Биыл «Қайраттың» орталық қорғаушысы Раде Дугалич чемпионатта жиі қателесіп жүр. Команданың маңызды матчтарда жиі ұпай жоғалтуына сербиялық қорғаушының тікелей қатысы бар. Осыған байланысты ардагер футболшы, сарапшы Юсуп Шадиевтің пікірін сұраған едік.

Әсіресе, биылғы «Тобылмен» өткен үш матчта да Дугаличтің Қостанай командасына «көмектескенін» байқадық. Алдымен, Түркістанда өткен Суперкубокта матч соңындағы пенальти сериясында мүлт кетті. Одан кейін Алматыдағы матчта «Тобылда» ойнайтын отандасы Неманья Николичтің аяғына допты өзі салып жберді. Шабуылшы таразы басын теңестіріп, командасына бір ұпай сыйлады. Енді осы аптада чемпионаттың 18-турында автогол соғып алды. Дугалич қателеспегенде «Қайрат» бәлкім біріншілікте бірінші орында жүрер ме еді? Алда Чемпиондар лигасы келе жатыр. Израильдың «Маккаби» командасы мұндай қателікті тіптен кешірмейді. Не істеу керек? Жаңа қорғаушы алса, командаға бірден сіңісе ала ма?
«Ондай қателіктер болады. Осы жолы өкшесімен өз қақпасына соғып алды. Өмір болған соң, мұндай қателіктер кездеседі. Еуропа чемпионатын көріп жүрсеңіздер, биыл автоголдар саны жөнінен рекорд жаңарғанын білетін боларсыздар. Қазір бір сондай автогол соғу тендециясы көп болып тұр ғой. Бірақ Дугаличтің дәл осы «Тобылмен» неліктен барлық кездесуде жолы болмай жүргенін түсінбедім», — дейді Юсуп Шадиев.
Ол осы ретте сапалы орталық қорғаушы табу оңай еместігін айтып отыр. Біз қалағандай орталық қорғаушыны алуға Қазақстан командаларының шамасы жете бермейді деп санайды.
«Чемпиондықтан басты үміткер «Қайрат» командасы деп ойлаймын. Алдағы турларда «Астана» мен «Тобылды» қуып жетеді. Дугаличтің орнын басатын қорғаушыға келсек, бәсекелестік болу үшін әрдайым ізбасар футболшы қажет. Бірақ жоғары деңгейлі орталық қорғаушы табу оңай емес. Ондайлар қымбат тұрады. Қазір «Қайратта» ғана емес, «Астана» мен «Тобылда» да осы проблема», — дейді сарапшы.
Алматы командасында орталық қорғаныста ойнай алатын футболшылардың саны көп емес. Нұрәлі Әліп пен Раде Дугаличтен бөлек, беларусь Денис Поляков бар. Бірақ оны Шпилевский болсын, қазіргі Кирилл Кеккер де негізінен тіреуші жартылай қорғаушы ретінде пайдаланып жүр. Жастардан тек 18 жастағы Александр Широбоковты ғана айтуға болады. Бірақ оның тәжірибесі аз, халықаралық матчтарда өнер көрсетпеген. Сондықтан Чемпиондар лигасының қарсаңында «Қайраттың» селекциялық бөлімі орталық қорғаушы іздеуге кіріскені жөн болар.
Бек Төлеуов