ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Лучшее приложение 2024*
Fonbet KZ
Самый честный бонус
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1
Winline KZ

Гвардиоланың Манчестердегі сенімді жеңісі, «Спортингтің» сенсациясы және Тиаго тепкен тамаша туынды

Осы аптада УЕФА Чемпионда Лигасының маңызды 5-тур ойындары өтті. Плей-офф кезеңіне жаңадан жолдама алған командалар да болды. Солардың ішіндегі іліп алар қызықты кездесулерге Metaratings.kz тілшісі тоқталып өтпек.

сити-псж

«А» тобынан бастасақ, аталған айналымның орталық кездесуі Англияда өтті. Гвардиола сүйікті ойыншысы болған Мессимен қайта қауышты, екі бай және мықты клубтың текетіресі көзі қарақты көрерменге қызықты болары анық еді. Парижде өткен кездесудің Почеттиноның пайдасына шешілгенін және Гвардиоланың командасындағы да Брюйне, Грилиш сияқты шабуылға керекті шешуші ойыншыларынсыз ойнағанын ескерсек, қонақтар бұл ойында үш ұпай еншілеуге мүмкіндіктері бар сияқты көрінген.

Алайда «ПСЖ» Манчестерге сәтсіз жорық жасады. Алғашқы таймда париждіктер барлық статисткалық көрсеткіштер бойынша алаң иелерінен артта болды. Одан соң екінші таймда қақпаларына екі бірдей гол жіберді. Олар үшін бұл матчтағы ең жағымды жағдай Килиана Мбаппенің гол соққан кезде жасалған комбинация ғана. Қорғаушылардың допты айып алаңынан орталық алаңға жеткізуі нашар, командадағы қорғаныс пен шабуылдың өзара түсіністігі ойдағыдай болмады. Қорытынды есеп – 1:2 және Месси мен Неймардың ұжымы топтан бірінші орынмен шығу мүмкіндігінен айрылды.

«Сити» кездесудің көп бөлігінде қарсыласқа керемет қысым жасады: бірнеше қауіпті позициялық шабуыл жасады, «ПСЖ»-дан соққылар бойынша едәуір алда болды (16:7) және Рахим Стерлинга пен Габриэл Жезус сол шабуылдардың екеуін сәтті аяқтай білді.

Тиаго

«В» тобында әлі шиеленіс, әрине «Ливерпульдің» плей-оффқа әлдеқашан жолдама алып қойғандығын есептемегенде. Екінші жолдама туралы айтпас бұрын Клопптың нфилдтегі кезекті жеңісіне тоқталып өтейік. Топтық кезеңдегі төрт кездесудің барлығын жеңіспен аяқтаған «Ливерпульдің» бесінші бағындырған белесі «Порту» болды. Олар өзжанкүйерлерін тамаша ойынымен, ең бастысы жеңіспен (2:0) қуантты.

Бұл матчта көзге ерекше түскен Тиаго Алькантара болды. Ойынның оныншы минутында соғылған, бірақ кейін оффсайд екені белгілі болған гол кезінде ол алаң ортасынан Манеге өте сауатты голдық пас шығарған болатын. Ал ең ғаламат нәрсе екінші таймның ортасында болды: португалиялық клуб қорғаушысының басынан серпілген допты 30 метрдей жерден қақпаға тамаша бағыттаған испандық жартылай қорғаушы осы аптадағы, бәлкім ЧЛ маусымындағы үздік голдардың бірін соқты.

Бұл гол барлық жағынан әдемі болды: әрі күшке әрі шеберлікке толы және доптың ұшу бағыты да таң қаларлықтай.

Алаң иелерінің басымдығын Мохамед Салах еселеді: Хендерсонмен пас алмасқан египеттік бір қорғаушыны денесінің қимылымен сұлатып, жақын бұрышты дәл көздеді. Дегенмен матчтың үздік ойыншысы атағы Тиагоға лайық деп танылды.

Алькантара бұл голды мансабындағы ең әдемі голдардың бірі ретінде атап өтті. Сонымен қатар, жас әріптесі Тайлер Мортон жайлы айтып өтті:

«Мен командаға пайдамды тигізсем деймін. Ол үшін ритмге кіру керек және әр ойын сайын соған талпынамын. Бүгінгі ойынды жақсы өткіздік. Тайлер де керемет ойнады. Ол бүгін негізгі құрамда ойнауға әбден лайықты болды: оны жатттығуда алғаш көрген кезімде, оның кім екені маған қызық болды. Себебі, ол мықты ойнады. Маған жастармен жұмыс жасаған ұнайды – мен оларға тәжірибе беріп, олардың үлкен футболға қадамдарын нықтауларына көмектессем деймін».

«Ливерпуль» топтық кезеңнің 6 ойынында да ұту мүмкіндігіне ие – клуб тарихында мұндай жетістік бұрын болмаған екен. Ол үшін «Миланды» «Сан-Сирода» сан соқтырса жетіп жатыр.

Атлетико-Милан

Бұл топтағы екінші кездесу «Атлетико» Мадрид пен «Милан» арасында болды. Испания астанасында өткен ойын тең дәрежеде өрбіді. Дегенмен, сәттілік италиялық команда жағында болды. Матчтың 87-ші минутында Кессидің керемет пасын Облактың қақпасына тоғытқан «Миланның» жаңа ойыншысы Мессиаж командасына өте маңызды үш қпайды сыйлады. Топтан екінші орынмен кімнің шығатыны соңғы айналымда белгілі болады. «Милан» өз алаңында «Ливерпульді» қабылдаса, Симеоне баптаған жігіттер Португалияға тек жеңіс үшін бармақ.

Аллер

«С» тобындағы сенсация жайлы айтсақ, маусым басталмас бұрын көпшілік бұл топтан бірінші орынмен дортмундтық «Боруссия» шығады деп күткендігі жасырын емес. Алайда «Аякс» ә дегеннен тізгінді қолына алып, көшбасшылық рөлін ешкімге бермейтінін көрсетті. 5 матчтың бесеуін де жеңіспен аяқтап, жарқын ойынымен жанкүйерлерін қуантуда. Бұл командадан атап өтер ойыншы – Себастьян Аллер. «Бешикташпен» өткен соңғы ойында тек бір тайм ойнаса да, командасының кездесудегі екі голын да дәл осы шабуылшы соқты. Аллер 5 ойында 9 гол соғып, адуынды Роберт Левандовскиймен бірге сұрмергендер көшін бастап тұр.

Топта фаворит саналған «Боруссия» Дортмунд Еуропа Лигасында өнер көрсетеді. «С» тобындағы екінші орынды шешетін кездесуде немістер Лиссабонда «Спортингтен» 1-3 есебімен жеңіліп қалды.

Ал бұл матчта «Боруссияға» тең есеп те жетіп жатыр еді. Дегенмен бас бапкер Марко Розе ойын алдында жігіттерді шабуылға үндеді:

«Тең есеп үшін ойнау – дұрыс таңдау емес. Бұл жүзеге аспайды. Біз, әдеттегідей, тек жеңіс үшін ойнаймыз. Біздің өз жоспарымыз бар, біз қарсыласпен бұрын кездесіп, тізе бүктіргенбіз».

Боруссия-спортинг

Алайда, ойын басталмай жатып ол жоспар бұзыла бастады: дене қыздыру кезінде Рафаэл Геррейру жарақат алып қалды, оның орнына Нико Шульц шықты. Ал португалдық қорғаушы осылайша, бұрын жарақат алған Холанд, Азар, Рейна, Мукоко, Морей, Вольф секілді ойыншылардың қатарына қосылды.

Алаңға негізгі құрамда шығуды күтпеген Нико Шульц нәтижеге әсер еткен қателіктерге бой алдырды – допты дұрыс тоқтата алмады және Педру Гонсалвешке соққы жасатып қойды. «Спортингтен» шыққан талант қақпашымен бірге бір шығып мүлт кетпеді, тайм соңына қарай айып алаңының сыртынан нәтижелі соққы жасап тағы да көзге түсті. Қорғаныстағы қиындықтарға қарамастан, «Боруссия» шабуылда барын салды, тырысты, голдық мүмкіндіктер жасады. Бірақ екінші таймда немістер бірнеше келеңсіз жайттарға тап болды.

74-ші минутта Педро Порро «Боруссияның» жартылай қорғаушысы Эмре Джанның аяғынан теуіп өзі құлады. Неміс оған шыдап тұра алмай «Спортингтің» жерде жатқан ойыншысына тұра ұмтылды. Нәтижеіснде Джан алаңнан қуылып, жығылғанды тоқпақтаймын деп, онсыз да жеңіліп жатқан командасына «жығылғанға жұдырық» болды.

Мәселе мұнымен бітпеді, 81-ші минутта Паулиньо «Боруссияның» айып алаңында құлап, командасына пенальти алып берді. Қақпашы Грегор Кобель 11 метрлікте Гонсалвештің соққысын қайтарғанымен, оның қолғабынан серпілген допқа бірінші жеткен Порро португалиялықтардың матчтағы қорытынды голын соқты.

Донниэл Маленнің 93-ші минутта соққан добы «Боруссия» жанкүйерлеріне жұбаныш бола алмаса да, таблодағы көрсеткішті өзгертті.

Еурокубоктік турнирді «Бешикташ» пен «Спортингті» жеңіп сәтті бастаған «Боруссия» еңсесі «Аякспен» болған қос матчта түсті (0:4 және 1:3). Команда капитаны Марко Ройс ойыннан кейінгі сұхбатта матч жайлы ойын былай білдірді:

«Біз бүгін қарсыластан жақсы ойнадық және матчты бақылауда ұстадық. Бірақ, команда егер Чемпиондар Лигасында қатарынан үш рет жеңілсе, плей-оффқа өтуге лайық болмайтын сияқты».

Марко Розе

Ал дортмундтық ұжымның бас бапкері Розе ойыншыларға деген наразылығын ашық айтты және оларды «Бавария» футболшысымен салыстыра кетті:

«Әрине, 0:2 есебімен жеңіліп жатқанда ешкім де ойында риза болып жүрмейді. Алайда, Йозуа Киммих мұндай кезде де еш тоқтамастан жалғастыра береді, ол одан сайын ашуланып, одан ары көп жұмыс жасайды».

«Д» тобында «Реал» «Шерифтен» есе қайтарды. Ал молдовалық ұжым алғашқы айналымдардағы тамаша жетістіктерінің арқасында Еуропа Лигасында ойнауға мүмкіндік алды. «Интер» Джеко соққан екі голдың арқасында украиналық «Шахтерден» басым түсті.

Ал «Е» тобындағы жағдай да қызықты. «Барселона» ЧЛ плей-офф кезеңіне шығу үшін бабында тұрған «Баварияны» ұту керек, ал бұл қазіргі таңда одан да мықты командалардың қолынан келе бермейтін іс. Немесе Хави баптаған жігіттер «Бенфиканың» «Динамо» Киевті жеңе алмауын тілейді. Не де болса, каталондықтардың жағдайы мәз емес. Соңғы ойында «Бенфиканы» жеңе алмай, жағдайларын ушықтырған команда Еуропа Лигасына түсіп қалудың аз-ақ алдында тұр.

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!