ӘЧ-2022 барлық стадиондары: тақия мен шатыр іспеттес, тіпті тек контейнерден салынғаны бар

Катар қатарындағылардан оза шауып, ғаламат Әлем чемпионатын ұйымдастырмақшы. Ағымдағы жылдың 21 қарашасында алғашқы ойынның да ысқырығы шалынады. Осы орайда Meta-ratings.kz тілшісі мундиаль өтетін сегіз стадионмен таныстыруды жөн көрді.

«Әл-Байт шатыры» (Әл-Хор)

Қашан ашылды: 2020 жылы

Сыйымдылығы: 60 000 жанкүйер (Әлем чемпионатынан кейін 32 мың болады)

Катардың өткені мен бүгінін ұштастыратын ерекше стадион. Дохадан 36 шақырым жердегі Әл-Хор қаласында орналасқан. Суреттен байқағандарыңыздай, ежелгі көшпелі халықтардың шатырына ұқсайды. Сыртқы дизайны мен іші де соған ұқсатылып жасалған. Катардың тұсаукесер ойыны осында өтетін болғандықтан келген қонақтар елдің тарихымен сусындау үшін Альберт есімді неміс архитекторы стадионды осылай салғызуды ұйғарған.

Жоғарыда атап өткендей, стадион бір мезетте құшағына 60 000 адам сыйғыза алады. Бірақ Әлем чемпионаты мәресіне жеткеннен кейін трибунаның жоғарғы бөлігі алынып, материалдары футболы дамушы елдерге көмек ретінде жіберіледі. 

Сонымен қатар стадионға 1000 БАҚ өкілі, 400 автобус һәм 1000 көлік еркін сыяды. Сондай-ақ жанкүйерлерге қатынау жеңіл болу мақсатында алаң Doha метросымен тікелей байланысқан. Ол аз десеңіз стадионның ішінде 96 көздің жауын алатын люкс бөлмелер бар. Ешқайда шықпай, төсектен тұра сала жасыл алаңға көз тіксеңіз болады.

«Әл-Байт» турнирдің маңыздылығы бойынша екінші стадионы болмақ. Мұнда топтық кезеңінің Катар – Эквадор, Марокко – Хорватия, Англия – АҚШ, Испания – Германия, Нидерланд – Катар, Коста-Рика – Германия матчтарымен қатар 1/8 финалдың (В1-А2), 1/4 финалдың (В1/А2-D1/C2) және жартылай финалдың бір-бір ойындары өтеді.

«Лусаил Стэдиум» (Лусаил)

Қашан ашылды: 2021 жылы

Сыйымдылығы: 80 000 (ӘЧ-ден кейін – 20 000)

Стадион Дохадан 20 шақырым жердегі арнайы Әлем чемпионаты үшін салынған Лусаил қаласында орналасқан. Бұл арена да тарихи құндылықтарға негізделген. Алтын шыны ыдыс іспеттес стадионның безендірілуі Араб және Ислам елдерінен табылған жәдігерлермен қанаттанған. 

Бұл стадион да мундиальдан кейін толықтай футболи арена болудан қалады. Сыйымдылық 80 мыңнан 20 мыңға дейін құлдырап, материалдары соған мұқтаж елдерге жіберіліп, бос орындар мектеп, дүкен, кафе, спорт комплекс және емханаға айналады.

«Лусаил» ресми түрде 2021 жылдың 22 қарашасында қолданысқа берілді. Бірақ алғашқы ойын тек ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтіп, «Әл Хилаль» (Сауд Арабиясы) «Замалекті» (Египет) жеңді (1:1, 4:1 пен.).

Мұнда топтық кезеңнің Аргентина – Сауд Арабиясы, Бразилия – Сербия, Аргентина – Мексика, Португалия – Уругвай, Сауд Арабиясы – Мексика, Камерун – Бразилия матчтары және 1/8 финалдың (Н1-G2), 1/4 финалдың (А1/В2-С1/D2), жартылай финалдың ойындары һәм финалдық кездесу өтеді.

«Ахмед Бин Әли Стэдиум» (Әл-Райян)

Қашан ашылды: 2020 жылы

Сыйымдылығы: 40 000 (ӘЧ-ден кейін 20 мың шамасында болады)

1960-1972 жылдар аралығында Катардың басшысы болған Ахмед бин Әли Әл Танидің құрметіне аталған стадион Дохадан 22 шақырым жердегі Әл-Райян қаласында орналасқан. Бұл арена да Катар мәдениетінен сыр шертеді. Жарқыраған фасады мен геометриялық формасы елдің тарихы, отбасының маңыздылығы, флора мен фауна және шөл даланың әсемдігіне негізделген. Ал ішкі интерьері жергілікті клуб «Әл-Раянның» құрметіне қызыл-қара түстерге боялған. Дәл осы командада Хамес Родригес өнер көрсеткен еді. Қазір грекиялық «Олимпиакостың» намысын қорғайды.

Барлық стадиондардағы секілді бұның да додадан кейін сыйымдылығы азаяды. Қалған материалдар өзге елдерге көмек ретінде жіберіліп, стадион елдің ең танымал клубтарының бірі «Әл-Раянның» иелігіне көшеді.

Мұнда топтық кезеңнің АҚШ – Уэльс, Бельгия – Канада, Уэльс – Иран, Жапония – Коста-Рика, Уэльс – Англия, Бельгия – Хорватия матчтары және 1/8 финалдың (С1–D2) бір кездесуі өтеді.

«Әл-Жануб» (Әл-Вакр)

Қашан ашылды: 2019 жылы

Сыйымдылығы: 40 000 (ӘЧ-ден кейін екі есеге қысқарады деп жоспарлануда)

Стадион Парсы шығанағының жанындағы Әл-Вакр қаласында орналасқан. Арена жергілікті мәдениеттен алыстамады. Бұл ауданда балықшылар көп болғандықтан стадионның сыртқы дизайны дәстүрлі доу қайығының желкеніне ұқсас жасалған. Белгілі архитектор Заха Хадидтің туындысы. «Әл-Джануб» арнайы Әлем чемпионаты үшін нөлден бастап салынған Катардағы алғашқы стадион болып табылады.

Аталған аренаның да әлемнің басты турнирінен кейін сыйымдылығы азаяды. Артылған материалдар мұқтаж елдерге жөнелтіліп, маңайына мектеп, мейрамхана, сауда үйлері және жаттығу залдары салынады.

Мұнда топтық кезеңнің Франция – Аустралия, Швейцария – Камерун, Тунис – Аустралия, Камерун – Сербия, Аустралия – Дания, Гана – Уругвай матчтары және 1/8 финалдың (Е1-F2) бір ойыны өтеді.

«Әл-Тумама» (Доха)

Қашан ашылды: 2020 жылы

Сыйымдылығы: 40 000 (ӘЧ-ден кейін – 20 000)

Ел астанасында орналасқан стадионның жобасын катарлық архитектор Ибрагим Джайда жасаған. Ол катарлық және барша мұсылман елдерінің ерлері басына киетін тақиядан шабыт алған. Ал стадионға осы ауданда өсетін ағаштың атауы берілген. 

Бұл стадионның да жоғарғы трибуналары Әлем чемпионатынан кейін алынып, футболи дамуға мұқтаж елдерге беріледі. Ал маңайына спорттық клиника мен 60 орындық қонақүй салынады.

«Әл-Тумамадағы» алғашқы ойын 2021 жылдың қазан айында Катар эмирінің Кубогінің аясында өтті. Финалдық кездесуде Хави баптаған «Әл-Садд» «Әл-Рийядты» пенальтилер сериясында тізе бүктірді. 

Мұнда топтық кезеңнің Сенегал – Нидерланд, Испания – Коста-Рика, Катар – Сенегал, Бельгия – Марокко, Иран – АҚШ, Канада – Марокко матчтары және 1/8 финал (D1-C2) мен 1/4 финалдың (F1/E2-H1/G2) бір-бір ойындары өтеді.

«Эдьюкейшн Сити» (Әл-Райян)

Қашан ашылды: 2020 жылы

Сыйымдылығы: 40 000 (ӘЧ-ден кейін – 20 000)

Атауынан байқағандарыңыздай, стадион Катардың білім ордасы Әл-Райян қаласында орналасқан. Мұнда бірнеше университет пен Катардың білім және ғылым қорының штаб-пәтері бар. Арена 2020 жылы «Бавария» топ жарған клубтық Әлем чемпионатының ойындарын қабылдады. 

Стадион көпшіліктен «Шөл даладағы алмаз» деген де атау алды. Өйткені дизайны бриллианттағыдай күрделі геометриялық үшбұрыш сызықтарға құрылған. 

Мундиальдан кейін алаңның сыйымдылығы екі есеге азайып, материалдар спорттық дамуға мұқтаж елдерге беріледі. Сонымен қатар жергілікті стундеттер салауатты өмір салтымен айналыса алу үшін жүзу және жеңіл атлетика кешендері салынады.

«Эдьюкейшн Ситиде» топтық кезеңнің Дания – Тунис, Уругвай – Оңтүстік Корея, Польша – Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея – Гана, Тунис – Франция, Оңтүстік Корея – Португалия матчтары және 1/8 финал (F1-E2) мен 1/4 финалдың (E1/F2-G1/H2) бір-бір ойындары өтеді.

«Халифа Интернейшнл» (Доха)

Қашан ашылды: 1976 жылы (2017 жылы күрделі қайта жөндеуден өтті)

Сыйымдылығы: 40 000

Катардағы көне стадиондардың бірі. 1976 жылы салынып, 2017 жылдың мамыр айында 2014 жылы басталған реконструкция аяқталып, Катар эмирінің Кубогінің финалымен ашылды. Ойында құрамында Хави бар «Әл-Садд» «Әл-Райянды» жеңді. Сонымен қатар 2019 жылы клубтар арасындағы Әлем чемпионатының шешуші кездесуі өтіп, «Ливерпульдің» асығы алшысынан түскен.

Катардағы Әлем чемпионатына ең алғашқы дайын болған стадионда топтық кезеңнің Англия – Иран, Германия – Жапония, Нидерланд – Эквадор, Хорватия – Канада, Эквадор – Сенегал, Жапония – Испания матчтары және 1/8 финал мен (А1-В2) үшінші орын үшін талас ойыны өтеді.

«Стадион 974» (Доха)

Қашан ашылды: 2021 жылы

Сыйымдылығы: 40 000 (ӘЧ-ден кейін толықтай бұзылады)

Сегіз аренаның ішіндегі ең ерекшісі – «Стадион 974». Өйткені бұл толықтай жүк контейнерлерінен салынған әлемдегі алғашқы стадион. 974 – Катардың халықаралық телефон коды және стадионды салуға кеткен контейрерлердің саны. 

Контейнерлердің ішіне дүкендер, дәретханалар және тағы да басқа қажетті дүниелер орналасады.

Осыған дейінгі стадиондардың сыйымдылығы екі есеге азайып отырса, «Рас-Абу-Абуд» деген екінші атауы бар арена толықтай бұзылып, материалдары соны қажет ететін елдерге жөнелтіледі. Тағы бір дерек бойынша, арена Уругвайға көшіріліп, 2030 жылғы Әлем чемпионатын қабылдайды. Әрине, егер Уругвай мундиаль өткізу құқығына ие болса.

«Стадион 974-тегі» алғашқы ойын Араб елдерінің Кубогі аясындағы БАӘ мен Сирия арасындағы матч болды. 

Мұнда топтық кезеңнің Мексика – Польша, Португалия – Гана, Франция – Дания, Бразилия – Швейцария, Польша – Аргентина, Сербия – Швейцария матчтары мен 1/8 финалдың (G1-H2) бір ойыны өтеді.

Катардың жаздағы адам жандыратын ыстығынан қашып, қысқы уақытқа қойғанмен де, ауа-райының салқындығы жетпеуі мүмкін. Сонымен қатар Катар Жұлдыздар лигасының кез келген кездесуін емін-еркін өткізу үшін барлық стадиондар арнайы салқындату жүйесімен жабдықталған.

Шетелдік дереккөздерге сенсек, Катар Әлем чемпионатына дайындалу үшін 200 миллиард доллардай қаражат жұмсапты.

Естеріңізге сала кетсек, төрткүл дүние көз тігетін турнир 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді. Соңғы Ресейде өткен Әлем чемпионатында Францияның оза шапқанын да ұмытпағайсыздар.

Фото: gettyimages

Комментарии
Нет комментариев. Будьте первым!
Матч-центр
18:00
Футбол
Чемпионат мира ФИФА
Нидерланды
-:-
Катар
Нидерланды — Катар
18:00
Футбол
Чемпионат мира ФИФА
Эквадор
-:-
Сенегал
Эквадор — Сенегал
22:00
Футбол
Чемпионат мира ФИФА
Иран
-:-
США
Иран — США
22:00
Футбол
Чемпионат мира ФИФА
Уэльс
-:-
Англия
Уэльс — Англия
15:00
Футбол
Клубные товарищеские матчи
Куинз Парк Рейнджерс
-:-
Ливингстон
Куинз Парк Рейнджерс — Ливингстон
19:00
Футбол
Клубные товарищеские матчи
Бешикташ
-:-
Истанбулспор
Бешикташ — Истанбулспор
20:00
Футбол
Клубные товарищеские матчи
ФК Железничар
-:-
Коньяспор
ФК Железничар — Коньяспор

Статьи по теме

На данном сайте используются файлы cookie
Это обеспечивает клиентам персонализированный доступ и повышает результативность от посещения ресурса, позволяя нам наиболее эффективно оказывать услуги. Пользуясь веб-сайтом и принимаяусловия настоящей политики, вы даете согласие на использование файлов cookie в соответствии с условиями настоящей политики.