Александр Бублик Australian Open турнирін жеңіспен бастады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған америкалық Эрнесто Эскобедомен өткізді.

Бір қызығы, америкалық теннисшіні іріктеу сайыстарының финалында Михаил Кукушкин 6:4, 5:7, 7:5 есебімен ұтқан болатын.

Соған қарамастан, Э.Эскобедо жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алып, негізгі додаға қосылды.

Бублик 24-те болса, қарсыласы одан бір жасқа үлкен еді.

Бірінші партияда америкалық теннисші чемпионатқа өзінің бос келмегендігін байқатты – 6:3. Екінші сетте тай-брейкте А.Бублик шеберлік танытты – 7:6 (7:5). Үшіншісінде де қарсыласына дес берген жоқ – 6:3. Төртінші партияда қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Бублик 2 сағат 36 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейктен (9 брейк-пойнт) аса алған жоқ.

Бубликтің екінші айналымдағы қарсыласы мықты әрі тәжірибелі. Әлемнің 20-сыншы, чемпионаттың 17-ракеткасы, 35 жастағы франциялық Гаэль Монфис алғашқы айналымда рейтингте 64-орындағы аргентиналық Федерико Корианы 6:1, 6:1, 6:3 есебімен оңай жеңді.

Дегенмен А.Бублик Г.Монфисті күтпеген жерден 2020 жылғы Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымында 6:4, 7:5, 3:6, 6:3 есебімен ұтып кеткен болатын.

Читайте Metaratings, чтобы быть в курсе свежих новостей казахстанского и мирового спорта, эксклюзивных инсайдов и экспертных мнений.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!