ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Үш рет академиядан қуыла жаздап, «кішігірім тозақта» өмір сүрген. 100 млн еуролық Антони жайлы не білеміз

АПЛ-дегі мезгілсіз үзілісті пайдаланып, дебюттік матчында-ақ гол соғып үлгерген «Манчестер Юнайтедтің» 100 миллиондық жап-жаңа ойыншысы Антонимен танысайық.

Антони

Таныстырылымды Антони туралы үш қысқа фактпен бастаймыз. Ол 19 жасында:

  • өмірінен сыр шертер кітап жазып, болашағынан үлкен үміт күттіретін бразилиялық футболшыға көрсетілетін қысымы туралы айтты;
  • әке атанды;
  • Бразилия U23 құрамасындағы дебюттік кездесуін өткізді.

Алғаш рет «Сан-Паулудың» матчына келгенде Антони алты жаста еді. Оны стадионға тәтесі алып келген. «Бәрі осыдан басталды. Осылайша футбол менің өміріме айналды», – деп еске алады Антони.

10 жасқа жуықтаған шағында Антони академияға қабылданды, бірақ ол бапкерлерді таңғалдыра алмай, үш рет академиядан қуылудың алдында болды. Алайда орнын сақтап қала алды. Бұл академияда оның үлкен ағасы Эмерсон Сантос та оқыды.

Антони мен Эмерсонның әкесі Хосе ағайындыларды 30 шақырымдай жерден «Сан-Паулу» базасына апарып жүрді, бірақ бір күні кесте өзгеріп, жұмыс уақыты жаттығу уақытына сәйкес келіп қалды. Біраз уақыт Эмерсон командадағы досының әкесімен қатынады, алайда көп ұзамай ол академиядан шығарылып, Антонидің ағасы жаттығуды тоқтатты. Базаға жетуі мұңға айналды Ал Антонидің жолы болды – оның жаттығуы басқа уақытта басталатын еді.

Эмерсон мен Антони

«Бес жасымнан бастап ағам қасымда болды. Мен одан көп нәрсені үйрендім. Ол да әрқашан осы арманмен өмір сүрді. Маған гол соғуды және соққы жасауды үйретті. Мен бар күшімді салдым, өйткені маған ол үйреткен футбол ұнады. Ол әлі күнге дейін маған кеңес береді. Мен Эмерсонды үлгі тұтамын», – дейді Антони.

Антони «Сан-Паулу» сапында 18 жасында дебюттік матчына шықты. Ол 2018 жылдың қарашасында «Гремиоға» қарсы ойында алаңдағы әріптесін алмастырды. Осы кездесуден кейін кумирі Лукас Моурадан құттықтау хатын алып, қуанышы екі еселене түсті. Осылайша ойыншылар достасып, тіпті, Моура Антонидің өмірбаянын баяндаған кітапқа алғы сөз жазды.

Антони

Антони 15-те болғанда, оның үйінің жанында болған атыс кезінде 18 адам қайтыс болды. Ол Сан-Паулудың ең қауіпті аймақтарының бірі – Осаскода өсті. Бұл жер «кішігірім тозақ» деп те аталады. Маңайды есірткі, кісі өлімі және кедейлік жайлаған еді.

«Ақша деген арман еді. Аяқ киім болмағандықтан, жалаң аяқ ойнағаным есімде. Біз достарымызбен кешке дейін аулада футбол ойнатынбыз. Бұл тамаша естеліктер, мен олардан ұялмаймын. Басымнан көп нәрсе өтті. Аяқ киім мен тамақ болмады. Таңғы сағат 3-4 кезінде үйді су басып, ылғи шелектеп су шығаратынмын. Мен фавелада тұрдым және таңертеңгі тоғызда мектепке кетіп, кешкі тоғызға дейін тамақ ішем бе, жоқ па білмейтінмін. Бұл өте ауыр жағдай. Ал қалғандарына бой үйретуге болады. Бұл өте қиын уақыт еді, бірақ мен одан күлімсіреп өттім. Бұл сәттер менің қазіргі жетістікке жетуіме ықпал етті», – дейді Антони.

Антони «Аяксқа» ауысқаннан кейін өзінің туған клубын ұмытпады. 2020 жылы балалар күніне орай ол Сан-Паулудағы жас футболшыларға сыйлық дайындап, оларға 50 жұп бутсы жіберді.

«Мен бутсы алудың қаншалықты қиын екенін білемін. Сендерге берер кеңесім – ешқашан армандарыңнан бас тартпаңдар. Қазір мен өз арманымды Нидерландыда орындаудамын. Сенуді тоқтатпаңдар – бізге тек аспан шекара», – деді Антони.

Антони

2019 жылдың басында Антони «Сан-Паулудың» негізгі командасымен АҚШ-қа жаттығу жиынына барып, «Айнтрахт» пен «Аяксқа» қарсы матчтарда өнер көрсетуі мүмкін еді. Бірақ бұлай болмады. Өйткені ол басшылықтың U20 командасымен бірге Бразилияның басты жасөспірімдер турниріне бару туралы ұсынысын қабылдады. Бұл оның мансабындағы ең сәтті шешімдердің бірі десек те болады. Осы додадан кейін Антони көпшілікке танымал бола бастады. Жарыста төрт гол соғып, алты нәтижелі пас берді, ал «Сан-Паулу» жеңімпаз атанды.

Антони негізгі командаға оралғанда, оны басқаша қабылдай бастады. Енді ол клубтың кезекті тәрбиеленушісі емес, болашақ жұлдыз болды.

«Бұл сәт оның мансабын түбегейлі өзгертті. Басқа футболшылар жастармен ойнаудан бас тартып, бұл турнирге баруды жаза деп санады. Ал Антони бірден келісті, бірақ осы турнирге бола ол көптеген ойыншылар асыға күтетін негізігі команда сапындағы ОЖЖ (оқу-жаттығу жиыны) өткізіп алды. Антони ылғи өте қарапайым болды. Оны мәртебе алаңдатпады. Ол тек мықты ойыншы болуды қалады. Осыдан кейін ол жарқырай бастады және біз қазір жақсы көретін ойыншыға айналды. Біраз уақыттан кейін «Аякс» ұсыныс жасады. Олар Антониді 2018 жылы 3 миллион еуроға сатып алуға және одан әлдеқайда көп төлеуге дайын болды. Алайда оны 2020 жылы кейінгі сату сомасының 20%-ы бізге түсетін келісімшартпен саттық. Біз оның үлкен ақшаға сатылатынын білдік», дейді «Сан-Паулудың» бұрынғы бас директоры Александре Пассаро.

Өздеріңіз көргендей, Пассаро қателеспепті.

2019 жылдың жазында «Сан-Паулу» бізге белгісіз еуропалық клубқа Антониді 20 миллион еуроға сатудан бас тартып, бір жылдан кейін «Аяксқа» 21,75 миллион еуроға жіберді. Клубқа алғыс ретінде вингер «Сан-Паулудың» шамамен 30 миллион қарызы бар екенін біліп, 1,7 миллион еуро бонустан бас тартқан.

Антони

Нидерландыда Антониді салқын қарсы алды. Жанкүйерлер жас бразилиялық үшін «Аякстың» не үшін қомақты қаржы төлегенін түсінбеді. «Күлкілі – біз Бразилияның жастар құрамасындағы ойыншыны 20 миллионнан астам қаражатқа сатып алдық», – деді Марко ван Бастен телеэфирлердің бірінде.

Бірақ Антони сынға басын қатырмады. Еуропадағы алғашқы маусымында он гол соғып, он ассист авторы атанды.

Антони

Антонидің төрт жасынан бері миындағы қатерлі ісікпен күрескен Ларисса есімді жанкүйері бар.

Антони Лариссамен сол жасөаспірімдер арасындағы турнирдің 1/8 финалындағы «Мирасолға» қарсы ойында танысты. Сол кезде алты жаста болған қызды вингер алаңға жетелеп шықты.

«Матч алдында маған Лариссаның мені алаңға шығарғысы келетінін және оның оқиғасын айтты. Мен оған адам ретінде ұнайтынымды білгенімде қуанышымда шек болмады. Мен оны құшақтадым, біз біршама сөйлестік және ол үшін гол соғамын деп уәде бердім».

Антони

Антони уәдесінде тұрып, гол соғып, саусақтарынан L әрпін жасап, жүрек көрсетті. Осылайша Ларисса «Сан-Паулу» символдарының біріне айналды.

Антони «Аяксқа» кеткенде де Лариссаны ұмытпады. Қазір ол 10 жаста және оның жағдай жақсы: екі жыл бойы химиотерапиясыз өмір сүруде және ісік өсуін тоқтатты.

Сан-Паулу

2022 жылдың сәуірінде Антонидің кетуі мүмкін екендігі туралы қауесет пайда болған кезде, «Аякс» әдемі акция ұйымдастырды: Ларисса, анасы және әпкелері «Зволлеге» қарсы матчқа шақырылды. Антони жарақатына байланысты ойнаған жоқ, бірақ ол қызға стадионға экскурсия ұйымдастырып, бірге матч тамашалады.

Антони мен Ларисса

«Мен гол салғанда, саусақтарыммен L әрпін ұлым Лоренцоның құрметіне ғана емес, Лариссаның құрметіне де көрсетемін. Мен мұны алғаш рет Копиньеде көрсеттім. Лоренцо дүниеге келген кезде екеуіне арнай бастадым. Мен әрқашан голдарды осылай тойлаймын. Қандай жағдай болса да, L әрпінен бас тартпаймын».

Антони

Жастайынан таршылықта өмір сүрген Антони қазір әлемдегі ең талантты футболшылардың бірі. Ерекше қабілеттерінің арқасында «қызыл сойқандардың» 100 миллион еуроға шығындалуына себеп болды. «Бұл ақшаға татымайды, мұндай қомақта соманы ақтай алмайды» деген сынды пікірлер көп болғанымен, вингер алғашқы матчында-ақ гол соғып, біраз адамның аузын жапты. Алайда алда мансабы қалай өрбитіні уақыттың еншісінде.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте