ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Холанд пен Рафинья топ-5 қатарына да енбеді. Жаздың ең қымбат он трансфері

Топ-5 лигада 2022 жылғы жазғы трансферлік кезеңнің уақыты аяқталды. Кейбір клубтар әмиянындағы соңғы тиындарына дейін қағып-сілкіп шашылса, енді бірі бір-екі ойыншымен ғана толығып, қолда бар құрамына сеніп артуда. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі назарларыңызға 2022 жылдың жазында орын алған ең қымбат он трансферді ұсынады.

Ришарлисон мен Рафинья

Алғашқысы: «Эвертоннан» «Тоттенхэмге»

Екіншісі: «Лидстен» «Барселонаға»

«Эвертон» жейдесіндегі сәтті маусымдардан кейін 25 жастағы бразилиялық шабуылшы Ришарлисон талайдың көзіне түсті, алайда «Тоттенхэм» бәрінен оза шауып, оны 58 миллионға сатып алды. Бірақ Ришарлисон «Эвертондағыдай» голдың артынан гол соғып емес, күнін негізгі құрамға ілінудегі күреспен өткізуде. Бұрынғы 90 минут тынбай ойнауы арман болып, бір тайм толық өткізуге зар болып жүр. Харри Кейн мен Сон Хын Мин бастапқы құрамдағы орындарын оңайлықпен бере қоймасы хақ.

Ал «Лидсте» жасындай жарқырап, Еуропаның топ-клубтарына таңдай қақтырған Рафиньяға талас қызу жүрді. «Челси» мен «Арсенал» бразилиялықты АПЛ-де алып қалғысы келіп, тіпті алғашқысы «Лидспен» келісіп үлгерсе де, футболшының өзі ат басын Каталонияға бұрғысы келіп, «Барселона» қиын жағдайына қарамастан 25 жастағы шабуыл шебінің ойыншысын «Камп Ноуға» әкелді.

Холанд

Қайдан: «Боруссия» Дортмунд

Қайда: «Манчестер Сити»

Холандтың жазда клуб ауыстыратынын бәрі білді, бірақ нақты қай командаға баратыны көпті толғандырды. Жас болса да, шабуыл шебінің шаңын шығарып жүрген норвегиялыққа талайлар таласты. Біреулер оны «Барселонаға», біреулер «Реалға», ал енді біреулер ПСЖ-ға ұзатты. Бірақ барлығының алдын «Манчестер Сити» орап, голды қарша борататын форвардты қазіргі нарықтағы сұмдық бағалармен салыстырғанда, бар-жоғы 60 миллионға сатып алды.

Әкесінің жолын қуған 22 жастағы шабуылшы қазірден рекордтар жаңартуда. Эрлинг АПЛ-дегі алғашқы бес матчында тоғыз гол салған алғашқы ойыншы атанып, Агуэроның рекордын (8 гол) бұзды. Осы бетінен таймаса, АПЛ-де Холанд қаймағын шайқамаған рекорд қалмайтын сыңайлы.

Кукурелья

Қайдан: «Брайтон»

Қайда: «Челси»

«Барселонадан» түлеп-ұшып, каталондықтардың негізгі құрамынан орын таппаған, Испания құрамасында бір ғана ойын өткізген Кукурельяға «Манчестер Сити» қызығушылық танытып, Гвардиола өз командасында көргісі келгенімен, «Брайтонның» тәбетін «Челси» қанағаттандырып, 65 миллионнан астам қаражатты шаша салды. Осылайша Марк тарихтағы ең қымбат сол қаптал қорғаушысы атанды.

Қазір 24 жастағы испаниялық «Челсидің» негізгі құрамында ойқастап жүр. Осыдан кейін «Барсаның» өз түлегіне қайтадан көз тігіп, қомақты қаржы ұсынбасына кім кепіл?

Де Лигт

Қайдан: «Ювентус»

Қайда: «Бавария»

«Ювентус» кезінде 85,5 миллион еуроға сатып алған қорғаушысын «Баварияға» 67 миллионға сатты. Де Лигтің туриндік клубта жұлдызы жанбағынан ескерсек, бұл «Ювентус» үшін жап-жақсы пайда.

Алғашқысында нидерландылық қорғаушыны «Челси» алғысы келгенімен, оларынан түк шықпай, ақыры Кулибалиді қатарға қосты. Ал «Бавария» Алаба кеткеннен кейін орталықты күшейткісі келіп, шығындалуға дайын болды. Қазірше 23 жастағы қорғаушы Бундеслигада тек бір ғана толық ойын өткізіп, қалғандарында алмастырылып отырды.

Исак

Қайдан: «Реал Сосьедад»

Қайда:«Ньюкасл Юнайтед»

Трансферлік кезеңнің басында дауыс шығармаған «Ньюкасл» соңғы кезінде ғана көпшіліктің есіне иесі Сауд Арабиялық шейхтер екенін түсіріп, «Реал Сосьедад» бас тарта алмайтындай ұсыныс жасап, 70 миллионға Исакты сатып алды.

Жақында 23 жасқа толатын шабуылшы бұрыннан көптің аузында жүр, алайда «Боруссиядағы» және «Виллем ІІ» клубтарындағы мансабы өрге жүзбей, «аралар» үш жыл бұрын оны «Реал Сосьедадқа» сатты. Александер Испаниядағы 132 матчында 44 гол соқты, бірақ көпшілік оны реализациясы нашар деп сынады. Егер алдағы уақытта Исак келген мүмкіндікті мүлт жібермейтін шабуылшы атанса, «Ньюкасл» біраз жылға форвард іздемесе де болады.

Каземиро

Қайдан: «Реал»

Қайда: «Манчестер Юнайтед»

Жазғы трансферлік кезеңнің ешкім күтпеген ауысымы десек те болатын шығар. Өйткені ол «Реал» орталық шебінде шеру құрған, негізгі құрамнан ойып тұрып орын алған ойыншы еді. Сонымен қатар Каземироның Чемпиондар лигасында ойнауды Еуропа лигасына ауыстырады деп те ешкім ойламады. Модрич пен Кросты шығарып салып, «Реалдың» есігін соңғы жабатын да осы жігіт деп сенді көпшілік.

Ал орталық шебіне бұрыннан күшейту керек болып жүрген «қызыл сойқандар» үшін 30 жастағы бразилиялық таптырмас ойыншы еді. Бірақ Каземироны МЮ жаз бойы алуға тырысқан Френки де Йонгтың орнын басады деуге келмейді. Өйткені екі сардардың міндеттері екі түрлі ғой.

Нуньес

Қайдан: «Бенфика»

Қайда: «Ливерпуль»

Холанд «Манчестер Ситиге» бұйырғаннан кейін басқа клубтар Нуньеске қырғидай тие бастады. Өйткені ол «Бенфика» жейдесінде өткен маусымдағы барлық турнирлерде 41 матчқа қатысып, 34 мәрте қарсылас қақпасын тулатты. Бастапқыда Дарвин «Манчестер Юнайтедке» ауысатындай көрінгенмен, Маненің «Баварияға» кетуі жағдайды күрт өзгертіп, «Ливерпуль» барын салып, бәсекелестікте жеңіп шықты.

«Ливерпуль» 23 жасқа енді ғана толған уругвайлық шабуылшының болашағынан үлкен үміт күтіп отыр. Луис Диаспен бірге қарсы келген қарсыластың құйқасын сыпырады деген сенімде. Ал қазірше Нуньес ойындағыдай ойқастай алмауда. АПЛ-дегі алғашқы матчында гол соққанымен, келесі ойында қызыл қағаз алып, дисквалификациямен марапатталды.

Тчуамени

Қайдан: «Монако»

Қайда: «Реал»

«Реалдың» жаздағы бар ойы Килиан Мбаппені алу болды. Көптеген инсайдерлер ПСЖ шабуылшысының мадридтік клубқа ауысуы тек уақыттың еншісіндегі дүние деп топшылап, 90% сенімді болды. Алайда франциялық форвард шешімін күрт өзгертіп, барша футболсүйер қауымды таңғалдырып, париждік командамен келісімшартын ұзартты.

Осы жағдайдан кейін «Б» жоспары болмай абдырап қалған «корольдік клуб» бар назарын «Монаканың» жартылай қорғаушысына бұрып, қайтадан ПСЖ-мен бәсекеге түсті. Өйткені ПСЖ да Тчуамениді өз қатарында көргісі келді. Қос клуб «Монако» мен Орельеннің үдесінен шығу үшін бәрін беруге дайын болды. Соңында «Реал» жеңіп шықты.

Басында Каземиродан тәлім алып, соны алмастырып жүретін ойыншы ретінде қаралғанымен, бразилиялықтың кетуі себепті ол қазірден негізгі құрамға ілініп жүр.

Фофана

Қайдан: «Лестер»

Қайда: «Челси»

«Челсидің» тағы да бір мәжбүрлі трансферлерінің бірі десек те болатын шығар. Өйткені лондондықтар жазда өздері қалаған ойыншылардың бәрін ала алмай, бәсекелестікте қарсыласқа жол беріп жатты. Бұл нұсқа Кунде мен де Лигтің сәтсіз ауысымдарынан кейін туып, «ақсүйектер» 21 жастағы Фофана үшін 80 миллионнан артық шығын шығарып, оны әлемдегі ең қымбат төртінші қорғаушы қылды.

Фофана соңғы екі маусымда өзін жақсы қырынан көрсете білді, алайда мына баға ол үшін тым жоғары секілді. Сонда да ол Кулибалидің қасында үлкен тәжірибе жинап, болашақта мықты қорғаушы атануы мүмкін. Осы үшін де «Челси» жас французға сенім артып отыр.

Тен Хаг пен Антони

Қайдан: «Аякс»

Қайда: «Манчестер Юнайтед»

Ал жаздың ең қымбат трансфері – Антонидің МЮ-ға ауысуы. «Манчестер Юнайтед» пен бас бапкері Эрик тен Хаг Антони үшін жандарын салды. «Аякс» көшбасшы ойыншыларының бірін сатқысы келмей, соңына дейін «жоқ» дегенімен, Антонидің өзі мен МЮ сатқызбастарына қоймады. «Қызыл сойқандар» бонуспен қоса есептегенде 100 миллион береміз деді, бразилиялықтың өзі де жалынды, сөйтіп ауысым орын алып тынды. Антонидің трансфері Нидерланды чемпионатының тарихындағы ең қымбат ауысым болып тіркелді.

Нидерланды чемпионатының өткен маусымында 23 матч өткізіп, сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берген ойыншы үшін 100 миллион асыра сілтеушілік секілді. Оның үстіне МЮ-дің вингерлері де баршылық. Алайда тен Хаг Антониді бәрінен жақсы таниды – бір білгені бар болар.

Материал Transfermarkt сайтының деректері бойынша дайындалды.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте