Премьер-лигасының 13-турында чемпионаттың орталық кездесулерінің бірі өтті. «Челси» мен «Манчестер Юнайтед» «Стэмфорд Бриджта» кім мықтыны анықтады. Ішкі чемпионатта 4 жылдан бері «қызыл сойқандарды» жеңе алмай келе жатқан лондондық команда осы олқылықтың орнын толтырмаққа барынша бекінген болатын. Матчтың қалай өрбігені жайында Metaratings.kz тілшісі осы материалда толығырақ тоқталатын болады.

Алдымен қос бапкердің алаңға шығарған құрамдарына назар салсақ, көзге көрінген өзгеріс – Роналдудың қосалқы құрамда қалуы. Майкл Кэррик мұны былайша түіндірді:
«Жағдайға жаңаша көзқарас енгізу мақсатында бірнеше өзгерістер жасадық. Криштиану Роналду — қосалқы құрамда ерекшеленетін есім. Криштианумен жақсылап отырып сөйлестік, бәрі жақсы»
Ал «ақсүйектер» сапында қорғаныстың сол қапталында Бэн Чилуэлдің орнына Маркос Алонсо алаңға шықты. Оның себебі, ағылшындық футболшы жарақат алып қалған. Алонсо АПЛ-да 6-шы турдан бері негізгі құрамда ойнамаған. Томас Тухель қорғаныстың оң қапталын жас дарын Чалобаға сеніп тапсырды және жарақатына байланысты қатардан шығып қалған Нголо Кантенің орнына соңғы кездесулерде өзін жақсы көрсетіп жүрген Лофтус-Чикті қойды.

Турнирлік кестенің алғашқы сатысында тұрған алаң иелері ойынды өте сенімді бастап, уақыт өткен сайын қарқындарын үдете түсті. Ал 10-шы орында тұрған қонақтар ойынның алғашқы таймын тек қорғаныспен өткізді. Кездесудегі алғашқы қауіпті сәт 3-ші минутта-ақ орын алды: Тиаго Сильваның өз жарты алаңынан әуелете асырған пасын Маркос Алонсо «МЮ» қорғаушыларының ортасынан Ходсон-Одоидың аяғына салып берді, ал ағылшын шабуылшысының алыс бұрышқа тепкен добын Давид Де Хеа аяғымен сәтті қайтарды. Одан кейін де «Челси» ойыншылары испандық қақпашыға еш тыныштық бермеді, матчтың алғашқы жарты сағаты аяқталар тұста Антонио Рюдигердің алыстан бағыттаған жойқын соққысы алдымен қақпашының қолғабына, одан соң қақпа маңдайшасына тиіп, жанкүйерлерді тағы бір серпілтті.
Тухельдің команда тізгінін ұстаған кезінен бері «көктердің» орталық қорғаушылары, оның ішінде Рюдигердің шабуылға белсене араласатынын байқаймыз. Бұл құбылыс чемпиондвр Лигасының соңғы ойындарында, әсіресе, көзге анық көрінеді. Олардың прессинг кезінде көмекке келуі және шабуылды өрбітудегі бастапқы пастарында Тухелдің қолтаңбасы білінеді.
Сонымен, «МЮ» қақпасына 10 соққы бағыттап, бес мәрте бұрыштамадан бақтарын сынаған алаң иелері бірінші таймды голсыз аяқтады. Үзілістен кейін де осы жағдай жалғасты, кезекті стандартты жағдайдан кейін Фернандеш допты өз айып алаңынан қатты теуіп жіберген. Ол доп алаң ортасында қорғаушыларын сақтандырып тұрған Жоржиньоның аяғына келіп түскенде допты өзінен сәл алыстата тоқтатқан италиялықтың алдын бар жылдамдықпен алға ұмтылған Джейдон Санчо орап кетті. Мендидің қақпасына сол пәрменмен жүгірген күйде өзімен қатар жүйткіген Рэшфордқа бір қарап қойып, «Челси» қақпасының жақын бұрышына допты енгізе салды. Осылайша, ойын сценарийі ешкім күтпеген жерден өзгеріп сала берді.

Тухель ойыннан соң бұл жайтты былайша бағалады:
«Бұл бір өзгеше қателік болды. Жоржиньо жағдайды дұрыс бағамдай алмады. Ол аталған сәтте допқа жөнді икемделе алмады – жарық прожекторлары салдарынан допты анық көрмеді»
Сульшер кеткелі 2 ойында 2 гол соққан Санчо 64-минутта өз орнын Криштиану Роналдуға босатты. Дегенмен, қонақтар сапындағы ең жұлдызды ойыншы бұл матчта өзіне және Тухельге сары қағаз жаздырғаннан басқа түк бітіре алмады.
Соғылған голдан соң қонақтар сәл сенімдірек ойнап, допты бақылауында ұстағысы келді. Алайда алаң иелерінің қысымына шыдамай, көп жағдайда допты алға асыра берді, нәтижесінде Тухель шәкірттері ойынды бірінші нөмірмен жалғастыра берді. Матчтың 67-ші минутында «Челсидің» 12-ші бұрыштама добы нәтижелі болды, әрине тікелей гол соғылмаса да. Осы жағдайда допты айып алаңынан алыстатқысы келген Ван-Биссака доппен бірге Тиаго Сильваның аяғын теуіп, өз қақпасына пенальти әкелді, осы сәтке дейін кездесудің анти-қаһарманы болған команда капитаны Жоржиньо нүктеден мүлт кетпей, абыройын сәл де болса қайтарғандай болды.

Гол соғып, есепті теңестіргеннен кейін алаң қожайындары енді үш ұпайды еншілеу үшін аянып қалмады. «Челсиге» қарсы бұған дейін 72 сэйв жасаған Де Хеаның қақпасын торуылдай берді. Тимо Вернер, Рис Джеймс бағыттаған соққылар бірде қақпадан қиыс кетсе, енді бірде қорғаушылардың аяғынан кейін серпіліп жатты. Ойынның төреші қосқан қосымша минуттарының соңғы сәтінде Рюдигерде тамаша мүмкіндік болған, алайда әріптесінің әуелетіп берген пасын орталық қорғаушы ырқына бағындыра алмай қақпадан әлдеқайда биік теуіп, жергілікті жанкүйерлердің еңсесін төмендетті.
«Челсидің» бас бапкері Томас Тухель АПЛ аясында «Манчестер Юнайтедпен» болған матчты (1:1) былай қорытындылады:
«Футболда мұндайлар болады. Өкінішке орай, «Челсиде» ол екі рет қайталанды, «Бернлимен» ойында да осылай болған. Ойынға дән ризамын. Алғашқы минуттан бастап бірінші нөмірмен ойнадық, агрессивті ойнадық және шабуылды еш бәсеңдетпедік. Өкінішке орай, біз екі голды да өзіміз соқтық, екі командаға бір-бірден. Рюдигерде жақсы мүмкіндік болды, егер ол оны қолданғанда, тамаша ойынның тамаша нүктесі болар еді. Бірақ бізге бұл нәтижені ұмыту керек. Біз керемет ойнадық, сол үшін мен бақыттымын. Біз өте ұқыпты және қырағы болдық. Мен мұны көріп алағ жиегінде рахат алдым. Біз нәтижеге толықтай жауап бере алмаспыз, бірақ бүгінгідей ойнасақ, жақсы нәтижеге мүмкіндігімізді арттыра түсеріміз анық»

«Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері қызметін атқарушы Майкл Кэррик 13-турдағы өткен қызықты ойынды өзгеше бағамдады:
«Шынымды айтсам, мен риза емеспін. Жеңіп жатып, жеңісті уыстан шығарып алған матчқа ешқашан көңілің толмайды ғой. Бұл аптаны жақсы өткізген футболшыларыма дән ризамын. Біз қиын жағдайда екенімізге қарамастан, жақсы нәтижеге барынша тырыстық. Дегенмен, ащы дәм бәрібір білінеді. Біз мұнда жеңіс үшін келгенбіз. Сондықтан, өтірік айтпайын, менде сәл реніш сезімі бар. Менің ойымша, бас төреші біздің қақпамызға пенальти белгілемеуі керек еді. «Челси» қақпаға көп соққы бағыттады, Де Хеа бізді екі рет құтқарды – матч алдында біз осыны күттік те. Қалған кезеңдерде біз еш жайсыздықты сезінбедік. Әрине, біз бұдан жақсы ойын көрсеткіміз келеді-ақ. Дегенмен, біз жақсы қорғандық, жігіттерге тағар еш айып жоқ. Бұл алаңнан жеңіске сәл жетпей қалу себебінен көңілсіз болып қайту – жақсы ырым»
Осылайша, Жоржиньоның атындағы тең ойын «Челсиді» өзінен кейін келе жатөан «Манчестер Ситилен» тек бір ұпайға алшақтатып тұр. Олардан екі ұпай аз жинаған «Ливерпуль» әзірге үшінші сатыда келеді. АПЛ-дің чемпиондыққа таласы, әдеттегідей, қызық бола түспек.










