ВЫБОР ПОЛЬЗОВАТЕЛЕЙ
Olimpbet KZ
Букмекер №1 в Казахстане
1xBet KZ
Winline KZ
PIN-UP KZ
Parimatch KZ
Онлайн-букмекер №1

Қазақстан құрамасы үшін 2021 жыл қалай өтті? Ермұхамед Мәуленнің сараптамасы

1 комментарий

2021 жыл аяқталуға жақын, ал ұлттық құрамамыз үшін биылғы футбол маусымы аяқталды. Ендеше бұл жыл Қазақстан құрамасы үшін қалай өтті. Сараптап көрейік.

Қазақстан құрамасы

2021 жылдың ақпан айында Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде 122 орында тұрды. Ұлттар лигасындағы сүреңсіз ойындардан кейін құрамамыздың жай-күйі нашар болатын. Литва, Белорусь құрамаларымен ұпай бөлісіп, өз алаңымызда жеңіліп қалып жаттық. Алматыдағы ойындар қалың көрерменнің есінде. Михал Билек сол себепті қызметтен кетіп, орнына Талғат Байсуфинов тағайындалды. Жеребе тартылып, Әлем чемпионатының іріктеу тобы құрылды. Онда Қазақстан құрамасына Франция, Украина, Финляндия, Босния секілді командалар түсті. Негізі бізге жеребеде 6 командалық топ дұрыс болатын. Сонда сәл де болса осалдау ұжымдар: Сан-Марино, Гибралтар, Андорра секілді командалар қарсылас болатын еді. Бірақ, 5 командалық топқа түсіп, өте мықты командалар қарсылас атанды. Франция Әлем чемпионы, Украина мен Финляндия ЕУРО 2020 додасына қатысып келді, ал Боснияның ойыншылары Еуропаның үздік клубтарында ойнайтынын жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл жерде Литва мен Белорусь құрамаларымен салыстыру жүргізу мүмкін емес.

Қазақстан – Франция

Алғашқы матч өз алаңымызда өтті. Адуынды Франциядан 2 гол жіберіп алдық. Алайда, бұл матч қазақ жанкүйерлерінің есінде қалды. Қазақстан құрамасы шабуылдап, стандартты ситуацияларды Льорис қақпасына қауіп төндірді. Ал Александр Мокин Мбаппенің пенальтиін тосып, әлеуметтік желіде қолданушылардың сүйіспеншілігіне бөленді. Ал одан кейінгі екінші ойын Киевте өтті. Украина құрамасына қарсы матчта Серікжан Мұжықов гол салып, есеп 1:1 болып аяқталды. Тіпті, сол ойынның соңында Қазақстан құрамасында жеңіске жететін тамаша мүмкіндік болды. Дегенімен, Украинаға қарсы матчта, сырт алаңда 1 ұпай олжалау да оңай емес. Одан кейін қыркүйек айының басында Украинаны өз алаңымызда қабылдап тағы да 2:2 тең түстік. Бұл матчтың өзі де, нәтижесі де көрермен көңілінен шықты. Соңғы минутта таразы басын теңестіріп, мінез көрсеткен құрамамыз жанкүйер көзайымына айналды. Қоржынымызға тағы бір маңызды ұпай түсті. Бұрындары Қазақстан құрамасы Украинадан үнемі жеңіліп жүрген еді, енді міне екі матчта да Украинамен терезесі тең ойнадық. Финляндиямен болған сырттағы матчта есеп 0:0 болып аяқталуы тиіс еді. Матчтың соңында баспен салынған жалғыз гол Финляндяны шаттықа бөледі. Қазақстан құрамасының қақпасынан саңлау тауып, 3 ұпай алған Финляндиялықтар қатты қуанды. Ал Босниядағы матчта Қазақстан қайтадан мінез көрсетті. Исламбек Қуат гол салып, Қазақстан сырт алаңдағы ойында алға шықты. Босния бар күшін салып, қыспаққа алды. Миралем Пьянич пен Эдин Джеко бастаған Босния және Герцеговина 2:1 алға шығып, жеңісті тойлата бастады. Бірақ, 95 минутта Бақтиер Зайнутдинов айып добынан есепті 2:2 қылып тастады. Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда мінез көрсететін команда екен деген ой қалыптасты.

Босния – Қазақстан

Бірақ, қазан айында Қазақстан құрамасына көз тиді. Өз алаңымыздағы 2 матчта Боснияға да, Финляндияға да жеңіліп қалдық. Түрлі жарақаттар командаға қатты әсер етті. Руслан Валиулиннің допингі, «Тобыл» футболшылары Тағыберген мен Мұжықов жарақат алды, ал Александр Марочкин тура осы ойындардың алдында коронавирус жұқтырып алды. Ал соңғы матч Францияға қарсы өтіп, онда біздің команда екінші құраммен шықты десек те болады. Тәжікстанмен жолдастық матчқа тың дайындықпен шығу үшін Тағыберген, Малый, Дарабаев секілді ойыншылар елордада қалды. Франция құрамасы қақпамызға 8 гол салды. Бұл жеңіліс командаға қатты ауыр тиді. Соның салдарынан Тәжікстанға қарсы ойынға рухтары сынып шықты. Дегенімен, Зайнутдинов Бақтиердің жалғыз голы жеңіс үшін жеткілікті болды. Ал қараша айындағы ФИФА рейтингісі бойынша біз қараша айында 119 орында болдық. Бір жылдың ішінде 3 саты болса да жоғары өрлеппіз. Қазақстандық бапкер Талғат Байсуфинов дәл қазір ұлттық құрама үшін лайықты бапкер екені байқалды. Біз шешетін мақсаттар мен мүдделерге сай келеді. Кілең өз себеттерінде мықты саналған командалармен ойнап 3 ұпай еншіледі. 8 матчтың кем дегенде төртеуінде Қазақстан құрамасы жанкүйер ұялмайтындай ойнап шықты. Бауыржан Исламхан мен Руслан Валиулиннің допинг мәселесі, Зайнутдинов, Мұжықов, Тағыберген, Жуков секілді ойыншылардың жарақаты болмағанда бәлкім нәтижеміз одан да жоғары болар ма еді? Олар жоқта құрамаға жаңа есімдер тартылды. Бұрын-соңды құрамада ойнамаған 17 футболшы пайда болды. Мысалы, жанкүйерлер Мақсат Тәйкенов, Ескендір Қыбырай, Бауыржан Байтана, Артур Шушеначев, Еркін Тапалов, Сұлтанбек Астанаов, Әлібек Қасым секілді жастардың ойынын көріп, олардың болашағы бар екенін байқады. Жас таланттарға мүмкіндік беріп құрамаға шақыртылған ойыншылардың барлығы алаңға шықты.

Қазақстан құрамасы

Енді Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы жарысының өтпелі матчын өткізеді. 2022 жылдың 24 наурыз күні сырт алаңда Молдовамен кездесеміз, ал қарымта кездесу 29 наурыз күні «Астана Аренада» өтеді. Қос матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жетсек, С лигасындағы орнымызды сақтап қаламыз.

Фото: ҚФФ

Комментарии (1)
  • Nurbol Kabilbekov
    2 года назад

    Ұлттық Құрамада прогресс бар, бірақ әліде зерттеп, көп еңбектену керек Құрамаға жаңа ойыншылар керек 5-қорғаушымен емес 4 қорғаушымен ойнау керек, техникасы жаксы форвардтар керек. 1минуттан бастап 90шы минутқа дейін концентрацияны сақтап үйрену керек, босансып калмай. Сондықтан біз соңғы минуттарда гол жіберіп аламамыз. Айтпағым осы!!!
    Құрамаға биылғы ойынана үлкен рахмет!!!

    0
Девушки в спорте