деп сұрамады ма? Не туралы айтты?
- Жоқ, жай ғана жағдайымды, отбасымды сұрайды. Футболда ертең не болатынын білмейсің. Қазақстан құрамасында ойнаймын, «Қайратта» ойнадым. Ешкім маған «екеуміз бірге ойнадық қой, сен неге Қазақстанда жүрсің?» деген сұрақ қоймайды. Әркімнің өз жолы бар.
- Де Брейне, Азар, Лукаку секілді ойыншылардың жарқырап шығуына не себеп? Сен сол елде өстің, бәрін өз көзіңмен көрдің дегендей...
- Ерекше ештеңе жоқ. Ойыншылар мықты чемпионаттарда ойнайды, скауттар келіп бақылайды. Бәрі өте қарапайым.
- 10-12 жыл бұрын Қазақстанда «Оле Бразил» деген жоба болды. Бірақ одан еш пайда болған жоқ. Сол кезде қазақстандықтарды Бельгияға жібергенде нәтиже болар ма еді?
- Мүмкін. Бірақ барлығы адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Кез келген жағдайда мықты футболшы болып өсуге болады. Боснияда дәл Қазақстандағыдай жағдай жасалған. Бірақ Пьянич секілді ойыншылар шықты. Бельгияда футболшылар көп. Әр ауылда бір командадан бар. Ол жерден Зайнутдиновтің отызын табуға болады. Ал бізде біреу ғана. Бәсекелестіктің болғаны дұрыс.
- Сен Семейде балалардың қалай жаттығып жүргенін көрдің. Бельгияға қарағанда айырмашылық жер мен көктей ме?
- Иә. Бельгияда жақсы алаңдар көп. Бапкерлер де мықты. Балалардың барлығы бірдей. Бәрінде футболшы болуға мүмкіндік бар. Семейдегі балаларға сенімділік жетіспейді, олар мықты футболшы боламын деп ойламайды.
- Ресейге оралу ойыңда бар ма? Сол «Уралға» мықты екеніңді дәлелдегің келмей ме?
- Ештеңені дәлелдеуге міндетті емеспін. Қазір «Вислада» бақыттымын. Сол жерде жақсы нәтижеге қол жеткізгім келеді. Еуропада ойнауды жалғастыра беремін. Мен тек прогресс жасағым келеді. Қай клубта және қай елде екені маңызды емес.
- Бір сұхбатыңда А сериясындағы клубтың қызығушылығы туралы айтып едің.
- Бұл ұзақ уақыт бұрын болды. Агентім хабарласып, «Кротоне» клубының қызығушылық танытқанын айтты. Ол кезде «Урал» да мені алғысы келді. Мен көп күткім келмеді. Мына футболшыға үлкен клуб қызықты деген әңгімелер көп болады ғой. Бірақ соңында ешқайда ауыспайды.
- Семейге қайта оралсақ. Ол жердегі балалар «егер өзімнің қаламда команда болмаса, ертең қайда ойнаймын» демей ме?
- «Алтай» бар ғой. Сол жерде өздерін көрсету керек. Неліктен Семейде команданың жоқ екенін білмеймін. Бұл сұрақты әкімге қою керек секілді. Бұл қалада команданың болмағаны өкінішті-ақ
- «Вислада» Давид Мавутор ойнады. Қазір «Шахтерде» тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Оның неге Польшада жолы болмады?
- Бәсекелестік жоғары болды. Ол жақсы бастады. Біздің бапкер өте эмоционалды. Оған Мавутордың ойыны ұнамады. Осыдан кейін ол мүмкіндік ала алмады. Онымен үнемі сөйлесетінмін. Ол жақсы футболшы. Бірақ жолы болмады.
- «Вислаға» ауысар алдында Польшада ойнаған Хижниченко немесе Бейсебековпен сөйлестің бе?
- Иә, Абзалдан Польшадағы футбол жайлы сұрадым. Ол маған чемпионаттың деңгейі жоғары екенін айтты. Мен ол кезде Польшадағы футбол туралы білмедім. Сондықтан «Вислаға» ауысу өзім үшін де қызықты болып көрінді.
- Соңғы сұрақ. Саған жағымсыз пікір жазатын жанкүйерлерге айтарың бар ма?
- Не айтайын? Ақталғым келмейді. Қорытынды жасау және эмоцияға ерік беру оңай. Мен Қазақстан құрамасында осы елдің абыройы үшін ойнаймын. Қазір бізде керемет ұжым бар. Бас бапкерге де ризамын. Мені жақсы қарсы алғандарына рахмет. Алаңда командаға пайдамды тигізу үшін бар күшімді салдым. Мен Қазақстан азаматтығын алдым. Мен Қазақстаннан Бельгияға немесе Ресейге кетуді қаламадым, керісінше, Қазақстан құрамасында ойнауға келістім. Сондықтан адамдар болған жағдайды дұрыс қабылдамайды.