Ресейде тарихи жеңісімізге ортақтасып, Ленаны қайтаруды ойлайтындар бар. Рыбакинаның жеңісіне қатысты пікірлер

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Уимблдонда» топ жарды. «Жеңістің – жеті атасы бар, жеңіліс – қашан да тұл» демекші, тарихи жеңісімізге орта жолдан ортақтасып жатқандар бар. Олар не дейді және Ленаның жетістігіне басқалар қандай пікір білдіруде? Осы жөнінде әңгіме өрбітеміз.

Рыбакина

Ең алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пікірінен бастайық.

«Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ең беделді Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жетті. Спортшымызды шын жүректен құттықтаймын!», – деп жазды мемлекет басшысы твиттердегі парақшасында.

Ал Олимпиада чемпионы Елена Веснина Қазақстанның үлесін атап өтіп, Ленаның Ресейге оралуына қатысты пікір білдірді:

«Рыбакина үшін өте қуаныштымын! Ленаны, оның командасын және ата-анасын жеңіспен құттықтаймын. Әрине, Рыбакина мен Жабердің екеуі де титулды жеңіп алуға лайықты болды. Екеуі де финалға дейін керемет жол жүріп өтті. Біз үшін Ленаның жеңісі – бұл таңғажайып нәрсе! Рыбакинаның Қазақстан құрамасына ауысуы – тарих. Ленаның кәсіби теннисші ретінде қалыптасуына көмектескен Қазақстанды құттықтаймыз. Менің ойымша, ол енді Ресей құрамасына оралмайды. Әрине, оның орыс ұлтынан екені анық. Бірақ қазір ол Қазақстанның намысын қорғайды», – деді Веснина «Чемпионатқа» берген сұқбатында.

Рыбакина

Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев Ленаның бұл жетісігі Ресей мектебінің арқасы деп отыр. Күлкілі.

«Біріншіден, Рыбакинаны құттықтаймын! Қанша дегенмен бұл ресейлік мектеп! Ол ұзақ уақыт бойы бізде ойнады, содан кейін Қазақстанға ауысты. Бұл ойында кімнің жүйкесі мықты сол жеңіске жетеді деп ойладым. Өйткені, екеуі де алғаш рет финалға шықты. Қыздар жақсы ойын көрсетті: Рыбакина қатты соққылар жасады және өте керемет ойнады. Жабер мәскеулікті жеңу үшін ойынды бөлшектеуге тырысты. Бірақ соңында сәттілік Рыбакинаның жағында болды».

Тарпищев

Сонымен қатар Тарпищев мырзаң Ленаны Ресейге қайтарып алуға қарсы емес екен.

«Бізде ережелер бар: егер командалық жарыстарда ойнасаң, онда енді басқа елдің атынан шыға алмайсың. Шындығында, бәрі ойыншыға және олар ұсынатын жағдайға байланысты. Кезінде ол Қазақстанға ауысты, өйткені онда біз бере алатыннан гөрі жақсы жағдайлар ұсынылды. Өкінішке орай, менің ойымша, әңгіме қаржылық мәселеде болды. Біз оны қайтаруға тырысамыз ба? Сұранса — қабылдаймыз, сұранбаса – қабылдамаймыз», – деді Шамиль мырза «Чемпионатқа» берген сұқбатында.

Ал белгілі журналист Бен Ротенберг Ресей сан соғып қалды деген ойда:

«Әрине, ресейліктерге тыйым салынғаннан кейін мәскеуліктің Уимблдонның жеңімпазы атанғаны біртүрлі. Бірақ, менің ойымша, бұл Ресейдің сәтсіздігінің көрсеткіші. Елена Рыбакина Ресей теннисінен кетті, өйткені оны қолдамады және талантын көрмеді. Бүгін Ресей ұтылды, Қазақстан жеңді».

Бен Ротенберг

Рыбакина

Әлемнің экс-бірінші ракеткасы Матс Виландер Ленаның болашағына үлкен сеніммен қарайды:

«Егер Елена Рыбакина дәл осындай сабырлы қалпынан таймаса, әлі талай ірі турнирлерде жеңіске жетеді», – деп келтіреді Виландердің сөзін Eurosport.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен UFC файтері Шавкат Рахмонов та сырт қалмай, Ленаға жылы лебіздерін білдірді.

«Елена Рыбакинаны «Уимблдондағы» тарихи жеңісімен құттықтаймын», – деп жазды GGG.

«Елена, жеңіс құтты болсын! Қазақ елін және теннис федеарциясының президенті Болат Өтемұратовты жеңіспен құттықтаймын!», – деді Рахмонов.

Рыбакина

Онс Жабер Ленаны құттықтап, лайықты жеңіске жеткенін айтты:

«Еленаны құттықтаймын, ол керемет ойнады. Ол командасымен бірге тамаша жұмыс жасады. Лайықты жеңіске жетті. Келесі жолы сәттілік мен жақта болады деп үміттенемін. Елена бүгін менің титулымды ұрлады, бірақ ештеңе етпейді. Жеңілістен көңілім қатты түсті. Бірақ теннисте бір ғана жеңімпаз болады», – деді Жабер матчтан кейін.

Сонымен қатар тунистік теннисші Рыбакинаға қуануды үйрету керек деп қалжыңдады:

«Шынымды айтсам, Еленамен ойнаған ұнайды. Егер оған жеңілсеңіз, ол оны үлкен мерекеге немесе басқа нәрсеге айналдырмайды. Маған оны тойлауға жақсылап үйрету керек. Бірақ ол осындай ойыншы. Мүмкін, оған осылай ыңғайлы шығар. Қалай болғанда да, бұл жұмыс істеп тұр, сондықтан ол өзі үшін бәрін дұрыс істеп жатқан болар», – деді Жабер.

Ленаның сабырлылығына қатысты мемдер де шығып жатыр екен. Соның бірі төмендегідей.

Мем

Ал Рыбакинаның бапкері Стэфано Вуков әлі де сене алар еместігін жеткізді:

«Мен бұлай болады деп күткен жоқпын. Таңғаларлық нәтиже. Мен әлі де не болып жатқанын түсіне алар емеспін... әсіресе соңғы екі матчта», – деді Вуков.

Ленаның өзі қатты қобалжығанын айтып, қолдау білдерген жандарға алғысын білдірді:

«Сөзім жоқ. Мен матч алдында және матч барысында қатты қобалжыдым. Қазір бәрі аяқталғанына қуаныштымын. Мен ешқашан мұндай сезім сезінген емеспін. Көрермендерге екі апта бойы керемет қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді. Шынымды айтсам, мен екінші аптаға шығамын деп ойламадым. Қандай бақытты екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Командамсыз қолымнан ештеңе келмес еді. Оларға ерекше алғыс айтқым келеді. Жартылай финалда да, финалда да болған Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа үлкен рақмет. Бұл керемет қолдау. Содан кейін, әрине, ата-анама алғысым шексіз», – деді Рыбакина.

Осыған дейін Рыбакинаның Қазақстан азаматтығын алуы, қомақты сыйақысы және тарихи жетісіктері туралы хабарлаған едік.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте