ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Fonbet KZ
Самый честный бонус
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1
Winline KZ

Мессидің «ПСЖ»-дағы алғашқы голы, Лингардтың пайдалы пасы, Халлердің рекорды. ЧЛ 2-туры несімен есте қалды?

Осы аптада кәрі құрлықтың басты доп додасы УЕФА Чемпиондар Лигасы топтық кезеңінің кезекті тур ойындары өтті. Meta-ratings.kz тілшісі cолардың ішіндегі ең қызықты және ерекше есте қалған кездесулерге тоқталып өтпек.

Лео Месси

Екінші турдың шымылдығын «D» тобындағы Украинада өткен жергілікті «Шахтер Донецк» пен миландық «Интер» арасындағы ойын ашып берді. Допқа иелік ету жағынан алаң иелері басым болғанын есептемегенде, тең дәрежеде өткен ойынның тең есеппен аяқталғандығы да заңды сияқты. Қос команда да қорғаныста сақ ойнап, қарсылас қақпасынан саңылау таба алмай «бейбіт» тарқасты.

Бұл ойынмен қатарласа өткен «Аякс» пен «Бешикташ» кездесуінде амстердамдық ұжымның асығы алшысынан түсті. Тен Хаг баптаған жігіттер ойынды толықтай бақылауында ұстады. Оған дәлел ретінде допқа иелік ету көрсеткіші (67-33 %) мен қақпаға дәл бағытталған соққыларды (7-0) атап көрсетсек болады. Алаң иелері сапынан мергендігімен көзге түскен Стивен Бергейс пен Себастьян Халлер. Атап өтерлік жайт, «Аяксқа» былтырғы маусымның басында ағылшындық «Вест Хэмнен» ауысып келген Халлер ЧЛ-дағы өзінің алғашқы маусымын өткізіп жатыр. Турнирдің алғашқы турында «Спортингке» қарсы өткен ойында покер авторы атанып, керемет ойын көрсеткен. Осылайша, Кот-Д`Ивуар құрамасының шабуылшысы Чемпиондар Лигасындағы өзінің алғашқы екі матчында бес гол соққан алғашқы ойыншы болып тіркелді. Осыған дейін бұл көрсеткіш бойынша үздік нәтиже ван Бастен, Дрогба, Диего Симеоне мен Эрлинг Холанд секілді бірнеше ойыншыға тиесілі болған. Алайда олардың барлығы өздері қатысқан алғашқы екі ойында төрт голдан соққан.

Себастьян Халлер

Порту қаласында жергілікті қаланың атымен аталатын команда «Ливерпульді» қабылдады. Мане-Салах-Фирмино үштігі «Порту» қорғанысының тас-талқанын шығарып, бес бірдей гол соқты. Мохамед Салах пен Роберто Фирмпино қос голдан салса, Садио бір допты қанағат тұтты. Командаға Диогу Жота келгелі көптен бері голдың дәмін сезбеген бразилиялық шабуылшыға сол ойында жасаған дублі сенімділік ұялатады деп ойлаймыз. Ал португалиялық команда Тареми соққан бір голмен өздерін жұбатқаннан басқа ештеңе жасай алмады.

Порту - Ливерпуль

Футбол жанкүйерлері асыға күткен осы аптадағы ғана емес, жалпы ЧЛ топтық кезеңіндегі ең қызықты матчтардың бірі «ПСЖ» мен «Манчестер Сити» ойыны екендігі түсінікті. Бұл текеіресті әртүрлі нұсқада атауға болады: «шейхтардың шайқасы» немесе Гвардиоланың сүйікті ойыншысымен жолығуы. Пептің тактикасын Англияда әбден зерттеген Почеттино бұл кездесуге тыңғылықты дайындалғандығын бірден байқатты.

Әрине, құрамына Месси, Рамос секілді жұлдызды ойыншылар келіп қосылған командадан барлығы бұл турнирдегі ең үлкен нәтижелерді күтетіні түсінікті. Дегенмен, футбол тарихында кіл жұлдыздарды жинап алып та, алысқа бара қоймаған бапкерлер баршылық. Маурисионың осыдан екі жыл бұрынғы «Тоттенхэмді» ЧЛ финалына алып шыққандығын көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Тухельдің орнына тізгін ұстайтын маманды іздегенде париждік команданың басшылығы осы бір нәрсеге қатты мән берсе керек. Себебі, бірнеше жылдан бері Франция чемпионатын емес, басты назарда осы еуропалық додада топ жаруды аңсайтын клуб басшылығы армандарына қол созым қалғанда ақсап қалатын футболшыларының бабын табатын бапкерді іздеумен әлек. Бұл таңдаудың дұрыс-бұрыстығын, әрине, маусым соңында білетін боламыз. Ал, әзірше отандасы әрі бапкері Маурисомен ортақ тіл табыса бастаған Месси париждік команда сапындағы алғашқы голын соғып, клуб тарихына өз атын қалдыруға шындап кірісті. Бұдан бұрын матчтағы алғашқы голды жартылай қорғаушы Идрисса Гуйе соқты. Позициялық шабуылдың аяғы сенегалдықтың жойқын соққысымен аяқталып, нәтижесінде таблодағы есеп алаң иелерінің пайдасына өзгерді. Манчестерліктер қанша шабуылдаса да Доннарумма қақпасының осал тұсын таба алмады.

ПСЖ -Сити

Араға жылдар салып Чемпиондар Лигасымен сағына қауышқан «Милан» өз алаңында Испания чемпионы мадридтік «Атлетикомен» күш сынасты. Ойынның алғашқы минуттары алаң иелерінің басымдығымен өтіп жатты. Бұрыштама добынан кейінгі екінші деммен басталған шабуылды Рафаль Леау төменгі алыс бұрышқа жасаған дәл соққысымен түйіндеп, ойындағы есепті ашты.

Алаң иелері үшін бәрі жақсы өтіп жатты, тек ойынның 29-минутында келеңсіз жағдай орын алды. Италиялық команданың жартылай қорғаушысы Франк Кесси ойын ережесін бұзып, матчтағы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осы сәттен бастап Симеоне шәкірттері кең тыныспен ойнай бастады. Дегенмен, миландықтар барынша таблодағы есепті сақтап қалуға тырысты. Кездесу аяқталуға санаулы минуттар қалғанда жақында командаға қайта оралған Антуан Гризманн таразы басын теңестірді. Енді алаң иелері тең есептің өзін қанағат тұтатындай көрініп еді, алайда төреші қосқан ойынның қосымша уақытында «Милан» қақпасына пенальти белгіленіп, Луис Суарес нүктеден мүлт кетпей, «Сан-Сироға» жиналған жанкүйерлерді сан соқтырып кетті.

Милан - Атлетико

Сейсенбідегі басты сенсация «Сантьяго Бернабеуде» орын алды. Мадридтік «Реал» өз алаңында көп мамандар басқа командаларға «ұпай сыйлаушы» ретінде қараған Молдованың «Шерифінен» жеңіліп қалды. Матчтағы алғашқы голды «Шерифтің» өзбекстандық шабуылшысы Жасур Яхшибоев соқты. Алаң иелері 65-минутта Бенземаның пенальтиден соққан добының арқасында есепті теңестірді. Винисиус бастаған шабуылшылар бағыттаған соққылардың бірінен соң бірін қайтарған Георгиос Атанасиадис өд командасының қаһарманына айналды. Ал бұл матчтың тағдырын 90-минутта сол аяғымен Куртуа күзеткен қақпаның жоғарғы алыс бұрышын сол аяғымен дәл көздеген Себастьян Тилльдің жойқын соққысы шешті.

«Барселонаның» да жағдайы мәз емес. Алғашқы айналымда неміс мәшинесі «Баварияның» дөңгелегінің астында қалып есеңгіреген Куманның командасы енді «Бенфикадан» ойсырай ұтылды. Екі ойында бір гол соға алмай, қақпасына алты гол жіберген ұжымның Киевтің «Динамосын» ұта алатынына күмәнмен қарайтындардың қарасы көбейгендей. Алғашқы шабуылдарын голға айналдырған португалиялық команданың бұл матчта басымдық көрсететіндігі бірінші демнен-ақ байқалды. Дегенмен, каталондықтар ойынды бақылауда ұстады, шабуылдар ұйымдастырып бақты, алайда соңғы пас пен шешуші соққылары сәтсіз болып жатты. Ал алаң иелері өздері жасаған әр шабуылды сапалы түйіндеп, өте эффективті ойын көрсетті. Дарвин Нуньес үшінші 3-минутта және 79-минутта гол соқты, оның екінші голынан он минут бұрын Рафа Сильва да Тер Штеген торыған қақпаның торын бүлк еткізген. Осылайша, «Бенфика» футболшылары Рональд Куманның бас бапкерлік қызметінен кету ықтимылдығын едәуір жоғарылатып берді.

Криштиану Роналду келгелі жанкүйер саны бұрынғыдан да арта түскен «Олд Траффорд» стадионына Еуропа Лигасының қазіргі жеңімпаздары «Вильярреал» ат басын бұрды. Сол турнирдің ақтық сынында испандық ұжым «Манчестер Юнайтедті» тізе бүктірген болатын.

МЮ - Вильярреал

Сондықтан, бұл ойын алаң иелері үшін екі есе маңызды болды. Қонақтар таблодағы санды бірінші болып өзгертті, Пако Алькасер 53-минутта командасын алға шығарды. Ойынның 60-минутында айып добын ерекше ойнатқан Сульшер шәкірттері есепті теңестірді. Бруно Фернандештің жұмсақ пасын Алекс Теллес қақпаға тамаша бағыттады. Матчтың 89-минутында «қызыл сойқандардың» бас бапкері алаңға Джесси Лингардты шығарды. Естеріңізде болса, дәл осы ойыншы бірінші турда «Янг Бойзбен» болған ойында артқа пас берем деп қарсылас команданың шаубылшысына «голдық» пас берген болатын. Бұл жолы Лингард сол айыбын жуып-шайды: қақпа алдындағы қарбалас сәтте өкшесімен Криштиану Роналдуға голдық пас беріп, жанкүйерлердің қолдауына бөленді. Әрине, ол қошеметтің көп бөлігі португалдықтың еншісінде екені түсінікті, десе де психологиялық тұрғыда бұл пас Джесси үшін голдан да маңызды деуге болатындай.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!