ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

«Реал» – 14 дүркін чемпион! 36 минутқа кеш басталып, тағдырын бір ғана дәл соққы шешкен финал

«Тойдың болғанын боладысы қызық» дегендей, «Реал» 36 минутқа кеш басталып, бір ғана дәл соққы тағдырын шешкен финалда 14-ші рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі ойынның кеш басталуына не себеп болғанына үңіліп, матчтың өзіне де тоқталуды жөн көрді.

Париждегі финалға билеті бардың да, билеті жоқтың да кіргісі келді. Қазіргі таңдағы әлемнің екі мықты командасының арасындағы текетіреске куә болуды көпшілік аңсады. Бірақ билет алмай-ақ билеп кеткісі келгендердің кесірінен ойын 36 минутқа кеш басталды.

Кездесу елорда уақытымен 01:00-де басталуы тиіс еді. Алайда «Парк-де-Пренс» алдындағы қарбалас салдарынан ойын белгіленген уақытта бастала қоймады. Алғашында Клеман Тюрпеннің ысқырығы – 15 минутқа, кейін – тағы 15 минутқа, содан соң тағы 6 минутқа кешеуілдетілді. Оған басты себеп ретінде билетсіз билік құрғысы келгендердің әлегі мен ұйымдастырушылардың салғырттығы тіркелді. Әсіресе, «Ливерпульдің» билетсіз жанкүйерлері қоршаулардан қарғып, ойынның басталуын күтіп қалғып отырған көрермендердің ызасына тиді. Кейбір деректер бойынша, мерсисайдтықтардың 15 мыңдай билетсіз жанкүйері стадионға кіріп кеткен екен. Сол үшін жазаларын да алып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.

Стадионның экранында жанған мәлімдемеде «Ойынның кеш басталуына жанкүйерлердің дәл уақытында келмеуі себеп болды» дегенмен әлеуметтік желілерде матчтың басталуынан үш сағат бұрын тізілген кезек көрініс тапқан бейнелерге не дейсіз? Одан артық қаншалықты ерте келу қажет? Демек бұл жай ғана сылтау ғана. Ұйымдастырушылар ұйымдастыра алмады, алыпсатарлар аласапыран қылды. Сөйтіп финалдың шырқы бұзылып, қазақтың тойындай күттіріп қойды.

Осыған қатысты УЕФА да ресми мәлімдеме жасады және жағдайды егжей-тегжейлі зерттейтіндерін жеткізді.

«Ойын басталар алдында стадиондағы турникеттер жалған билеттерді сатып алған мыңдаған жанкүйерлермен толды. Бұл ішке кіруге тырысқан жанкүйерлердің бір жерге шоғырлануына әкелді. Нәтижесінде шынайы билеттері бар жанкүйерлерді кіргізу үшін матчтың басталуы 35 минутқа кейінге қалдырылды. Ойын басталғаннан кейін де стадиондағы жанкүйерлер саны көбейе берді, сондықтан полиция оларды көзді жасаурататын газбен таратып, стадионнан қуды. УЕФА осы оқиғалардан зардап шеккен жандармен бірге және бұл мәселелерді шұғыл түрде Франция полициясы мен билігі, сондай-ақ Франция футбол федерациясымен бірлесе отырып, зерттейді», – делінген УЕФА-ның ресми сайтында.

Сонымен қатар «Ливерпуль» де жағдайдан тыс қалмай, ресми сайтында мынадай жазба жариялады:

«Біз «Стад де Франс» стадионына кіруде қиындыққа тап болған және қауіпсіздіктері қамтылмаған «Ливерпуль» жанкүйерлері үшін қапалымыз. Бұл еуропалық футболдың үлкен деңгейдегі матчы және жанкүйерлер біз бүгінгі кеште куә болған оқиғалармен кездеспеуі керек. Біз осы қолайсыз оқиғаның себептерін тексеруді ресми түрде сұрадық».

Ливерпуль – Реал

Ал енді матчтың өзіне келсек. Алғашқы таймда «Реал» жарытып түк істемеді. Ойынды «Ливерпуль» қолында ұстап, барлық қауіпті сәтті де сол англиялық клуб істеді. Қақпа бағанасын қақыратып, Куртуаны тықысырып бақты. Бірақ оларынан түк шыға қоймады. Ал мадридтіктер екінші нөмірмен ойнауға мәжбүр болып, қақпаға бірде-бір дәл соққы жасамады. Жалғыз көзге көрінгендері – Бенземаның оффсайдтан соққан голы.

Бензема

Осыған кішігірім тоқталсақ, қақпашы орнынан шығып, қақпа бос қалса, соңғы тұрған футболшы голкипер есебіне саналып, оффсайд одан кейінгі ойыншымен есептеледі. Бұл тұста Бензема ойыннан тыс қалды. Ал «доп Фабиньоның аяғынан серпіліп келді ғой» десеңіз, оған да жауап бар. «Бәрі қарапайым. Бензема оффсайдта. Доп Фабиньодан серпіліп кетті, хавбек әдейі берген жоқ», – дейді экс-арбитр Питер Уолтон.

Кездесудің екінші 45 минуттығында да «Ливерпульдің» мысы басым болды. Алайда есепті «Реал» ашып, 59 минутта Винисиус Жуниор мергендігімен көзге түсті. Бұл жағдайға түбегейлі келіспейтін Клопптың шәкірттері есепті теңестіруге барынша тырысып бақты. Бірақ жолдары болмады. Куртуа мансабындағы ең тамаша ойындарының бірін өткізіп, тоғвз сейв жасап, қақпасын голдан аман сақтады. Еңбегі де еленіп, финалдың үздік ойыншысы болды.

Куртуа

Сөйтіп «Реал» 14-ші рет қалқаң құлақ кубоктың иегері атанды. Сонымен қатар мадридтік клуб Чемпиондар лигасының дәуірі басталғалы сегіз рет финалға шығып, сегізінде де жеңіске жеткенін айта кеткен жөн. Жалпы 17 мәрте финалда ойнап, үшеуінде ғана қарсыласқа жол берген. «Чемпиондар лигасының королі» деген атқа лайық екендіктерін тағы да бір дәлелдеді. Финалда соңғы рет 1981 жылы дәл осы Парижде, дәл осы «Ливерпульден» жеңілген екен.

Карло Анчелотти матчқа дейін Чемпиондар лигасының финалына бес рет шыққан алғашқы бапкер атанып еді. Ойыннан кейін Чемпиондар лигасында төрт мәрте жеңіске жеткен бірінші бапкер болып тіркелді. Сонымен қатар бапкерлік мансабындағы 23-ші трофейіне қол жеткізді.

«Сене алар емеспін. Фантастикалық маусым. Біз жақсы өнер көрсеттік. Бұл қиын ойын болды және бізге ауырға соқты, әсіресе бірінші таймда. Қысқасын айтқанда, біз осы турнирде жеңіске жетуге лайық болдық деп ойлаймын. Біз өте бақыттымыз. Мен не айта аламын? Мен басқа ештеңе айта алмаймын. Мен рекордсменмін. Мен мұнда өткен жылы келіп, керемет маусым өткіздім. Фантастикалық клуб, сапалы футболшылардан құралған мықты құрам. Керемет маусым. Біз өте қиын ойындардан өттік. Жанкүйерлер соңғы матчта бізге көп көмектесті. Олар бізге бүгін де қол ұшын созды. Біз бақыттымыз, олар да бақытты».

Карло Анчелотти

Анчелотти

Ал Юрген Клопп мырза бапкер ретіндегі төрт финалының үшеуінде жеңіліс тапты. Тек 2019 жылы ғана «Ливерпульмен» шың басына шықты. Оған дейін 2018 жылы «Реалға», 2013 жылы дортмундтық «Боруссия» тізгінінде «Баварияға» есе жіберген еді.

«Ойыннан кейін қарасам, допқа иелік ету 50-де 50 екен, бірақ біз көп соққы жасадық. Барлық мадридтіктерді құттықтаймын. Біз гол соғуымыз керек еді, бірақ соқпадық. Бұл ауырға тиді. Куртуа – матчтың үздік ойыншысы. Бізде үш 100%-дық мүмкіндік болды, бірақ Куртуа керемет сейвтер жасады. Біз көптеген жақсы сәттер жасай білдік, бірақ бұл жеткіліксіз болды. Бұл нәтижеге көндіккеннен басқа амалымыз жоқ».

Юрген Клопп

«Реалды» алда Еуропа лигасының жеңімпазы «Айнтрахтқа» қарсы Суперкубокқа талас матчы күтіп тұр. Ойын 10 тамыз күні Хельсинкиде өтеді. Естеріңізге сала кетсек, қос команда арасындағы соңғы ресми ойын 1960 жылы болыпты. Сол заматта «бланкос» германиялық клубты Еуропалық чемпиондар кубогінің финалында 7:3 есебімен жеңген екен.

Фото: UEFA

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Девушки в спорте