Мбаппе қос матчтың қаһарманы атанудың аз-ақ алдында тұрды, алайда оның тәжірибелі отандасы хет-трик жасап, аз уақыт ішінде ойынның тағдырын шешіп кетті. Қызықты матчқа қатысты Metaratings.kz тілшісінің дайындаған материалын назарларыңызға ұсынамыз.

Чемпиондар Лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылған сәттен-ақ аталған екі команда арасындағы матчты әлемдегі барша футбол сүйер қауымның асыға күткені жасырын емес. Қос ұжымның да құрамы әлемнің сақа футболшыларынан жиналғандықтан, бұл жағдай заңдылық екені айтпаса да түсінікті. Бұл жерде жанкүйерлердің көкейлерінде «Месси – Неймар – Мбаппе үштігі мықты ма, корольдік клубтың мысы басым ба?» деген сұрақ тұрды.
Өздеріңіз білетіндей, алғашқы кездесу париждіктердің ойынды толық бақылауымен өтті. Килиан Мбаппе матчтың соңғы секундтарына дейін қонақтар қорғанысын бұзып-жаруға талпыныс жасай берді. Ол әрекеті ақыры голмен аяқталып, ПСЖ Испания астанасына минималды басымдықпен барған болатын.

Екінші тайм да ойынның алғашқы бөлігі секілді тең жағдайда басталды. Екі матч қорытындысы бойынша Мбаппенің үздік ойыншы атанатындығына ешкім күмән келтімеді. Дегенмен, «маған да назар салсын» дегендей Джанлуиджи Доннарумма Бенземаны алдап өткісі келгендей сыңай танытты. Командаласынан пас алған соң Каримнің өзіне жақындағанын күтіп, асықпай оң аяғына допты ыңғайлап берген пасы Винисиус Джуниорға дәл жетті. Бразилиялық шабуылшы допты Бенземаның аяғына салып беріп, матчтағы есеп теңесті.
Ыңғайсыз голдан есеңгіреген ПСЖ ойыншыларын алаң иелері одан ары тықсырта түсіп, шабуылды шабуылға жалғады. Ойынның 76-минутында қартаймайтын Лука Модрич айып алаңының ішінде тұрған Бенземаға қорғаушылардың арасынан өткізе тамаша пас беріп, командаласының дубль жасауына септігін тигізді. Бұл гол екі себеппен өте маңызды еді: біріншіден, қос матч қорытындысы бойынша есеп теңесті, екіншіден команда психлогиялық басымдыққа ие болды.

Соның көрінісі ретінде мадридтіктердің үшінші голын айтсақ болады. Алаң ортасынан допты ойынға қосқан сәттен-ақ париждіктер қателік жіберді. Допты қарсыласынан тартып алған Модрич ойынға тыңнан қосылған Родригоға берді. Отандасының аяғындағы допты Маркиньос айып алаңынан шығарып жіберуге тырысқан, алайда ол дәл Бенземаның алдына топ ете қалып, қанның дәмін сезген қасықырдай болған тәжірибелі француз шабуылшысы хет-трик авторы атанып, ойынның үздік ойыншысы болуға кім лайық екендігін көрсетті.
Осылайша, мадридтік ұжымның шабуылшысы командасын Чемпиондар лигасының ширек финалына шығарып қана қоймай, осы турнирде хет-трик жасаған ең кәрі футболшы ретінде тарихта қалды. Бүған дейін бұл рекорд «Милан» тоғыздығы Оливье Жируға тиесілі болған.
ПСЖ бас бапкері Маурисио Почеттино командасының жеңілуіне төрешілердің шешімі себеп болғанын алға тартты:
— Бірінші гол кезінде Доннаруммаға қарсы ойын ережесі бұзылғандығын VAR арқылы неге қарамағандығы түсініксіз? Меніңше, Бензема сол сәтте ойын ережесін бұзды. Екі кездесуде де біз мықты команда болдық. Иә, сәл есеңгіреп, шашылып қалдық. Мұның себебін білмедім. Әрине, біз өте нашар жағдайдамыз. Бұл қиын сәтті барлығымыз теірек ұмытуымыз керек.
Ал мадридтік «Реалдың» бас бапкері Карло Анчелотти матч соңындағы сұхбатында Бенземаның көшбасшылығын тілге тиек етті:
— Бірінші гол матчтағы шешуші фактор болды. Ол ойынның өту жылдамдығына, жанкүйерлердің жандануына әсер етті. Соғылған голдан соң біз ойынды бақылауға алдық, допты тартып алу жеңілдеді. ПСЖ – керемет ұжым, олар тамаша ойнады. Алайда, әр ойында ойын сценариі өзгеретір сәт болады. Бұл жолы ол біздің бірінші голымыз болды. Бензема – командамыздың ғаламат көшбасшысы, нағыз шабуылшы. Каримнің өз ісіне деген жауапкершілігіне дән ризамын.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Мессидің «Бернабеуге» қайта оралуы еді. Аргентиналық шабуылшы «Реал» қақпасына соңғы рет 2018 жылы гол соққан. 4 жылда корольдік клубқа қарсы осымен тоғызыншы ойынында Лео голмен де, нәтижелі паспен де көзге түсе алмай келеді. Месси «Реалға» қарсы өткен жалпы саны 47 ойында 26 гол соғып, әріптестерін 14 рет голдық паспен қамтамасыз еткен.
Marca басылымының мәліметінше, матчтан кейін «Пари Сен-Жермен» президенті Нассер Аль-Хелаифи төрешілер бөлмесіне беттеген. Ол ойын аяқталған сәтте «Сантьяго Бернабеудің» жанкүйерлер отыратын орнының астыңғы қабатына бағыт алған. Аль-Хелаифи жолай кездескеннің бәріне қол көтеріп, жансыз заттарды да қирата берген. Оның бар ойлағаны арбитрлерден бірінші гол кірерден бұрын Доннарумма мен Бензема арасындағы болмашы қақтығыстың шешімін сұрау болған. Алайда, ол төрешілер бөлмесіне емес, «Реалдың» делегаты Карлос Давил отырған бөлмеге кіріп кеткен. Ақыры оны бірнеше адам аталған жерден алып шыққан.
Сонымен, Чемпиондар Лигасының ширек финалына шыққан төрт команда белгілі. Олар «Реал», «Бавария», «Манчестер Сити» және «Ливерпуль». Алдағы апталарда қалған ұжымдардың қайсысы бұл қатарға қосылатынын бірге анықтайтын боамыз.