ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Реалды» сан соқтырып, ПСЖ-ның майлы ұсынысын таңдады. Ла Лига Мбаппенің клубын сотқа бермекші

Килиан Мбаппе ресми түрде ПСЖ-мен келісімшартты ұзартты. Оның «Реалға» ауысуы уақыттың еншісіндегі дүниедей көрінген. Алайда мадридтіктердің көздегені іске аспай, бармақ шайнап қалды.

Мбаппе

Франциялық шабуылшы мен париждік клуб 2025 жылға дейін жарамды үш жылдық жаңа келісімшартқа қол қойды. Осылайша ешкім күтпеген және жанжалды жағдай орын алды.

Осы аптаның басында ғана Мбаппенің Мадридке қоныс аударуы шешілген мәселе болып көрінді. Тіпті, форвард Мадрид шаһарына да келіп кетті. Осыдан кейін инсайдерлер Килианның ПСЖ-дан кететіні, париждіктердің шабуылшыны қалуға көндіруді де қойып, оның аты бар жейделер шығаруды тоқтатқаны туралы жарыса жазды. Осы демалыс күндері Мбаппе «Реал Мадридке» ауысатынын көпшілікке жариялайды, ал клуб 28 мамырдағы «Ливерпульмен» өтетін Чемпиондар лигасының финалынан кейін келісімді растайды деп күтілді. Бірақ олай бола қоймады. «Корольдік клубтың» жоспары күлге ұшты.

Шабуылшының анасы Файза Ламари: «Бізде Реал Мадридпен және ПСЖ-мен келісім бар, ұсыныстар бірдей. Енді Килианның таңдау жасауы ғана қалды», деген еді. Ал шетелдік дереккөздердің пайымдауынша, Мбаппе, оның отбасы және жақын адамдары «Килиан «Реалға» ауысуға тым жақын» деп әдейі жаңалықтар таратқан. Сөйтіп ПСЖ-ны қомақты қаражат ұсынуға мәжбүрлейді. Ал одан кейін ПСЖ-ның майлы шелпегін «Реалға» көрсетіп, мадридтік команданың да ұсыныстарын қайта қарауға үгіттейді. Килиан арманды емес, тек қаржылық жағынан тиімді келісімшартты көздегендей.

Мбаппе

Eurosport España дерегіне сенсек, париждіктер 23 жастағы ойыншыға келісімшартты ұзартуға келіскені үшін 300 миллион еуро бонус береді. Сонымен қатар жылдық таза жалақысы 100 миллион еуроны құрайды.

ПСЖ тек қаржылық жағы ғана емес, басқа да тұстары мығым келісімшарт ұсынды. Киллиан бірнеше жылдар бойы ұйымның бет-бейнесі болады және басқарудағы шешімдерге үлкен әсер етеді. ESPN хабарлауынша, Леонардо кетіп, ПСЖ-ға жаңа спорт директоры тағайындалады. Ол «Сельтаның» стратегиялық кеңесшісі Луис Кампуш болады деп күтілуде. Кампуш кандидатурасын жаңа келісімшарт бойынша келіссөздер кезінде Мбаппе ұсынған.

Мбаппенің клуб таңдауы әлі біраз уақытқа созылуы мүмкін еді, бірақ 21 мамыр күні ойыншы «Реал» президенті Флорентино Переске қоңырау шалып, ПСЖ-да қалатынын айтты. Кешке париждіктер Киллианмен жаңа келісімшарт жасасқанын ресми түрде жариялады.

«Мен ПСЖ-мен келісімшартты ұзартуға шешім қабылдағаным туралы айтқым келеді. Әрине, мен өте қуаныштымын. Ең жоғары деңгейде өнер көрсетуге барлық мүмкіндікті жасайтын клубта ары қарай да өсе беретініме сенімдімін. Мен өзімнің туған жерім Францияда дамуды жалғастыра алатыныма өте қуаныштымын. Мен президент Насер Әл-Хелаифиге сенім білдіріп, түсіністік пен шыдамдылық танытқаны үшін алғысымды білдіремін. Мен Франциядағы және бүкіл әлемдегі, әсіресе соңғы айларда шексіз сүйіспеншіліктерін көрсеткен барлық жанкүйерлерін естен шығарған емеспін. Бірге, ұйымшылдық және өршілдікпен биік шыңдарды бағындырамыз», – деді Мбаппе.

Шетелдік БАҚ-та Перес пен Мбаппе арасындағы әңгіме тарай бастады. Журналист Хосеп Педреролдың дерегі бойынша олар төмендегідей хат алмасқан.

«Флорентино Перес мырза, ПСЖ-да қалатынымды айтқым келеді. Бала кезден жанкүйерлік еткен «Реалда» ойнауға мүмкіндік бергеніңізге рақмет. Мені түсінесіз деп ойлаймын. Чемпиондар лигасына сәттік тілеймін!», – деп жазды Мбаппе.

Ал Перес былай жауап қатты: «Соңғы күндері осындай жағдайдың орын алғаны өкінішті. Олар сенің балалық арманыңа балта шапты. Саған бар жақсылықты тілеймін».

Мбаппе

ABC журналисі Томас Гонсалес Мартиннің айтуынша, «Реал» Мбаппені қатарға қосудан мәңгілікке бас тартты. Олар Килианның әрекетін сатқындыққа балап отыр және басты мақсаттары орындалмай, дел-сал күй кешуде. Клуб барлық күшін Мбаппені алуға салып, соған сеніп, Холандқа таластан шықты. Ал Эрлинг «Манчестер Ситимен» ресми түрде келісіп қойды.

Одан бөлек Ла Лиганың басшысы Хавьер Тебас та қатты ашулы. Ол ПСЖ қаржылық фэйп-плейді сақтамады деп УЕФА-ға шағымдануда.

«ПСЖ ағымдағы маусымда жалақыға 650 млн еуро жұмсайды, шығындары 300 млн еуроны құрайды. 300 млн жоғалтқан, 600 миллионнан астам жалақы қоры бар, табысы көп емес клубтың осындай деңгейдегі ойыншыны сақтап қалуы мүмкін емес дүние. Мүмкін емес. ПСЖ Президенті Әл-Хелаифи Суперлига сияқты қауіпті», – деді Тебас келісімшарт ресми ұзартылудан бірнеше сағат бұрын.

Осылайша Ла Лига ПСЖ-ны сотқа бермек ниетте. Бірақ Мбаппенің трансфері аясындағы дау басылғаннан кейін олардың да түк болмағандай тыныш бола қалуы ғажап емес.

Фото: GettyImages/PSG

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте